АҢСАҒАН СӘБИ: ЖАС ОТБАСЫЛАРДЫҢ ҮЛЕСІ ҚАНША?
Сералиевтер отбасы 6 жылдан бері сәби сүюді армандап келеді. Дәрігерлерге жан-жақты қаралып, нәтиже болмаған соң жасанды ұрықтандыру әдісіне жүгінуді құп көреді. Бірақ қолдың қысқалығынан мемлекет бөлетін квотаны 3-4 жыл көлемінде күтуге мәжбүр. Жуырда Президент Жолдауынан «Аңсаған сәби» бағдарламасының іске қосылатынын естіп, қуанышымен бөлісті.
– Президент биылғы Жолдауында жасанды жолмен сәбилі болғысы келетіндерге 7 мың квота бөлу туралы айтқан сөзі сәби иісін аңсаған көп отбасында үміт отын жағып, шаңырағына шаттық ұялатты. Ана мен баланың қамын жасап, халық санын көбейту қашанда өзекті мәселе екенін айқындады. Бұйырса, келер жылы бағдарламаға қатысып, ана бақытын сезінетін уақыттың жақын екеніне қуаныштымын, – деді қала тұрғыны Марал Сералиева.
Президент Жолдауында 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Осы орайда «ЭКО» бағдарламасымен квотаны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту міндетін алға қойды. Квота кезегін 3-4 жылдап күткен жұптарға бұл жаңалық қуаныш сыйлағаны анық. Өйткені жасанды жолмен балалы болудың құны елімізде 700 мың мен 1 млн 200 мың теңге шамасында. Ал мұндай қаржыны табуға кез келген отбасының қалтасы көтере бермейді. Биыл елімізде 1 ЭКО-ға 943 млн 800 мың теңге қарастырылған.
КВОТА КІМГЕ БЕРІЛЕДІ?
Елімізде денсаулық сақтау орталығының мәліметі бойынша 9 мың 467 әйел бедеулік диагнозымен есепте тұр. Сондықтан мамандар көбінесе экстрокорпоральды ұрықтандыруға бала сүю мүмкіндігі жоғары жұптарды таңдап алады. Яғни жасы 40 жастан аспау қажет. Асып кеткен жағдайда ұрықтың белсенділігі ескеріледі. Бір квотаға 1 млн теңге шамасында қаржы бөлінеді. Аталған қаржының жартысы медициналық технологияға, жартысы дәрі-дәрмекке жұмсалады.
Мамандардың айтуынша, үйленгеннен кейін екі жұп бір жылға дейін бала көтере алмаса оларға бедеулік диагнозы қойылады. Мұндай жағдайда жұбайлар жергілікті емханаға қаралып, диспансерлікке есепке тұрады. Көпшілігі жергілікті емханаларды аралап, уақыт жоғалтып алатын көрінеді. Негізінде ең бірінші отбасын жоспарлау орталығынан жолдама алуға тиіс. Орталықта ер мен әйелді бірдей тексеріп, емдейді. Бедеуліктің себебін анықтап, нақты диагноз қойғаннан кейін денсаулық сақтау басқармасындағы арнайы тізімге енгізеді. Квота – әйелдің екі түтікшесі бітелген немесе алынып тасталған, ерлердің белсенділігі төмен болған жағдайда беріледі. Биылғы квота тек медициналық сақтандырылғандарға ғана берілген. Көрсеткіштері сәйкес келген жұптардың жылына бір рет квота алуға құқы бар. Ал ота сәтсіз аяқталса, келесі жылы қайтадан кезек күтуге мәжбүр.
– Қызылорда облысы бойынша жасанды жолмен балалы болғысы келетін кезекте тұрған отбасылар саны – 450-ден асады. Оның 154-і жас жұп. Ал квота республикадан әр облыстың ерекшелігіне қарай бөлінеді. Мысалы, өткен жылы 48 квота бөлінсе, биыл 44 квота бөлінді. Бұл кезекте тұрған жұптардың 10 пайызын да қамтымайды. Ал Елбасының кешегі Жолдауы аналардың қуанышын еселеді. Осыған дейін 2017 жылдан бері кезекте тұрған аналар да бар. Осы тұста ескеретін мәселе – берілетін жолдаманың уақыты келемін дегенше, кейбір отбасы ажырсып жатса, енді бірінің жасы ұлғая береді. Сондықта ЭКО-ға жүгінетін отбасына мезгілінде қол ұшын созу маңызды. Республика бойынша квотамен келген жұптарды қабылдайтын 11 емхана бар, – деді Қызылорда облысының денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Бибізада Әшімқызы.
15 МЫҢДАЙ ОТБАСЫ БЕДЕУЛІК ТІЗІМІНДЕ
Елімізде бедеулік пен белсіздік мәселесі соңғы жылдары өзекті мәселелердің біріне айналды. Өйткені бір бала сүюге зар болған ерлі-зайыптылар саны көп. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында еліміздегі отбасылардың 20 пайызы балалы болмағандықтан ажырасатынын және әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе алмай отырғанын баса айтты.
Ал «Экомед» клиникалар желісінің ғылыми директоры Салтанат Байқошқарова бедеу жұптардың санын айқындамай бағдарламаның тиімді жүзеге асуы қиын екенін жеткізді.
– 7 мың квота қазіргі кезде тіркеуде тұрған жұптардың 60-70 пайызына көмектеседі. Дегенмен елімізде бедеу жұптардың саны анық емес. Біз негізінен дүниежүзілік жалпы статистикаға сүйенеміз. Сол тұрғыдан келгенде, қазір Қазақстанда жаңадан шаңырақ көтергендердің 15-20%-ы бедеулікпен бетпе-бет келеді. Шамамен әрбір бесінші не алтыншы отбасы перзентке зар болып жүр. Сол үшін ең алдымен нақты статистикаға қол жеткізіп, бедеуліктің регистрін жасау керек, – деді.
Ал статистикалық мәліметке сенсек, елімізде 15 мыңдай отбасы бедеулік тізімінде тұр. Олардың 10 мыңы жасанды ұрықтандыруға мұқтаж. Кезек санын азайтуда Қазақстан бойынша 26 ЭКО орталық жұмыс істейді. Оның 21-і жекеменшік.
– Медицинада «бедеулік» әйелге де, ерге де байланысты айтылатын ұғым, яғни ұрпақсыздық. Біздегі менталитет бойынша ер-азаматтар жыныстық қарым-қатынасқа түсе алса, дені сау деп ойлайды. Бұл – қате ұғым. Ерлердің ұрық әлсіздігі өте жиі кездеседі. Бұған салғырт қарауға болмайды. Қазір тек еркектің белсіздігінен бала сүйе алмау 50 пайызға жетті. Сондықтан біз әйелмен қатар ердің де ұрығын тексереміз. Ерлердің басым көпшілігі қарсылық танытады. Яғни урологқа жүгінуді ар санайтындар бар. Соңғы жылдары облысымыздың әр өңірінен урологиялық орталықтар ашылуда. Тек қана Байқоңыр қаласы мен Қармақшы ауданында жоқ. Орталықтардың көптеп ашылуы – ұлт саулығының негізі яғни балалы бола алмай жүрген отбасыларға таптырмас мүмкіндік. Ал ерлер бедеулігінің артуының себебіне тоқталар болсақ, өңірімізде білікті мамандар жетіспейді. Сонымен қатар өңіріміздің экологиялық ахуалын да ескерген жөн. Ерлердің бойындағы суықтық, шамадан тыс алкогольді, газды сусындарды пайдалану да белсіздікке себеп болуда, – дейді «Экомед» Қызылорда қаласы бойынша филиалының уролог дәрігері Марс Мэлсұлы.
Әйелдің аналық ұрығы шектеулі. Сондықтан 35 жастан кейін жасанды ұрықтандыру да нәтижелі бола бермейтінін айтқан репродуктологтар уақыт жоғалтпай себептерін анықтауды ескертеді.
– «Экомед» орталығының филиалы Қызылорда қаласында 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында орталық 217 жұптың бала сүюіне септігін тигізді. Соңғы кездері жастар арасында бедеулік диагнозының белең алуы мамандарды алаңдатады. Негізінде 35 жасқа дейінгі келіншек бір жылдың ішінде жүкті болмаса, 35-тен асқан әйел алты айдың көлемінде бала көтере алмаса онда репродуктолог-дәрігерге қаралуы керек. Шаңырақ көтерген отбасылардың көпшілігі 3 жылға дейін бала көтере алмауды қалыпты жағдай деп есептейді. Содан әр гинекологқа жүгініп уақыт жоғалтады. Мұның салдарынан отбасының берекесі қашады. Ондай отбасыларды нәтижелі және нәтижесіз деп екіге бөліп қараймыз. Нәтижелі топқа аналық, аталық ұрығы бар жұпты жатқызамыз. Егер оларда ұрық болмаса, әрине, нәтиже болмайды. Ал квота алу мәселесіне келер болсақ, квота жылына бір-ақ рет беріледі. ЭКО-ны қажет ететін адам міндетті түрде жергілікті жер бойынша тіркеуге тұру керек. Әр аймаққа берілетін квота саны бедеулік бойынша тіркеуге тұрған адам санына байланысты беріледі. Өйткені бізге келетін адамдардың барлығы бірдей 1 миллион теңге таба алмайды. Сондықтан Президентіміздің Жолдауда айтқан бастамасы перзент күткен отбасылардың шырайын келтірері сөзсіз, – дейді Қызылорда қалалық «Экомед» орталығының гинеколог-репродуктолог дәрігері Гүлсім Қанатқызы.
Негізінде Үкімет 2010 жылдан бері ЭКҰ-ға 100-ден аса квота бөлетін. Бұл көрсеткіш бүгінде мыңнан асады. Ал келесі жылы 7 мыңнан асады.
– Жолдасым екеуміз шаңырақ көтергелі 8 жыл бойы арада бала болмады. Оны отбасыға түскен сынақ деп қабылдап, аурухана мен клиника табалдырығын тоздырдық. Тіпті қазақы емге де жүгіндік. Бірақ нәтиже болмады. Instagram желісі арқылы қаламыздан "Экомед-Сырдария" клиникасының ашылатынын, іс-сапармен Салтанат Байқошқарова келетінін білдім. Содан қалай болса да Салтанат апаймен жолығуды жөн көрдім. Қоңырау соққанымда қабылдауға орын толық, алайда іште дәрігерлер қабылдау жүргізетінін ескертті. Ертеңіне клиника дәрігерлері Марс Мэлсұлы мен Мөлдір Серікқызы сараптама жасатып, тек жасанды жолмен балалы болатынымды жеткізді. Қатты қуанып, ем-дом қабылдап балалы болуға шешім қабылдадық. Алланың қалауымен 9 айдан соң ұлды болдым. Жас отбасыларға да айтарым, 1 жылдан соң нәтиже болмаса, уақыт жоғалтпай нәрестелі болудың барлық мүмкіндігін пайдалануға шақырамын, – деді қала тұрғыны Айгүл Тұрмаханова.
Жастар арасында бедеуліктің жиілеуі қоғамды алаңтадады. Жасанды жолмен ұрықтандыруға мұқтаж жас отбасылардың ішіндегі ең жасы 1998 жылғы болса, ең үлкені 1978 жылғы азаматша тіркеуде тұр. Ал мамандар белсіздіктің алдын алу үшін психологиялық көмектің де тигізер пайдасы зор дейді. Осы мақсатта шаһарымызда орналасқан жеке психологиялық орталық маманын сөзге тарттық.
– Балаларды ата-ана болуға мектеп жасынан дайындау керек. Оқушыларды жыныстық қатынасқа емес, жауапкершілікке тәрбиелейтін арнайы пән оқыту да маңызды. Бала күннен мұндайды біліп өскен жас кім болса сонымен жүрмейді, өзінің денесін, жыныстық органдарын сақтайды. Мамандар ерте жастан жыныстық қатынасқа түсіп, түсік жасату бедеуліктің басты себебі ретінде қарайды. Сондықтан ұлт саулығына салғырт қарамайық. Бүгінде жас отбасылардың көпшілігі балалы болуды емес, материалдық жағдайды бірінші орынға қойған. Соның салдарынан түрлі жағдайға тап болып ажырасуда. Екі жастың ауызбіршілігін, махаббатын ортадағы бала толықтырады. Сол себепті отбасында ең бірінші бөпелі болуды жоспарлаған жөн, – дейді психолог Ботагөз Әмір.
ЖАСАНДЫ ЖОЛМЕН ДҮНИЕГЕ КЕЛГЕНДЕР ТАБИҒИ ЖОЛМЕН БАЛАЛЫ БОЛА АЛА МА?
«Эко» сөзін алғаш естігенде сенімсіздікпен қарайтын едік. Тіпті жасанды жолмен туғандар болашақта бала сүюге қабілетсіз деген пікір де қоғамда қалыптасып үлгерді. Дегенмен медицина бұл түсініктің негізсіз екенін дәлелдеді. Репродуктологтар «XIX ғасырда ғылымға жасалған төңкеріс» деп санайтын ДТҰ әдісін алғаш рет 1976 жылы Кембридж университетінің физиологы Роберт Эдвардс енгізген болатын. Екі жыл өткен соң тұңғыш рет жасанды жолмен Лондонда Луиза Браун есімді қыз дүниеге келіп, ата-анасын шаттыққа бөлесе, 28 жасында өзі табиғи жолмен ана атанды. Осылайша ЭКҰ арқылы өмірге келген балалардың денсаулығы табиғи жолмен туғандардан айырмашылығы болмайтыны дәлелденгеннен кейін 32 жылдан соң Роберт Эдвардске Нобел сыйлығы беріледі. Ал елімізде 22 жыл бұрын ЭКҰ арқылы дүниеге келген алматылық Алеся Шин табиғи жолмен бала көтеріп, 15 қазанда анасы атанды. Мамандардың айтуынша, денеден тыс ұрықтандыру әдісі, аты айтып тұрғандай, табиғи жолмен бір-біріне кездесе алмайтын аталық және аналық ұрықты дене сыртында арнайы түтікшелер арқылы қосады. Бұл әдістің ананың бойына табиғи біткен баладан айырмашылығы да осында дейді мамандар.
Елімізге аталған озық әдіс енген 25 жылда 22 мыңнан астам ерлі-зайыпты осы жолмен ата-ана атанған екен. Ал әлемде мұндай тәсілмен 8 миллионнан аса бала өмірге келген. Балаға зәру отбасылардың жылдан-жылға артқанына қарамастан репродуктивті медицинаның мүмкіндігі де артуда. Сондықтан отбасын сақтап қалудағы соңғы үміт жасанды ұрықтандыру болса, Президенттің бұл бастамасы елдегі ажырасу көрсеткішін төмендетіп ғана қоймай, әр отбасыға сәбидің күлкісін сыйлайтыны қуантады.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА