«Сот кабинетіне» сенім артты
Өңірлік коммуникациялар қызметінде қалалық соттың судьясы Камшат Сәдуақасова мен облыстық соттар әкімшісінің ақпараттық қамтамассыз ету бөлімінің басшысы Шыңғыс Аманқұлов баспасөз конференциясын өткізді.
Онда «Электронды сот төрелігін» дамытуды жүзеге асыруға, «Сот кабинеті» ақпараттық жүйесі туралы мәлімет берді.
− Сот өндірісіндегі істердің саны көбейген сайын, қағазбастылықтан арылу қажеттілігі туындады. Осыған орай, сот жүйесі толығымен электронды жүйеге өтуге алғашқы қадамдарын жасады. Қазірде ақпараттандыру жүйесінің кеңістігі ұлғайды. Қазақстан аумағындағы соттарда кеңінен қолданысқа енгізілген негізгі электрондық қызметтер яғни «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдау жүйесі, «Сот кабинеті» ақпараттандыру жүйесі, сот отырысының аудио-бейнетіркеуі, «Талдау» форумы, «Ахуалды орталық» жұмыс жасауда," − деді Кәмшат Сәдуақасова. Жоғары соттың сайтында 2014 жылы «Сот кабинеті» сервисі іске қосылды. Сервистің қызметін пайдаланып отырған, электронды цифрлық қолтаңбаға ие азаматтар ешқайда шықпай сотқа талап арыз, шағым, өтініш, пікір немесе қарсы талап арызды электронды түрде бере алады. Мемлекеттік баж салығын онлайн режимде төлейді. Аталған ақпараттық жүйеге бүгінде сұраныс артқан. Оған дәлел, 2016 жылдың 11 айында Қызылорда қалалық сотына «Сот кабинеті» арқылы электронды түрде 9180 талап арыз тіркелсе, 2017 жылдың 11 айында 18046 талап арыз келіп түскен.