ҚЫЗЫЛОРДА: ҚОҒАМДЫҚ КӨЛІКТЕР КӨБЕЙДІ
Облыс орталығында аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен шаһарымызға жаңадан әкелінген автобустарды табыстау рәсімі өтті.
Қала тұрғындарының қоғамдық көлікке деген сұранысын қанағаттандырып, саланың тынысына тың серпін беру мақсатында автобус паркі жаңа 13 автобуспен толықты.
Шарада облыс әкімі Г.Әбдіқалықова Қызылорда автобус паркі құрылған санаулы жылда автопарктің техникалық базасын қалыптастыру мақсатында 122 жаңа автобус алынғанын айтып, қаламыздың қоғамдық көліктер қатарын толықтырған жаңа автобустар ел игілігіне ұзақ қызмет етуін тіледі.
Семей қаласындағы «СЕМАЗ» ЖШС-да құрастырылып, шығарылған автобустар автопарктің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында облыстық бюджеттен бөлінген 209 млн теңге және автобус паркінің 242 млн теңге өз қаражаты есебінен алынған.
Соңғы үлгідегі іші кең әрі жайлы заманауи автобустардың сыйымдылығы 55 адамды тасымалдауға жетеді. Маршруттың жылдамдығын шектеу, қозғалыс интервалын бақылауға арналған GPS жүйесімен жабдықталған, жергілікті жердің климаттық жағдайына бейімделген, экологиялық таза метан газымен жүреді. Жолаушылардың автобусқа мініп, түсуі толығымен бейнебақылау камерасына жазылады. Ең бастысы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді.
Жаңадан келген автобустар жолаушылар тасымалы басым №1 бағытқа жіберіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсетеді.
Суреттер Нұрболат НҰРЖАУБАЙ