Президент: Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр
(Мемлекет басшысының республикалық «Ана тілі» газетіне арнайы берген сұхбаты)
– Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, бүгінде бүкіл әлемді алаңдатып отырған індет, өкінішке қарай, біздің елімізге де оңай тиген жоқ. Пандемия алғаш басталғаннан-ақ, Өзіңіздің басшылығыңызбен мемлекет көптеген әлеуметтік-экономикалық іс-шараны қолға алды. Одан жалпы жұрт хабардар. Елімізде жарияланған төтенше жағдай екі айға жуық мерзімге созылды. Карантин шаралары әлі де жалғасып келеді.Жалпы соңғы кезде карантин шараларына қарамастан елімізде індет тез таралуда. Қазірдің өзінде дерт жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтады. Жүзден аса адам осы науқастан қайтыс болды. Жұрт кәдімгідей үрей құшағында қалды. Бұл індет түрлі деңгейдегі билік өкілдерін де айналып өткен жоқ. Ел арасында «Үкімет індеттің таралуын бақылаудан шығарып алды, сондықтан ауруханаларда орын жетіспейді» деген секілді әңгімелер де аз емес. Дүрліккен жұртқа қандай басу айтасыз? Расында да, осы індеттің таралуына қарсы күресте жеңіліп жатқан жоқпыз ба?
– Шынында да, бұл індет біздің ғана емес, жалпы әлемдегі адамзаттың бет-бейнесін, тұрмыс-тіршілігін өзгертті. Ауыр дерттің алдында дамыған мемлекеттердің өздері дәрменсіз болып отыр. Оған бәріміз куәміз. Озық деп жүрген Еуропа елдері, азуын айға білеген АҚШ, Азия алыптары – Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, тағы басқа да елдер тығырыққа тірелгендей.
Ал қазір, «біз осы індетпен күресте жеңіліп жатырмыз немесе Үкімет ахуалды бақылаудан шығарып алды» деуге болмайды. Өздеріңізге мәлім, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында жұқпалы ауруларға арналған үш аурухана жедел салынды. Басқа өңірлердегі ауруханалар керек-жарақпен жабдықталды. Науқастарды емдеуге дәрігерлеріміздің біліктілігі жетеді. Қазір, ақ халатты абзал жандар күндіз-түні осы індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүр. Мемлекет тарапынан қажетті қаражат бөлінді.
Бір нәрсені айта кетейін, биліктегілер де өздеріңіз секілді ет пен сүйектен жаралған адамдар. Лауазымды қызметкерлер жұмыс бабына байланысты бірқатар азаматпен кездесуі керек, сондықтан ел ішіндегі іссапарларға шығады. Сондай жағдайда кеселді жұқтырып алуы мүмкін. Иә, олар да ауырады, науқасынан емделеді. Билікте жүргендердің арасынан 15 шақты адам осы дертке шалдықты. Ал қазіргі статистика бойынша, вирус жұқтырғандар саны 20 мыңға жуықтады. Яғни олардың көпшілігі – қарапайым халық. Бұл жердегі мәселе кімнің қалай жұқтырып алғанында емес. Сол азаматтарымыздың ауруын асқындырып алмай, тезірек жазылып шығуына жағдай жасау қажет. Ауруға шалдыққандарды шенеунік немесе қарапайым жұрт деп бөліп қарауға болмайды. Қазақ «Кемедегінің жаны бір» дейді. Біз бір елде тұрып, бір ауаны жұтып, бір қоғамда өмір сүріп жатқаннан кейін ешкім де бұл аурудан өзін толықтай қорғай алмайды. Бір планетаны мекен еткен соң өзге елдегі дерт бізге келмейді деп бейқам отыра алмаймыз. Пандемия шекараға қарамайды. Сақтансақ қана өзімізді, жақындарымызды аурудан аулақтата аламыз. Сондықтан ел азаматтарын карантин режимін қатаң сақтап, тазалыққа мұқият болуға шақырамын. Бұл – өтпелі қиындық, уақытша сынақ. Біз осы індеттен және экономикалық дағдарыстан кейін қалай дамимыз, не істеуіміз керек деген мәселеге баса мән бергеніміз жөн.