Елбасы АҚШ-тың энергетика министрімен кездесті
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың энергетика министрі Рик Перримен кездесті, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі. Мемлекет басшысы кездесуде АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргізілген келіссөздер барысында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ынтымақтастығына оң баға беріп, Теңіз және Қашаған кен орындарындағы жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде айтты. Мемлекет басшысы Қазақстандағы өнімді қайта өңдеу ісінде инвесторлардың күш-қуаттарын арттыруы қажеттігіне назар аударды. Қазақстан Президенті еліміздегі жасыл энергетиканы дамытуға арналған жобалардың жүзеге асырылуы жөнінде әңгімелеп, Р.Перриді Төмен байытылған уран банкінің ашылуы туралы хабардар етті. АҚШ-тың энергетика министрі кездесуге ризашылығын білдіріп, инвестициялық ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізетін негізгі факторларды атады. Кездесу соңында тараптар мұнай-газ және энергетика салаларындағы екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға қатысты пікірлерімен бөлісті.