Теміржолшыларға тілектестік білдірді
Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев Қазалы вагон пайдалану депосының мәжіліс залында теміржолшылармен кездесті.
Кездесуде аудан әкімі алдымен теміржолшыларды кәсіби мерекемен құттықтады.
– Ауданымыздағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты өздеріңізбен жүздесудің сәті енді түсіп отыр. Сондықтан да баршаңызды көлік қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын. Ғасырдан астам тарихы бар Қазалы теміржол мекемелері еліміздің, туған жеріміздің дамуына өз үлестерін қосуда. Сол үшін де Сіздерге алғыс айтамыз, – деді Мұрат Нәлхожаұлы.
Сондай-ақ, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды кеңінен баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
– Қазалы ауданында «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының аясында құны 3 млрд 11 млн 89 мың теңге болатын 42 жоба іске асырылып жатыр. Осының нәтижесінде жүздеген тұрғынға жұмыс табылып, әлеуметтік нысандар жаңғыртылудан өткізілуде. Бағдарлама шеңберінде Ғ.Мұратбаев ауылына табиғи газ апару, Ақсуат ауылынан 150 орындық клуб салу, ауданды абаттандыру, көшелерді орташа жөндеу мен жарықтандыру, әлеуметтік нысандарды ағымдағы жөндеуден өткізу жұмыстары атқарылатын болады, – деді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген. Теміржол саласының қызметкерлерімен бірлесіп жұмыс жасаудың арқасында оң нәтижелерге қол жеткізілді. Мұны біз биылғы жылы ауданда атқарылған жұмыстардан анық көре аламыз.
Басқосуда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосып, туған жеріміздің гүлденуіне атсалысқан теміржолшылар мен ардагерлер облыс және аудан әкімінің «Алғыс хаттарымен» марапатталды.