Пошташының үйінен жарты тонна хат табылды
Италиялық полицейлер Виченца қаласында тұратын пошташының гаражынан иелеріне жеткізілмеген жарты тонна хат тауып алды.
Есімі құпия болып қалған 56 жастағы пошташы жағдайдың мән-жайын анықтау үшін тұтқындалды. Италия поштасы ішкі тергеу жұмыстарын жүргізіп, өзінің қызметшісінің үстінен сотқа шағымданбақ.
«Пошташының қонақ бөлмесі мен гаражынан 2010-2017 жылдары иелеріне жетуі тиіс жарты тонна хат табылды. Аталған іске қатысты тергеу жұмыстарын пошта полициясы мен алаяқтықпен күрес агенттігі жүргізіп жатыр», - делінген Италия полициясының хабарламасында.
Бұл туралы алғаш қоқыс жинаумен айналысып жүрген волонтерлер полицияға хабарлап айтқан. Пошташы осы волонтерлерге макулатура ретінде сыртында Италия поштасы деген жазуы бар 25 сарғыш қорапты өткізбек болған.
Нәтижесінде пошташының үйінен 43 қорапқа бөлініп салынған 572 кг хат табылды. Аталған хаттардың ішінде банк хабарламалары, 2010 жылғы жергілікті сайлау брошюралары, коммуналдық төлем қағаздары болған. Әзірге пошташының не себепті бұлай жасағаны белгісіз.