» » Алтын қолды автоэлектрик

Алтын қолды автоэлектрик

   Берік Шахметовтің көлік жөндегеніне көп болған жоқ. Десе де бала күннен ептілігі оны осы салаға әкелді. Талай жыл әр түрлі салада табан тоздырған оның алдына бір күнде ондаған көлік келеді. Түрі де, басқасы да әрқилы. Шаң басып, аулада көп уақыт қаңтарылып қалған темір тұлпарларды Бәкең бір мезетте гүр еткізгенін де көзбен көргендер көп.
Жалағаштық Әскер шетелдік Mitshubishi Galant автокөлігін сонау 200 шақырым жерден сүйреп әкелді. Өйтпеске, амалы бар ма?! Жұрт мақтаған талайды көрді. Ақауды қалыпқа келтірмек түгілі, қосымша «сырқат» салып берген де бар. Басын қасып көп ойланған азамат Беріктің көлік жөндеу орталығына келген. Бұрын-соңды көріп-білген адамы емес, әйтсе де кәсібилігіне күмәнмен қарайтындар жоқ.
– Көлігімнің электр жағынан ақауы шықты. Ондайда таныстардан сұрайсың. Жұрт мақтаған соң, сенім артып әкелдім. Үмітім ақталды. Қазір алдына көлік салмайтын тұлпарым жүйткіп жүр. Елдің алғысына бөленген азаматтың алар асуы да мол екеніне көңілім жылып қалды, – дейді ол.
Заманауи шетелдік көліктің қай-қайсысы болмасын, электр мәселесіне келгенде кірпияз. Оны темір тұлпар тізгіндеген былайғы жұрттың бәрі біледі. Электр мәселесі жеңіл қарайтын нәрсе емес. Мүлт кетсе, көліктің күлі көкке ұшады. Сондықтан бұл ретте кәнігі маманның көмегіне жүгінген дұрыс.
– Электр сымдарының зақымдануы орын алғанда осында келеді. Қазір көпшілік біліп алған. Мақтанғаным емес, бірақ алдыма келген көлікті жөндеп бітпейінше, тіпті тамақ та батпайды. Бастысы, өзіңнің ісіңе жауапкершілікпен қарағаның. Бұл жүрдім-бардым қарайтын нәрсе емес. Қысқа тұйылғанынан тіпті көліктер отқа оранып жатады. Сондықтан сәл нәрседен күмәнданса келіп тексертіп алған жөн, – дейді Берік Шахметов.
Қазір қат маманның қалтаны қағатын дәурені. Бірақ Берік қарапайым. Көлігі бұзылып, көңілі құлазыған жанға жығылғанға жұдырық болу емес, қысылғанда қолдау, қажет кезде демеу болғанды қалайды. Тіпті жөндеп жіберген көлігінің қайтып келгенін қаламайды.
– Кеше істеп берген көлік бүгін қайтып келсе, ол – сенің қателігің. Әрбір жіберген қателіктен сабақ алып үйрену керек. Өз ісіңе шаттанып, жұрттың мақтауына масая берсең, жоғарыға өспейсің, төмен құлдилайсың. Менің өмірлік принципім де осында жатыр, – дейді маман.
Өткен жылы облыста автокөлікке қатысты 121 өрт оқиғасы тіркелген. Оның ішінде жеңіл автокөлік – 85, ауыр жүк көліктері – 30 және 2 автобус, 1 темір жол көлігі бар. Басым көпшілігінде өрт оқиғасы электр желілерінің қысқа тұйықталуынан дейді мамандар.
– Көлікті өрттен сақтау мақсатында гараж бөлмесіндегі қауіпсіздік шараларынан бөлек, автокөлікті уақытылы техникалық байқаудан өткізу бар. Қандай ақау бар екені сол жерде байқалады. Сонан соң оны өз бетімен жөндемей, маманға апарған дұрыс. Бізде арнайы жаднама бар. Сонда осының барлығы көрсетілген. Автокөлік жүргізуші өрт болған жағдайда өзіне ғана емес, айналасына да зиян тигізуі мүмкін. Сондықтан қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, барлық механизмнің дұрыс жұмыс істеп тұрғанына көз жеткізген дұрыс, – дейді ОТЖД зілзалалардың қауіп-қатерін азайту және азаматтық қорғау саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Аспандияр Сапарғалиев.
Міне, Берік тәрізді мықты мамандар қандай уақытта да осындай қауіп-қатерлердің алдын алып жүр. Елге қызметті міндетім деп ұғып, қызмет көрсетудің жоғары деңгейінде жүрген маманның маңызы.
Біз орталықтан шығып бара жатқанда күн батып қалған. Жұрт жұмыстан үйіне асығуда. Ал Берік жолда қалған көлікті ішке кіргізіп, қандай мәселе болғанын сұрап жатыр. Өйткені, келуші сол көлікпен отбасын асырап жүрген такси жүргізушісі де болуы мүмкін еді...
Дәулет ҚЫРДАН
16 қаңтар 2020 ж. 481 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031