» » ЖАҢАҚОРҒАН: БИЗНЕС ПЕН БЕРЕКЕ

ЖАҢАҚОРҒАН: БИЗНЕС ПЕН БЕРЕКЕ


Кәсіптің кез келген түрі бар. "Кәсіпті игеру керек" деген адамға "немен айналысамын" деген сауал қорқыныш тудырмағаны абзал. Бүгінде ешбір қиындыққа мойымай, кәсібін игеріп жатқандар көп. Жаңақорған ауданындағы кәсіпкерлер сөзімізге дәлел. Олар еңбектің бейнетін көріп, жемісін жеп жүр. Өңірлік коммуникациялар қызметі өткен аптада Жаңақорған ауданына пресс-тур ұйымдастырды. Мақсат – аудандағы кәсіпкерлердің жұмысымен таныстыру. Сондай-ақ жастардың қайырымдылық ісін көпшілікке насихаттау.
Бір топ тілшілер «7 KZ Сыр табиғаты» ЖШС шаруашылығында болды. Шаруашылықтың негізгі бағыты – жеміс-жидек көшеттерін өсіру. Жаңақорған кентіне қарасты шаруашылық 2019 жылдан бастап жеміс-жидек көшеттерін өсірумен айналысып келеді. Бүгінгі таңда осы бағытта біршама жұмыс атқарылды.
– Жеміс ағашының бірнеше түрінің көшеті дәннен отырғызылды. Қазіргі таңда бұл өскіндер будандастыру кезеңінен өткізіліп, сапалы көшеттер дайындалуда. Сонымен қатар аталған бақта жеміс ағаштарымен қоса әсем талдар мен аула гүлдерінің көптеген түрі бар. Будандастырылған 65 000 түп жеміс ағашының көшеті (алма, алмұрт, алхоры, өрік, шабдалы, шие) қазір қол жетімді бағамен сатылымда, – дейді «7 KZ Сыр табиғаты» ЖШС төрағасы А.Сарбасов.

Қазақ үшін мал бағу таңсық емес. Бордақылаудың да семіртіп қысқа сақтаудың да жолдарын жақсы біледі. Бүгінде қорасында қойы, сиыры жоқ адамдар саусақпен санарлық. Ал егін шаруашылығы айтпасақ та түсінікті. Бұл да қазаққа жат тірлік емес. Себебі қазақ қай істі де орағытып алып кетеді. Дегенмен бұл жеңіл-желпі қарай салатын кәсіп түрі емес. Қиындығы өз алдына жүретін саланы меңгергендер де жетерлік. Соның бірі – Керімхан Егізбаев. Келінтөбе ауылдық округіне қарасты «Orda Агротехнология» шаруа қожалығы мал және егін шаруашылығымен айналысып келеді.

«Байқоңыр әлеуметтік – кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компониясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп «Orda – агротехнология» ЖШС 43500,0 млн теңгемен қаржыландырып, 2016 жылы шаруашылыққа 150 бас ет бағытында асыл тұқымды санта-гертруда қашарлары сатып алынды. "Қазіргі таңда «Байқоңыр әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компониясы» АҚ үлес салмағы – 25%, «Orda – агротехнология» ЖШС-і үлес салмағы – 75%. Бүгінгі күнде шаруашылықта барлығы 302 бас, оның ішінде аналығы 186 бас асыл тұқымды санта-гертруда тұқымын өсіріп, ірі қара малын асылдандырумен айналысып отырмыз", – дейді «Orda Агротехнология» ЖШС төрағасы Керімхан Егізбаев. Бір айта кетерлігі, шаруашылық 10 адамды жұмыспен қамтыған.
"Балық" деген сөзді естісек, ең алдымен Арал есімізге түседі. Себебі Аралдың балықшылар аймағы екені бәрімізге белгілі. "Аралдың балығы" деп те бәс саудаға түсетіні айқын. Жаңақорғандағы Жыңғылдысай көлінде дежылына 5-10 тонна көлемінде балық ауланады екен. "5-10 тонна көлемінде балық ауланып, облыс, ауданға сатылымға шығарылады. Алдағы уақытта жылына 1-5 млн дана шабақ шығаратын «Инкубатор цехын» іске қосу жоспарлануда. Сонымен қатар осы шабақтарды өсіретін «Шабақ өсіру питомнигі» салынуда", – дейді «Ислам» шаруа қожалығының төрағасы Мақсат Жұмаділов.
Жыңғылдысай көлі облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы облыс әкімдігінің қаулысымен «Ислам» шаруа қожалығына бекітіліп берілген. Жыңғылдысай көлінің статусы 2014 жылдан бастап тауарлы көл балық шаруашылығына ауыстырылды. Бүгінгі таңда аталған көлде 1 қорықшы, 1 балықшы және көл иесі тұрақты қызмет атқарып келеді.

Сыр өңірінен барған тілшілер "Сұңқар" шаруа қожалығына да ат басын тіреді. Мұнда тірлік қызу. Әрі-бері әншейін жүрген адамды кездестіру қиын. Бірі жылқының, енді бірі түйенің айналасында жүр. Құлмағанбет Исаханов – «Сұңқар» шаруа қожалығының төрағасы. Ол 1996 жылдан бері «Сұңқар» шаруа қожалығын құрып, ауылшаруашылық өнімдерін өндірумен, мал шаруашылығымен айналысуда. Қазіргі таңда қожалықта 606 бас жылқы, 577 бас мүйізді ірі қара, 302 бас түйе малы өсірілуде.
Егін егудің қандай бейнет екеніне биыл анық көзім жетті. Егін егуге барлық уақыт кетеді. Одан қалды суарып, баптап-қадағалап шөбін жұлып тұрмаса тағы болмайды. Дәнді егіп бастағаннан, жемісті жинап аламын дегенше қаншама жұмыстар бар. Маңдай тердің аққаны сол кезде қатты білінеді. Содан не керек, шаруашылық деген сөзді естісек, қожалықта еңбек еткендердің бейнеті бірден көз алдына елестейді. Осындай бейнетті бастан кешіріп жүргендердің бірі – Нематилла Рүстемов. Ол «Түгіскен ТШ» ЖШС-нің төрағасы. Шаруашылық 1967 жылы құрылған. Бүгінде 63 адам жұмыс істейді.
Шаруашылықтың негізгі бағыты – ауылшаруашылық дақылдары бірегейлендіру және көбейту, тұқымын өндіру; ауылшаруашылық дақылдарының жоғары репродукциялы тұқымдарын өндіріп сату: Шаруашылықта 252 гектар күздік бидай, 252 гектар жаңа жоңышқа және күтімге алған 489 гектар ескі жоңышқа дақылдарын толық жинап, 504 гектар күріш дақылынан межеленген жоғары өнім алынуда. Қазіргі таңда келесі жылы егілетін күріш дақылының «Маржан» сортынан 150 тонна, «Айкерім» сортынан 100 тонна тұқым дайындауда.

Жаңақорғандағы шаруашылыққа тоқталдық. Ал енді жастардың қайырымдылық ісіне де басымдық берсек. Биыл Келінтөбенің жастары үш бірдей отбасыға көмектесті. Олар баспана салу, жөндеу жұмыстарын жүргізу, сылақ пен әрлеуге атсалысты. Ал жалғызбасты анаға үй салып беру бастамасы тек ауыл жастарының қолдауымен, асарлатып, бірлесе жұмыс істеуімен жүзеге асуда.
– Асарға 50-60-қа жуық жас жұмылдырылды. Белсенді 10-15 жас әлі де құрылыс басында жүр. Үйдің ішкі құрылысы бітті, ол кісі қазіргі таңда үйіне кірді. Дегенмен де әлі де сыртқы жұмыстары бар. Желтоқсанда толық пайдалануға береміз. Сыртқы сылағы мен майда жұмыстары қалды. Ол 10-15 күн уақыт алады. Биылдыққа бұл – үшінші үй. Барлығы да жастардың бастамасымен мүмкіндігі шектеулі жандарға берілді. Үшеуі де жалғызбасты. Бір кісіге 100 мың теңге көлемінде ақшалай көмектестік. Яғни сыртқы сылау, әктеу жұмыстары. Екінші үйге 700 мың теңге көлемінде қаржы кетті. Оған ағайындары да көмектесті. Дегенмен жастар да белсенді түрде атсалысты. Ал бұл бастама жастардың тікелей атсалысуымен, өздерінің қаржыландыруымен жүзеге асып жатыр. Мұнымен тоқтап қалмасымыз анық, – дейді Келінтөбе ауылдық округі жастар ісі жөніндегі маман Мақсат Амангелдіұлы.
"Келінтөбелік жастар жалғызбасты анаға үй салып беріпті" деген жаңалық кімді болса да елең еткізетіні анық. Біз де "мынау жақсы ғой" деп қалғанымыз жасырын емес. Осылайша келінтөбелік жастардың жұмысына тәңті болдық. Бұл өзге аудандағы, ауылдағы жастарға үлгі болады деген ойдамыз. Жалпы Жаңақорғанда атқарылған қайырымдылық істер аз емес. Бұл олардың бір парасы ғана.
Мөлдір КЕНЖЕҒҰЛОВА

29 қазан 2020 ж. 493 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031