Бүгін жылу беріле бастады
Бүгін Қызылорда қаласына жылу беріле бастады. Ауа температурасының күрт төмендеуіне байланысты шаһар басшысының шешімімен көпқабатты нысандар жылуға жылдағыдан бес күн бұрын қосылды. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Елмұрат Рахматуллаев брифингте мәлімдеді.
– Жылу маусымы арнайы қағидаға сәйкес бес тәулік бойы сыртқы ауаның орташа температурасы +8̊С және одан төмен болған жағдайда басталуы тиіс. Әдетте бұл 15 қазанға тура келетін, – деді ол.
Зерттеу кезінде 35 көпқабатты үйде проблема анықталған еді. Нақты шаралардың жүргізілуі арқасында кемшілік дер кезінде жойылды.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабаевтың айтуынша, 17 басқару органы көпқабатты тұрғын үйлердің ортақ меншігін күтіп-ұстаумен айналысады.
– Ал көпқабатты 642 үй үшін жауапты 13 пәтер иелері кооперативі, 4 жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. Үй іші бойынша жылыту жүйесінде авариялық жағдай туындаса, тұрғындар 109 нөміріне немесе өз аумағы бойынша басқару органдарына хабарласса болады, – деді бөлім басшысы.
Әйтсе де, кейбір үйлер мен әртүрлі нысан егелері коммуналдық ақыны төлеуге келгенде асығар емес. Қызылорда жылу электр орталығының директоры Наурыз Сатхановтың айтуынша, жылу бойынша дебиторлық берешек 216 млн теңгеден асып отыр. Қордаланған қарыз сала өкілдерінің жұмысына кедергі келтіретінін айтқан орталық басшысы қызылордалықтарды оны уақытылы төлеуге шақырды.
Спикерлер биыл көмір бағасы 14-15 мың теңге аралығында болатынын от жағатындардың қаперіне салды. Қатты отын тасымалдаушы жеке кәсіпкерлер сұранысты өтеу мақсатында көмір өндіруші мекемелермен келісім жасасқан.