«Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келеді – Нұрсұлтан Назарбаев
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын, елімізге дамудың жаңа сапасы қажет екенін айтып, баламалы энергия саласын дамыту міндеттерін көрсетті.
«ХХІ ғасырда әлемнің табиғи ресурстарға деген мұқтаждығы жалғасуда. Олар болашақта жаһандық экономиканы және еліміздің экономикасын дамыту барысында ерекше маңызға ие болады. Бірақ шикізат индустрияларын ұйымдастыру ісін, табиғи ресурстарды басқаруға қатысты ұстанымдарды сыни тұрғыдан қайта пысықтау керек. Кешенді ақпараттық-технологиялық платформаларды белсенді түрде енгізу қажет», - делінген Жолдауда.
Осы орайда мемлекет басшысы кәсіпорындардың энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуге, сондай-ақ энергия өндірушілердің өз жұмыстарының экологиялық тазалығы мен тиімділігіне қойылатын талаптарды арттыруды тапсырды.
Сонымен бірге «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің нәтижесіннен соң баламалы энергия саласын дамыту міндеттерін атап өтті.
«Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі. Болжам бойынша, 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 %-ға жетеді. Біз 2030 жылға қарай Қазақстандағы баламалы энергия үлесін 30 %-ға жеткізу міндетін қойдық. Қазір бізде жалпы қуаттылығы 336 МВт болатын жаңартылатын энергия көздерінің 55 нысаны жұмыс істейді және олара 2017 жылы 1,1 миллиард киловатт-сағат «жасыл» энергия өндірді», - делінген ҚР Президентінің Қазақстан халқына арналған Жолдауында.
Елбасы «Жасыл» технологияларға инвестиция салу үшін бизнесті ынталандыруға тоқталды.
«Өңірлердің әкімдері шағын және орта бизнес субъектілерін кеңінен тартып, тұрмыстық қатты қалдықтарды заман талабына сай утилизациялау және қайта өңдеу үшін шаралар қабылдау керек. Осы және басқа да шаралар заңнамаға, соның ішінде Экологиялық кодекске өзгерістер енгізуді талап етеді», - делінген Жолдауда.