COVID-19: Әлемдегі ахуал алаңдатарлық
Бес ай бойы қорқыныш қамытын кигізген қауіпті дерт елімізде шілденің аяғына қарай біршама бәсеңдегені белгілі. Тамыздың алғашқы онкүндігінде қалыптасқан эпидахуал көңілге ұялап қалған үрейді едәуір сейілтті. Десе де, әлем елдерінде қос өкпеден қысқан кеселдің беті қайтар емес. Тіпті күн өткен сайын жағдай ушығып барады.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, Еуропада күніне 26 мың науқас тіркеледі. Әсіресе, Франция, Испания, Италияда індет өршіп тұр. Ал Перуде балалардың вирус жұқтыруы жиілеген. Мұнда COVID-ке шалдыққандар саны 560 мыңға жуықтаған. Әсіресе балалар арасында күрт көбейіп барады. Эпидемия басталғалы 23 мыңдай жеткіншек індет ілмегіне ілінсе, 108-і көз жұмған.
Оңтүстік Корея билігі карантин талаптарын сақтамағандарды бұдан былай сот жүзінде қатаң жазаламақ. Елде жұқпалы індет неше күннен бері дес бермей тұр. Соңғы тәулікте 315 науқас тіркелген.
«Наурыздан бері алғаш рет індет жұқтырғандар саны 300-ден асып отыр. Бұл – аса қауіпті жағдай», – деп атап өтті Оңтүстік Корея Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ким Канг Лип.
Елдегі қалыптасып отырған эпидахуалға байланысты Оңтүстік Корея астанасы Сеулде маска тағу режимі күшейді. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі РИА Новости агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Қала билігінің мәліметіне сейкес, соңғы 10 күнде елде COVID-19 инфекциясын жұқтырудың жаңа 2,6 мың дерегі тіркелген. Сеул мэриясы қала тұрғындарын маска тағып жүруге міндеттеді. Масканы тұрғындар тек тамақтанғанда шешуге рұқсат беріледі. Сонымен бірге сеулдықтар масканы көлік және қоғамдық орындармен қатар ғимарат ішінде де тағып жүруі керек.
Үндістандағы пандемияның қарқыны да адам шошытарлық күйде. Айналдырған екі аптаның ішінде індет жұқтырғандар саны 1 миллионға өскен, – деп хабарлайды Egemen.kz.
Пациенттерге ауруханаларда орын жетіспей, дәрігерлер де, адамдар да абыржулы. 23 тамызда Индия Денсаулық сақтау және отбасының әл-ауқаты министрінің хабарлауынша, бір тәулікте 912 адам ажал құшып, жалпы індеттен көз жұмғандар саны 56706-ға жеткен.
Елде күнделікті 65 мың мен 70 мың арасында вирус жұқтырғандардың тіркелуі алдыңғы орындардағы АҚШ пен Бразилияның көрсеткішін қосқандағыдай болып тұр. Осылайша кете берсе, Үндістан тізімнің ең басына шығуы мүмкін екенін айтады мамандар.
Финляндия үкіметі COVID-19 індеті бәсеңдемей тұрған 10 елмен барыс-келісті қайтадан шектеді, – деп хабарлайды Egemen.kz. Атап айтқанда, елдің Ішкі істер министрлігі 24 тамыздан бастап Норвегия, Дания, Исландия, Германия, Грекия, Мальта, Ирландия, Сан-Марино, Жапония және Кипрмен арадағы барыс-келістің шектелетінін мәлімдеген. Сонымен бірге Солтүстік Македония мен Турку қаласын жағалаған әуе байланысы да тоқтатылуы мүмкін. Себебі, осы елдерден келген 40 адамнан вирус анықталған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сүйенсек, шілдеге қарағанда тамызда финдіктер арасында ауру көрсеткіші ұлғайған. Пандемия жария етілгелі бұл елде 7752 адам ауырып, 334-і көз жұмған.
Түркияда да соңғы күндері коронавирус індетін жұқтырғандар саны артқан. Елдің Денсаулық сақтау министрі карантиндік шараларды күшейту керектігін айтуда. Егер қатаң тәртіпке бағынбаса, күз айларында вирустың екінші толқыны болуы мүмкін екенін де ескертеді. 22 тамыздағы мәлімет бойынша бір тәулікте 1203 адамға COVID-19 диагнозы қойылған. Жалпы індетке шалдыққандар саны 255 мыңнан асады. Қайтыс болғандар 6080 адамды құраған.
Ал еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметовтың хабарлауынша, елімізде 13 наурыз бен 24 тамыз аралығында 104713 адам ауырған. 92598-і жазылып шықса, 1523-і қайтыс болған. Қазіргі уақытта індетке шалдыққан 10597 науқас ем алуда. Олардың арасында 52 бала бар. Стационарларда 5673 науқас жатса, 4924-і амбулаториялық жағдайда ем алуда. Науқастардың арасында 309 адамның жағдайы нашар. 1-24 тамыз аралығында COVID-19-ға ұқсас белгілері бар, бірақ ПЦР сынамасы теріс нәтиже көрсеткен пневмонияның 22774 жағдайы тіркелді, 258-і қайтыс болса, 4519 адам сауығып шыққан.