Базада неге маза жоқ?
Жаңа технологияның арқасында көп нәрсе жеңілдеді қазір. Байқасаңыз, бүгінде бұрынғыдай құшақ-құшақ құжат арқалап жүрген адам аз. Көп мәселеңіз Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы шешіліп жатыр. Бірақ, керекті құжатымыздың қолға кеш тиетінін де жасырудың керегі жоқ. Себебін сұрасаңыз, естір жауабыңыз жалғыз: "база жұмыс істемейді. күте тұрыңыз!".
Осындай жағдай жақында ғана өз басымнан өтті. ХҚКО-на неке құжаттарын алуға барып, 3 мың теңгедей жарнасын төлеп, бар болғаны бір құжатты ұзақ күттім. Бірақ аяқ астынан база істен шығып, жаңағы төленген жарнаны қайта төлеуіме тура келді. Бұл жерде мәселе ақшада да емес, неліктен менің үкіметім салық төлеп отырған маған қарапайым ғана дүниені жасап бере алмайды деген ой келді.
Пандемия салдарынан қазір байланыс қызметіне сұраныс пен талап күшейіп отыр. Бүкіл әлемде интернет арналарына салмақ артуда. Қазақстанда да трафиктің өсуіне интернет абоненттерінің белсенділігі, интернет дүкендердің тауарларына тапсырыстың артуы, жаңа абоненттердің қосылуы, видеоконтент аясының артуы, үйден онлайн жұмыс істеуге көшу және оқушылар мен студенттердің қашықтан оқуға ауысуы әсер етіп отыр. Осы факторлар сыртқы интернет трафиктің 20 пайыз көбеюіне әкеп соқты.
Көктем мен жазда жыр болған 42500 теңгені таратқан кезде еgov.kz және электрондық үкімет сервистері жиі жаңылысып жатты. Бұл үкіметтік IT-жүйені құрастырып жатқан қызметкерлердің кәсіби деңгейі төмен екендігін көрсетеді. Көмек сұраған 3,5 млн тұрғынның сұранысын қанағаттандыра алмаған желі алда да жақсы жұмыс істеп кете қойды деуге сену қиын, әрине. Қашықтан оқу барысында да әлеуметтік желінің әуселесі белгілі болып қалды. Жүйеге жөнді қосыла алмаған ата-ана мен балалардың біраз шулағанын да ұмытқанымыз жоқ..
Сәуір айынан бері жүргізіліп келе жатқан қашықтан оқытуда Zoom секілді шетелдік интернет ресурсты пайдаланып отырмыз. Осыған дейін Қазақстан интернетке қосылу жылдамдығы жөнінен ТМД бойынша екінші орында деп келгенбіз. Кешегі қарбаласта «Осы көрсеткіш қайда қалды?» деген сұрақ туындайды. Айта кету керек, жыл соңына дейін Қазақстанда кең жолақты интернетпен бір мыңнан астам ауыл қамтамасыз етілуі тиіс еді. Карантинге байланысты межеленген жоспар кейінге қалуы әбден мүмкін.
Дастан АЙТБАЙ, Classic Development командасы директоры:
– Базалық жүйеде болатын ақаулардың себептері әртүрлі. Жалпы компьютерлік, жүйелік деффектің пайда болуына ықпал ететін бірнеше факторларға тоқталып өтсек:
Мысалы, түнде қаладағы электр желілерінде ақау болды делік. Жауапты техник-мамандар сөнген жарықты белгілі бір уақыт аралығында іске қосты. Бірақ, көптеген мекемеде жаңағы үзіліс кезінде бухгалтериялық 1с бағдарламасының TCP/IP портынан ажырап кетуі, серверлік порттың динамикадан статикаға көшпеуі байқалады. Сондықтан да, кез келген мекемедегі серверлік жүйеде УПС құрылғысымен қатар, статикалық IP адрес бекітілген болуы міндетті. Бухгалтерияның айлық есеп көрсеткішін кеш аударуы себебі осыдан.
Серверлік жүйеден үнемдеу мақсатында мемлекеттік тапсырысқа бөлінген соманы қысқарту – тапсырыс берушінің ең үлкен қателігі. Еліміздегі ХҚКО, бухгалтериялық 1с, кері байланыс құралы «ZOOM» және өзгелері уақыт өткен сайын базаны жаңартып отыруы тиіс. «PRIMARIES» уақытында ресми сайт бірнеше мәрте өзгеріске ұшырап, жаңа сайтқа көшіп, дауыс берушілер әуреге түскен болатын. Жедел қызметті талап етуші қарапайым халыққа TCP/IP неден бұзылғаны маңызды емес қой. Аталған барша платформалар мен базалар серверлік жүйеде өз қызметін толыққанды атқаруы қажет. Қауіпсіздік пен ішкі функционалдарды дамыту IT мамандардың басты назарына іліксе, базаны уақытылы жаңарту, ақаулардың алдын алу мақсатында арнайы оқыту программалары қамтылса, ешқандай проблема туындамайды.
Ерхан АҚЫН