» » КӨРШІ ЕЛДІҢ КЕРЕМЕТІ

КӨРШІ ЕЛДІҢ КЕРЕМЕТІ

 Соңғы жылдары көршілес елдермен қарым-қатынасымыз жақсара түскенін айтпасақ та түсінікті. Тіпті көшедегі көрші секілді араласқанды құп көрдік. Мұндай байланыс бейбіт заманда керек-ақ. Әңгіменің байыбы көз көріп, ісіне тамсанып жүрген өзбек ағайындар жайында. Бұл елдің атын атағанда, көзкөрген, қора-қопсысы қатар жақын көршімізді айтып жатқандай, жайбарақаттықты сезінетініміз рас. Расында да Өзбек елі біздің қабырғалас жатқан құдайы көршіміз, ал өзбек ұлты – түбі бір түркі елінің бір тармағы болып өркен жайған тете бауырымыз. Тамыры ортақ болғанмен, өңі өзгеше, түбі бір болғанмен, тілі өзгеше бұл ел туралы жақын білгіміз келіп, еңбек демалысында орайластырып,  Өзбекстанға яғни Ташкентке сапарға шықтық.
Алдымен Шымкентке дейін өз көлігімізбен жетіп, Өзбекстанмен шекаралас Қапланбек  ауылына такси жалдап жеттік. Бұл ауыл көпшілікке Черняевка атауымен таныс. Екі елдің кіріп шығар қақпасы. Ташкентке күнделікті 10 шақты адамды кіргізіп, күтіп алатын Қыдырәлі ағамыздың көлігіне мінгеннен бар білгенін айтып келеді. Сөзіміздің астарын байқап, Ташкентке тұңғыш рет келе жатқанымызды аңғарған болу керек. Әңгіменің басын Құран кітаптан бастады. "Егерде сөмкелеріңізде ислам дінін нәсихаттайтын кітапшаларыңыз болса, көліктің ішіне қалдырып кеткендеріңіз абзал", -деп ақыл кеңесін барынша айтып келеді. Сөйтсек, көрші елдің дінге деген заңдылығы қатаң, берік екен. Шымкент пен Черняевка аралығы 120 шақырымды құрайды. Айнадай жылтырап жатқан жол ұзақ уақытты алмай 40 минутта жеткізді. Айтпақшы оқырмандар үшін Қапланбекке дейін Қыдырәлі ағамыздың көлігін тұтастай (салон) 5 мың теңгеге жалдағанымызды айта кетейін. Себебі сіздің де жолыңыз түссе көлік қызметінің бағасын біле жүргеніңіз абзал.
Шекарадағы шытырман
Сонымен шекара бекетіне келіп жеттік. Өзбекстанға өтпесек те ұялы телефонымыз роуминг жүйесіне автоматты түрде іске қосылды. Елімізден келген қоңырауға минутына 390 теңгені жапырып алады. Бұл теңгерім қай абонентке түсетіні бізге беймәлім. Шекарадан асу үшін  100 метрдей жер ғана тұр. Қыдырәлі ағамыз балаларын әскерге шығарып салғандай, қол былғап, Қапланбекте қалды. Айтпақшы теңгеңізді шекара аспай сумға айналдырғаныңыз жөн. Себебі Өзбекстандағы қызмет біздікінен сәл қымбаттау. Дорбамызды арқалап кеден бекетіне дейін жаяу тарттық. Шекарадан кезек күтіп тұрған жүк көліктері көп. Биылдан бастап өзбек ағайындар мал шаруашылыығына
баса назар аударғандай. Біздің елден тасымалданып жатқан төрт түліктің санында шек жоқ. Кіреберісте жылы шырайлы өзіміздің кеденші құжаттарымызды бір қарап шықты да, ішке кіргізді. Адам көп екен. Шанхай түс болса да екі аралықта қатынаушылар көп. Жүздері қазақ болғанымен өзбек тіліне бейімделген. Маңайындағыларымыздың дені  азық-түлігін арқалаған азаматтар мен апалар. Бірнеше қатар болып бақылау пунктіне мөр басатын терезелерге кезекке тұрдық. Кезек барысында уақыт өткізу үшін Сардор есімді азаматпен танысып, әңгіме жарастырдық. Қазақшасы тәп-тәуір.  Жыл салып, отанына оралған Сардордың жүзінде жылулық байқалады. Отбасын асырау үшін Ресейдегі Омск  қаласына кетіп, 366 күнді артқа тастап шекарада тұр. Қомыт-қомыт киімін көріп, суық жерден оралғанын бірден байқауға болады. Хош, сонымен екі ел аралық «бейтарап аймақты» басып өтіп, Өзбекстан бөлігіндегі кеден бекетіне адымдадық.
Қабақтары қатулы сарбаздар. Қолдарында қару-жарақ. Құжатты кезек-кезек, қайта-қайта қараудан жалықпайды екен. Кезекке тұрдық. Мөр басатын Кедендік қызметкердің түрі қазақтан айнымайды екен. Ары қарай өттік. Тағы тексеру. Құжатты да, сөмкені де қайта ақтартып, көздеген жерімізге аяқ бастық.  
Статистиканы сөйлетсек...
Өзбекстан біздің ел секілді көпұлтты мемлекет. Мұнда 120-дан астам ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тұрады. Әкімшілігі жағынан бір автономиялық республикаға (Қарақалпақстан) және 12 облысқа бөлінеді. Солтүстігінде Қазақстанмен, батысында Түркіменстанмен, шығысында Қызғызстан және Тәжікістанмен, оңтүстігінде Ауғанстанмен шектеседі. Жері табиғи ресурстарға бай. Бүкіл Орта Азиядағы газ конденсатының 74%-ы осы елдің үлесіне тиеді. Алтын қоры жөнінен ол әлемде 4. Қазіргі кезде өзбектер ел халқының 3/4 бөлігін құрайды. Олардан басқа ресми мәлімет бойынша орыстардың 7,4% тәжіктердің 4,7%, қазақтардың 4,1% үлесі бар көрінеді.
Өзбекстанда саудаласпасаң ренжиді
Өзбекстан жеріне саяхат сағат 12-де су жаңа Ravon автокөлігіне мінгеннен басталды. Көлік иесі Бахрам деп таныстырды өзін. Кез келген аймақты тамашалау үшін Бахраммен келісіп алдық. Қызметі үшін теңге курсымен де есептесе беремін деп алдын-ала ескерті. Күн батқанша тасымалдау үшін 10 мың теңгеге қызметін бағалады. Сауда саттығы дамыған елде саудаласпасаң халқы реніш тудыратынын білдік. Осы жайтқа қанық болған соң, Бахрамның қызметін 8 мың теңгеге яғни 176 мың сумға түсіріп, Ташкентті тамашалауға бет алдық. Шетелдіктерге өздерін жүздеген жылдық тарихтан сыр шертетін көне ғимараттар мекені ретінде танытып үлгерген Өзбекстанда туризм бізден әлдеқайда жақсы дамыған. Күніне мыңдаған туристі қабылдап, шығарып салып жатқан оларда көп дүние жолға қойылып, сағаттай сырғып жататынына көз жеткіздік. Көше толған Nexia, Ravon, Gentra, Daewoo маркалы өзбекстандық көліктер. Бахрамның айтуынша, мұнда
шетелдік көліктердің салығы мен бағасы едәуір қымбат екен. Сондықтан біз неміс немесе жапондық  тұлпарларды мүлде кезіктірмедік.
Палауды  10 аспазшы даярлайды
Таң сәріден нәр татпағасын ең алдымен Орта азия палау орталығына бағыт алып, сонда біршама уақыт кідірдік. Бұл туристер үшін таптырмайтын орталық. Орталықта 10 аспазшы бір-бір қазаннан палау әзірлейді. Тәжірибелі Ислам аспаз 300 келілік тайқазанға жауапты және сонда асын әзірлейді екен. Біз бас сұққан сәтте Ислам аспаздың палауы түбіне жетіп, таусылып жатыр екен. Күндігі 600-700 келі палауды әп-сәтте таусатын орталықтың қызметіне жоғары баға бердік. Берілген тапсырыс лезде 5 минутта дайын болды. Бір адамға арналған палаудың құны 15 000 сум. Отандық ақшамен есептегенде 680 теңге. Мұнда екі адам кем дегенде 75 000 (3400тг) сумға тамақтанады.
Жанарды жаулаған саябақтар
Келер бағытымыз Ташкенттегі саябақтар. Өзбекстанның саф ауасымен саябақтарды шолып шығуды құп көрдік. Алдымен Ерлік мемориялында болдық. Оны «Еске алу алаңы» деп те атайды екен. Біздіңше айтқанда, «Мәңгілік алау» саябағы. Майдан даласынан оралмаған батырларының есімін еске алу кітабына алтын әріптермен ойып жазыпты. Яғни Ұлы Отан соғысының батырларына біздің елдегідей құрмет ерекше. Көзіміз зілзала құрбандарына арналған мемориалды да көрді. Мұндай мемориалды кез келген елден кездестіре алмайтынын Бахрам әңгіме арасында айтып қалды. Сондықтан ол қандай ескерткіш екен деп, көргіміз келгені рас. Жер сілкінісі құрбандарына қойылған бұл белгі шын мәнінде жүрек тебірентерлік.
Әйелдерге тиым салынған мешіт
Бір байқағанымыз, Ташкентте мешіт іспеттес ғимараттар көп екен. Келесі бағытымыз XV-XVI ғ.ғ.салынған Хазірет Имам атындағы мәдени кешен. Мұнда Барақ хан медресесін, Намазгох және Тиля-Шейх мешіттерін аралап шықтық. Бірнеше мешіт пен күмбезді мазарлардан тұратын бұл кешен бүгінгі күндегі бет-бейнесін сақтап қалу үшін, Өзбекстандағы жүздеген архитектуралық ескерткіштер сияқты, үлкен реконструкциядан өткен. Ең соңғы жөндеу жұмыстары Өзбекстандағы Ислам жылы болып аталып өткен 2007 жылы жүргізіліпті. Дәл сол жылы үкімет халқына арнап 5000 адам сиятын жаңа мешіт салып берген. Айтпақшы Ташкенттегі Минор мешітінде әйел азаматшаларға кіріуге тиым салынғанын естіп, таң қалдық. Дегенмен мұның себебін сұрағанымызда Бахрамның жауабы дайын болмай шықты.
Айт мерекесіне құрмет ерекше
Біздің сапарымыз айт мерекесіне тұспа-тұс келді. Мұнда айт мерекесіне құрмет ерекше екен. Яғни Өзбекстанда 3 күн мемлекеттік демалыс жарияланған. Сондықтан  жоспарымызға сәйкес біршама нысандар мереке қарсаңында жабық болып, саяхатымыздың сәнін кетірді. Сапар барысында көргім келген ғимараттың бірі – Пахтокор стадионы. Стадион атауы Кеңес Одағында ТМД-ны таңқалдырған "Пахтокор" футбол командасының құрметіне қойылған. Сонымен қатар Ташкенттің орталық базарын жағалауда жоспардың бірі болған еді. Алайда базарда да тыныштық орнаған.
Сапар соңы
Ташкенттің тамаша жерлерін жағалап, күніміздің қалай сырғып өте шыққанын аңғармай қалыппыз. Күн қасқарайған сәтте Бахрам шекараға шығарып салды. Әдеттегі тексерістен өткеннен кейін ұялы телефоныма жан бітіп, "Ыстық ұяңызға қош келдіңіз" деген хабарлама келді. Расында, мекеніміз ыстық қой шіркін!
Ерасыл ШӘРІБЕК
Қызылорда – Ташкент – Қызылорда
24 маусым 2019 ж. 1 628 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930