Айдан су табылды
Ғалымдар Айдың бетінде мұз түріндегі су бар екенінің нақты дәлелі бар екенін жария етті. Мұз айдың екі полюсінен де — солтүстік және оңтүстік полюстерінен табылды және оның жатқанына миллиондаған жылдар болған.
Бұл жаңалық Айды 2008 және 2009 жылдары зерттеген Үндістанның «Чандраян-1» серігінің көмегімен ашылды. Зерттеу нәтижелері туралы мақала Proceedings of the National Academy of Sciences (PNAS) журналына жарияланды.
Ғалымдардың айтуынша, мұз айдың бетінде біркелкі және біртұтас болып емес, шағын участоктерде шашылып жатыр.
Себебі, мұз Ай кратерлерінің ешқашан күн сәулесі түспейтін жерлерінде. Ай 1,54 градус еңкіш болғандықтан оның бетінде Күн түспейтін бөліктер бар.
«Чандраян-1» жер серігіне орнатылған арнайы су іздеу үшін жасалған Moon Mineralogy Mapper (M3) аппараты суды мұзға шағылысқан сәуле және молекулалардың инфрақызыл сәулені сіңіруіне қарап табады. Ол су, бу және мұзды ажырата біледі.
Ай бетіндегі температура күндіз Цельсий бойынша 100 градусқа дейін көтеріледі, бұл мұздың сақталуына қолайлы жағдай емес. Алайда, ғалымдардың пайымдауы бойынша, Ай кратерлерінің күн түспейтін жерлерінде температура аса төмен күйінде қалады, дәлірек айтсақ -157C градустан көтерілмейді. Бұл мұздың ұзақ уақыт ерімей жатуына жағдай жасайды.
Соңғы жаңалық Айдың оңтүстік полюсінде су бар екендігі туралы бұған дейінгі жорамалдарды растап отыр.
Астрономдар Ай бетінде су бар екені туралы бұған дейін бірнеше мәрте хабарлаған болатын. 2009 жылы ғалымдар Айдың бетіне зымыран-тасығышты соғып, көтерілген шаңнан мұз бен су буының белгісін тапты. Осының нәтижесінде Ай бетінде асты суға толы оазистер бар деген пікір айтылды.
Егер Ай бетінен әжептәуір көлемде мұз табылса, тіпті оның қалыңдығы бірнеше миллиметр болса, мұның өзі өте маңызды нәрсе дейді ғалымдар. Өйткені, болашақта Айға баратын астронавтар Жерден су тасымай, сондағы мұзды ауызсу ретінде пайдалануға мүмкіндік ашылады. Сонымен қатар одан сутегі және оттегі алып зымыран отыны үшін, ал оттегіні астроновтарға ауа ретінде қолдануға болады.
Мұз бұған дейін Күн жүйесінің басқа объектілерінен, мысалы Меркурийдің солтүстік полюсінен және кішкентай Церес планетасынан табылған болатын.
Ағылшын тілінен аударған Алтынай ҚУАНЫШБЕК