Ресейдегі президент сайлауына 67 үміткер тіркелді
Ресейлік Орталық сайлау комиссиясы президент сайлауына қатысуға ниетті 67 үміткердің өтінімін қабылдады. Олардың 46-сы өзін-өзі ұсынғандар. Бұл туралы РФ ОСК басшысы Элла Памфилова мәлімдеді.
«Қазіргі таңда, 7 қаңтарда 67 үміткердің өтінімі келіп түсті: 21 партия өкілі мен 46 өзін-өзі ұсынғандар», - деді Элла Памфилова жексенбі күні «Россия 1» телеарнасының «Вести» бағдарламасында.
7 қаңтар – президент сайлауына қатысуға өзін-өзі ұсынушылардың құжатын қабылдайтын соңғы күн. Ресейде сайлау 18 наурыз күні өтпек.
Еске сала кетсек, қазіргі мемлекет басшысы Владимир Путин сайлауға қатысатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, тележүргізуші Ксения Собчак та өз кандидатурасын ұсынғанын хабарлады.