КӨЛІКСІЗ ӨМІР
Адам мен көлік қатар өмір сүріп келеді. Алғашында ат, кейін темір ат – техника. Осының бәрі біздің өміріміздің ажырағысыз бөлшегі.
Ат залалсыз болған-ақ шығар, бірақ кейінгі машина «жейтін» жанар-жағармайды табиғатқа зиянсыз дей алмаймыз. Біздің қалада бар жоғы үш жүз мыңнан аса адам бар. Олардың жартысы тұтынатын көлік көрші Пекиндегі ондаған миллион көліктің қасында түк емес. Онда қызықты заң күшіне енген. Яғни бір көлік қала орталығының көшесіне аптасына бір рет қана шығады. Ал қалған уақытта қала сыртындаға айналма жолдарды қолдануы тиіс. Бұның себебі қаланың орталығында болып тұр. Ол жақтағы көк түтін адам өміріне өте зиян. Пекиндегі өте биік ғимараттар әсерінен жел қала орталығындағы зиянды түтіндерді ыдыратып жібере алмайды. Тұрғындардың басым бөлігі ауа сатып алуға мәжбүр. Сенесіз бе? Қарапайым демалатын ауаны орталық көшелерге кіргенде қолданады. Бұндай жерде қондырғысыз жүруге де болады, бірақ қауіпті. Ғалымдар Пекин көшесімен жүрген адам жиырма рет темекі шеккенмен бірдей екендігін айтады. Елімізде түтінді қала қатарында Алматы көш бастап тұр. Демек бізге де осыған ұқсас заңдар қабылдау қажет. Меніңше, біз тұратын Қызылорда оның жанында тап-таза дерсіз. Көпке жақпайтын жел осы қаланың лас ауасын айдап кетеді.
Адамға зияны өз алдына, көліктерді қолдану да күннен күнге қиындап барады. Мегаполистерде сағаттап жол кептелістері болады. Одан қалса ауладағы артық көліктің кесірінен тұрақ таппай қиналатындар қаншама! Орта есеппен алғанда бір үйде екі көлік бар. Жол апатынан бөлек шығыны да әжептеуір. Ғалымдардың есептеуі бойынша адам өмірінің 100 күні көлік тұрағын іздеумен өтеді екен.
Алайда бұл шаралардың алдын алып жатқан үлгі боларлық қалалар да аз емес. 2019 жылдың мәліметі бойынша Ұлыбританияның Лондон қаласында көлікке қарағанда велосипед жүргізушілері көбейген. Ал Милан қаласында адамдардың көлік айдамай жаяу немесе қоғамдық көлікпен жүргені үшін үкімет ақша төлейді. Керемет емес пе!
Әлемнің көліктен бас тартып жатқан қалалар да бар:
Мадрид қалалық әкімшілігі көліктерге тосқауыл қойды. Орталық көшемен жүруге тыйым салынады. Ереже бұзғандарға 100€ айыппұл салынады. Бұрынғы көлік жүрген даңғылдар жаяу жүргіншілер жолына айналдырылды. Париждіктер де Пекиннің заңнамасын негізге ала отырып, қаланың ластануын 30%-ға төмендетті. Оның орнына велосипед жолдарын салуға кірісті. 2020 жылға қарай олардың саны екі есеге артады. Ал тоқпен қуаттанатын көліктерге арнайы жолдар бөлінеді. Германияның Гамбург қаласында «Жасыл әлем» бағдарламасы қабылданған. Барлық қаланың түпкір-түпкіріне саябақтар салынып, ішінде тіпті велосипедке арналған жолақтар да пайда болды және аталмыш жоба алдағы 15-20 жыл бойына жүзеге асырылатын болады. Көпке үлгі болар Копенгаген қаласы сонау 60 жылдары автокөліктер санына шектеу қойған екен. Қазіргі таңда онда 320 шақырым велосипед жолағы бар. Бұл – көлік жолдарынан анағұрлым артық көрсеткіш.
Қысқасы, ешқандай қала көліктен толық бас тартпайды. Бәлкім болашақта электр көліктері нарықты жаулайтын да шығар. Алайда қала көшелері темір тұлпарға емес адамдарға арналғанын ескерсек екен.
Амангелді ДАМИР