Нарық ‒ ақшалыға базар, ақшасызға назар
«Әкім әділ болмаса, халық бұзылады, сауда әділ болмаса, нарық бұзылады». Пандемия кезінде нарықтағы азық-түлік бағасының біршама құбылғаны рас. Қарапайым халыққа 42 500 теңге әлеуметтік төлем үлестірілгенмен, жалақы жоғарыламады. Керісінше базардағы баға күрт өсті. Тұрғындардың осы наразылығына жауапты мамандар не дейді? Маңызды тақырыпты сала мамандарымен бірге талқыладық.
Жалпы дүниежүзілік экономикалық даму қарқынында жыл сайын инфляция үдерісі қайталанып келеді. Оған қоса биылғы пандемия салдарынан дүниежүзінде экономикалық даму деңгейі бәсеңдеп, біршама құлдырғаны әкелгені белгілі. Осы орайда жыл басынан бергі ұлттық валютаның бағамы АҚШ долларына шаққанда 379,7 теңгеден 429,26 теңгеге ұлғайды. Мамандар сөзіне сүйенсек, бағаның өсуі карантин салдарынан, сондай-ақ жеткізілімдер тізбегінің бұзылуынан орын алған. Бұдан бөлек кейбір облыста өндірілмейтін тауарлар бойынша импорттық тәуелділік пайда болған.
‒ Бүгінде бағаның шарықтап тұрғанын жоққа шығара алмаймыз. Әрине зейнетақы уақытылы беріледі, бірақ оның жартысынан көбі азық-түлікке жұмсалады. Одан қалды дәрі-дәрмегіміз бар. Дүкенге бара қалсаңыз, қажет затыңыз қалтаны қағады. Себебі баға тым қымбаттап кеткен. Мәселен, нан бағасы ‒ 70 теңге, жұмыртқаның бір данасы ‒ 37 теңге. Сұйық май 2800 теңгеге қымбаттаса, сиыр еті 1800-ге, жылқы еті 2000 теңгеге өскен. Картоптың келісі ‒ 150 теңге. Бұл ‒ күнделікті тұрмысқа ең қажетті тағамдар. Одан өзге азық-түлік, жеміс-жидектің бағасын айтудың өзі орынсыз. Кейде бағада бақылау жоқ па деп қаласыз?! Сатушылар өздігінен бағаны қоя бере ме деген де ой келеді, бірақ тиісті орындар тексеру жұмыстарын жүргізеді ғой. Бағаның шарықтағаны бізге ғана емес, барлық тұрғындардың қалтасына ауыр тиеді. Көпбалалы аналардың жағдайы қалай болып жатқаны беймәлім. Оның үстіне балалар қашықтан оқып жатқан соң, ай сайын интернетке төлем жасау керек. Бағада тұрақтылық қалыптасып, халықтың жалақысы мен зейнетақы мөлшері көбейіп, керек-жарағын емін-еркін алатын күн тезірек келсе екен дейсің осындайда, ‒ дейді зейнеткер Айтүл Орыншаева.
Тұрғындардың осындай уәжін естіген соң, облыстық ауылшаруашылығы бөлімінің мамандарына хабарластық. Биыл астық қоры жылдағыдан біршама көп жиналған. Бұл өнім бағасының арзандауына әсер етуі мүмкін бе? Сала мамандарына осы сауалымызды да қоса жолдадық.
‒ Ағымдағы жылдың 13 қазан күнгі қалыптасқан жедел статистикалық ақпаратына сәйкес, облыста әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының индексі 104,5%-ды құрады (ҚР – 105,4%). Облыс тұрғындарын төмен бағада азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында, сондай-ақ бағаны тұрақтандыру үшін облыс орталығында 29 әлеуметтік дүкен мен 2 әлеуметтік маркет жұмыс істейді. Биыл жаз айларынан бастап Қызылорда қаласының 5 ірі сауда орнында (Мирас, Аль-Асад, Анвар, Ажар, Қызылорда-Оптомаркет) әлеуметтік бұрыш ашылып, тұрақтандыру қорының өнімдерін белгіленген бағада сату жұмыстары жүргізілді.
Қазір аймақта ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау жұмыстары толығымен аяқталды. Облыс диқандары су тапшылығына қарамастан егілген егістен жоғары өнім алды. Атап айтқанда, негізгі дақыл күріштен барлығы 551,3 мың тонна өнім жиналып, әр гектарынан 61,8 центнерден рекордтық өнім жиналды. Дайын өнімнің өзіндік құнының қалыптасуына біршама фактор әсер етеді, оның ішінде шет мемлекеттен алынатын техникалар мен қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштардың құны, су тапшылығы, тағы басқа шығындар бар. Алайда күріш өндірушілер мен өндеушілер тарапынан негізсіз баға көтеруге себеп жоқ, ‒ дейді ауылшаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Ерхан Жайшылықұлы.
Осы кезге дейін жоғары патогенді құс тұмауынан еліміздің 7 облысында, яғни Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстанда құс өлімі жиі тіркелді. Бұл нарықтағы жұмыртқа бағасының қымбаттауына едәуір ықпал еткені рас. Қазір жұмыртқаның орташа бағасы ‒ 38 теңге. Құс тұмауының аймақ нарығына әсерін сала мамандары келесідей түсіндірді.
‒ Құс тұмауының таралуы республика бойынша 6 ірі кұс фабрикасының жұмысын тоқтатуға, яғни құс басының төмендеп, құс еті мен жұмыртқа бағасының қымбаттауына әкеп соқтырды. Облыстағы мұндай өнімнің негізгі үлесі өзге өңірлер арқылы қамтамасыз етіледі. Статистикалық жедел ақпарат бойынша, облыста 6-13 қазан аралығында тауық жұмыртқасы 3,8%-ға жоғарылаған. Жыл сайын күздің соңғы айлары мен қыс мезгілі тауық жұмыртқасының қымбаттайтын кезеңі болып есептеледі. Сондықтан бұл жағдайды да ескеру керек. Ағымдағы жылдың 4 тоқсанына 10 дана жұмыртқа бағасының шекті мәні 377 теңге болып бекітілді. Алдағы уақытта осы бекітілген шекті баға аясында жұмыс жасаймыз, ‒ дейді Е. Ағыбаев .
«Қыс қамын жаз ойла» дейтін халықтың азық-түлік қорын сақтайтын қойма жағдайына да алаңдайтыны рас. Жалпы облыста ауыл шаруашылығы құрылымдары мен астық қабылдау кәсіпорынында астық сақтайтын 172 қойма бар. Олардың жалпы сыйымдылығы ‒ 485 мың тонна. Сондықтан аймақ бойынша астықты сақтау жөнінде мәселе жоқ дейді мамандар. Сондай-ақ қазір облыста жеміс, көкөніс, картоп сақтайтын 9 қойма жұмыс жасап тұр, сақтау қоймасының жалпы сыйымдылығы 11,5 мың тоннаны құрайды. Аймақ халқы жылына 80,5 мың тонна картоп тұтынады десек, сарапшылар алдағы уақытта облысқа қосымша көкөніс сақтау қоймасын салу қажет екенін айтады.
Жоғарыда облыс орталығында баға тұрақтылығы үшін 29 әлеуметтік дүкен мен 2 әлеуметтік маркет жұмыс жасап тұрғанын айттық. Бұдан бөлек 5 әлеуметтік дүкеннің құрылысын салу жоспарлануда.
‒ Әлеуметтік дүкеннен орташа тұрмыстағы облыс тұрғындары нарықтық бағадан төмен 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрін ала алады. Негізінен мұнда өңірлік тұрақтандыру қорының өнімдері сатылады.
Әлеуметтік дүкендердің қызметі тұрақтандыру қорының мамандандырылған ұйымы «Байқоңыр ӘКК» АҚ-ы арқылы реттеледі. Ал мұндағы баға мемлекеттік статистика органының негізінде бекітіледі, ‒ дейді мамандар .
Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ