Назарбаев Трамппен жүргізген келіссөздің қорытындысы бойынша БАҚ үшін брифинг өткізді
Қазақстан Президенті брифинг барысында Вашингтонға сапармен келуге шақырғаны үшін Дональд Трампқа ризашылығын білдірді.
Мемлекет басшысы келіссөздердің нәтижелеріне оң баға бере отырып, Қазақстан мен АҚШ-тың өзара қарым-қатынастарын одан әрі нығайту мәселелеріне тоқталды.
«Менің сапарымның нәтижесінде Қазақстан-Америка қатынастарын кеңейтілген стратегиялық әріптестік деңгейіне көтеру жөнінде шешім шығаратынымызға сенімдімін. Осыған орай біз бүгін Астана мен Вашингтон арасындағы өзара қарым-қатынастардың жаңа дәуірін бастайтын тиісті бірлескен саяси мәлімдеме қабылдадық», – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен «5+1» форматындағы ынтымақтастығын нығайтуға қызығушылық танытатынын айтты.
Қазақстан Президенті халықаралық қауіпсіздікті нығайтып, қазіргі заманның сын-қатерлері мен қауіптерін бірлесе еңсеру ісінде Астана мен Вашингтонның өзара тиімді ынтымақтастығын атап өтті.
Мемлекет басшысы Ауғанстанға Қазақстан тарапынан көрсетіліп жатқан гуманитарлық көмекті атап өтті.«Қазақстан 2001 жылы АҚШ-тың терроризмге қарсы күресін белсенді түрде жақтады және қазір Ауғанстанда жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстарға қолдау көрсетіп отыр. Америка әскерінің Ауғанстанда болуы тек АҚШ-тың ғана емес, бүкіл әлемнің ісі», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.