ЭЛЕКТРОНДЫ ДЕКЛАРАЦИЯЛАУ ДЕГЕН НЕ?
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Серік Мұстафаев өткен жылы атқарған жұмыстарға тоқталды.
Былтыр облыс бойынша көрсетілген мемлекеттік қызметтердің 89 пайыз электронды түрде тапсырылған. Бұл 2016 жылғы көрсеткіштен 7,7 пайызға артық, яғни жыл өткен сайын электронды форматта қызмет көрсету қарқыны дамып келеді. Бүгінде елімізде ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап «Электронды декларациялау» тәртібі қолданысқа енді. Мемлекеттік кірістер комитеті енгізген жаңа жоба «Астана-1» ақпараттық жүйесі арқылы экспорт режимі бойынша жұмыс істеуде. Бүгінге дейін мемлекеттік кірістер комитетінің облыс бойынша департаментінде 189 декларация электронды өңделіп, шығарылды. Электронды жүйе арқылы декларацияны өңдеу мен шығаруға 1 минутқа жуық уақыт кетеді. Көп функционалды жүйе кезең-кезеңімен енгізіледі. Сәуір айынан импорт режимі де элкетронды форматқа ауысады.
«Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бастамасымен «Өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру» ақпараттық жүйесін енгізу жобасы қолға алынған. Бірыңғай деректер қорын құру арқылы басқа құзыреттік органдармен өзара ақпарат алмасуды жолға қою көзделді. Түпкі мақсат – салықтың жиналу деңгейін көтеру. Сондай-ақ, электронды нысандар, олардың автоматты есептелуі жұмысты қолмен атқаруға жұмсалатын, пошта арқылы тасымал мен қолма-қол тапсыруға жұмсалатын уақыт пен шығынды үнемдейді», – деді департамент басшысы Серік Мұстафаев.
2017 жылы департамент тарапынан жүргізілген жұмыстың нәтижесінде бюджетке 104,7 млрд. теңге түсірілген. Ұлттық қорға 100,0 млрд. теңге түсім түскен, жалпы шоғырландырылған бюджетке 204,7 млрд. теңге өндіріліп, көрсеткіш 2016 жылмен салыстырғанда 45,4 млрд. теңгеге артты. Оның ішінде республикалық бюджеттің орындалуы 101,2 пайыз және жергілікті бюджеттің орындалуы 101,5 пайызды көрсетті.
Мөлдір САБЫРЖАН