АҚШ қазақстандықтарға виза беру шарттарын біртіндеп жеңілдетеді
АҚШ қазақстандықтарға виза беру шарттарын біртіндеп жеңілдетеді. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонға ресми сапарының қорытындысына орай БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берген АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Джордж Крол айтты.
«АҚШ-тың виза саясаты негізінен көптеген агенттіктерге, атап айтқанда ел Үкіметіне, Мемлекеттік департаментке қатысты. Біз қазақстандықтардың Америкаға келуін жеңілдетуді қалаймыз. Қазіргі уақытта визаны 10 жылға береміз. Бұрын 5 жыл болатын. Мұнан ары қалай кеңейте алатындығымызды қарастырамыз. АҚШ пен Қазақстан арасында визасыз режім қашан орнайтындығын дөп басып айта алмаймын. Дегенмен, оның болуы мүмкін екендігін де жоққа шығармаймын. Қазіргі уақытта біз оны біртіндеп кеңейтудеміз», - деді Джордж Крол.