» » КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗДЫҢ ХАТТАРЫ

КІТАПХАНАШЫ ҚЫЗДЫҢ ХАТТАРЫ

   Сәлем! Хатыңды алдым. Төпеп жазып жатырсың. Мила екеуміз оқыдық. Әзілдеріңе күліп алдық. Тезірек жаз хатты,– деп Мила жанымды алып болды. Мен ойланып, толғанып жүргенімде, мына хатың да жетіп келді тереземді қа-ғып. Оқас досың әкеліп берген. Жынды, сол ғой мезгілсіз терезені тықыл-датқан. Әрнені айтып қылжақтайды. Тас төбесінен жұдырығыммен бір қой-дым. Содан қолым ауырып қалды. «Сен қызға айлы түнде жұлдыз санатып алар ма еді» дейді. Жайлаубек, Оқастың не дегені бұл?! Түсінбедім.
 Арамыздағы жайлардан мамаң хабардар екен ғой. Әл-әзір білдірмей қоя тұрмадың ба, сенің үш жылың біткенше кім бар, кім жоқ. Бізге қайда-а әлі... Енді ол кісінің алдында бұрынғыдай «тайраңдап» жүре алмайтын болдым. Мен біздің құпиямызды Мила үшеуімізден басқа бір жан білмейтін шығар деп жүрсем. Түнде төсекте көпке дейін ұйқым келмейді. Білмеймін неге екенін. Әдейі телевизорды сөйлетіп кеш жатсам да ұйқым қашып кетеді. Сосын төсекте кітап оқып жататын әдет таптым. Содан бір уақытта кірпігім ілінісе бастайды. Сол кезде ғана жарықты сөндіріп ұйқыға бас қоямын.
Сені отпуск дейтінге жібермей ме? Көзіме бір көрініп кетсең қайтеді... Қой, қайдағы-жайдағыны айтып басыңды ауыртпайын. Жақсы жауынгер бо-лып оралуыңа тілектес – Мен.
*     *     *
Сонымен бұл хатың да келіп жетті. Конверттер сатып алайын деп поштаға барғанмын. Сенен хат келіп тұр екен. Алдыңғы хатың да тез келген сияқты еді, бұл хатың да жедел жетіпті. Қалай тез келген?! Мектепті сенен екі класс кейін бітірген Ибаны білесің ғой. Ол да келе қалған поштаға. Хатыңның сыртындағы «вручить лично в руки» дегеніңді көре қалып жабы-са қалғаны. Хатыңды маған біреу әдейі әкеліп қолыма құрметпен табыстай-тындай сол ескертпеңді жазбай-ақ қойсаң қайтеді. Иба қызық қыз екен, Милаға айтып жүрген сырыңды маған айтайын демейсің, жасырасың. Үстінен түстім ғой, ең болмаса Жайлаубектің осы хатын екеулеп оқиықшы,– деп қиылып қоймағасын оған да оқыттым. Өмірі жігітпен хат алысып көрмегендей хатыңды бас алмай оқып, соңында демін бір-ақ алды. Сосын әрнеңені бір айтып басымды ауыртты, көзі жасаурап, дауысы дірілдеп. Сен оған бұл өмірде ұмытпайтындай жақсылық жасаған екенсің. Бірде оны мотоцикліңмен базарға алып барып, алып қайтқаныңды, жолда суға түс-кендеріңді; сосын «Арман» асханасына барып тамақтанғандарыңды, тағы-тағы бірдеңелерді шұбыртып айтып аузы тозды. Жайлаубекке  менен сәлем айт та сәлем айт деп болар емес. Сірә, осы қызға ұнап қалғансың-ау деймін. Хат сыртындағы адресіңе жабыспағанына шүкір дедім. Сонымен біздің жайымыз сүйреңдеп сөйлейтін Ибаға да мәлім болды. Енді ол қыз ауылға жаятын болды-ау деп қорқып жүрмін. Неғылам енді...
Хатыңда сағындым дегенді айтыңқыраған екенсің. Қайтейін, сен сағынғанда мен сағынбайды деймісің. Әлгі қыздан ұят болды. Ұялғаннан не дерімді білмедім. Үндемей құтылдым. Аядай ауылдық жер. Сыбырлағаның да жетеді ел шетіне. Хатыңды ендігәрі байқап жазатын болшы. Саған хат жазып отырғанымда, жүрегім дүрс-дүрс соғып отырады. Неге өйтеді екен. Міне, осы жолы да дүрсілдей бастады. Болар. Хат күтемін. Аман болғайсың. Сені сүйген – Мен.
*    *    *
Сәлем – Менен! Хатың келді. Амандығыңды біліп, жағдайыңа қанығып, қуанып қалдым. Мендегі жаңалық: шілде туа басталатын қырық күндік жазғы сессияға дайындалып жүрмін. Амандық болса биыл жаз тәуекел деп екінші курсты қайыратын шығармын. Сосынғы екі жылда жоғары білімді кітапханашының дипломымен қарсы аламын ғой, азаматтық борышын өтеп қайтқан жауынгерімді. Аптаның алты күнін кітапханада өткіземін. Оқырман-дарым сол өзің білетін мұғалімдер мен олардың шәкірттері. Оқушылар мені жалықтырмайды. Алты күннің қалай өткенін білмей қаламын. Ауылда кітапхана жалғыз, кітаптар әлемінде мен жалғыз. Қызық, ә?
Демалыс күндерімде аудан орталығынан жеткізіліп тұратын жаңа кино-ларды көруге өзің білетін қыздармен клубқа барамыз. Мамам да есесін жі-бермейді, үйдің жұмысына жұмсап алады. Өзім де қол қусырып қарап отыра алмаймын. Үйге қараймын. Кешке жұмыстан келіп, тамаққа тыңқиып тойып алғасын далаға шығып демаламын. Ойға берілемін. Сені ойлаймын. Мамам-ның кейде «қызым үйде, көңілі түзде» деп отыратыны есіме түсіп күліп ала-мын. Шынында солай екен. Таза ауаға тойып алғасын бөлмеме кіріп алып те-левизордан дүние әлемнің күнделікті жаңалықтарына қанығамын. Әр күнім осылай өтіп жатыр.
Тағы бір жаңалық: сүр бойдақ Бөртай уһ деп үйленіп алды ақыры. Бәле екен өзі. Алматыда эстрада студиясын бітіріп жолдамамен осында келген, өзі елікше елеңдеп, секіріп басып ойнақтап жүретін қағылез қызды жылға жет-кізбей бағындырды. Әлгі қыздың тұла бойы түнған талант: өзі әнші, әрі өл деген биші, күй де тартады. Ауылдың балғын бүлдіршіндерін ән мен биге баулуда. Қыз Бөртайдан он жас кіші екен. Сырын білмеймін ғой, көкесіндей кісіге қосылғаны маған біртүрлі көрінді. Мейлі ғой, ауылымыздың бір сүр бойдағы аяқтанып жақсы болды.
Қызық болғанда, осы хатымды қайтадан жазып отырмын. Хатыңды оқып болу бойына отыра қалып жауап жазғанмын. Поштаға ертең барып салармын деген оймен оқып жүрген кітабымның арасына тығып қойғанмын. Ертеңіне кітапты қолға алғаным сол, сенің де, менің де хатым жоқ. Іздеп, іздеп таппадым. Ойым Ибадан болды-ау деймін. Сол қыздан басқа «шпион» келген жоқ. «Киноға барсақ қайтеді, соңынан би болады екен» деп жетіп кел-ген. Мен шай дайындайын деп кухняға кеткенмін. Қайдам, сондай сәтте қа-ғып түспесе. Білмеймін неге екенін, осы қыз соңғы кезде мені айналшықтап жүр.
Сонымен бір жылыңды бітіріп, екінші жылыңды бастадың. Күзде кетіп едің, міне, осы күзде жыл толды. Құттықтаймын! Уақыт тезірек өтсе екен, ә, Жайлаубек? Аман бол. Сенің аман, абыройлы болуыңды тілейтін – Мен.
*    *    *
Сәлем, солдатым! Хатың құстай ұшып тағы келді. Конвертін ашқанша асықтым. Біздің үйдің кішкентай еркесін білесің ғой. Інім Әленді айтам. Ол мені осы жолы қатырды. Сенің өткенде салып жіберген суретіңді фотоальбо-мымнан алып Мамама көрсетіпті. Ұят-ай, кім көрген мұндай ессізді. Бұрын жыным ұстағанда өзін томпылдатып алатын едім. Енді іштей қыпылдап, аяғымның ұшымен басып жүрмін. Үйдегілердің көзінше бірдеңе деп қояр деп. «Тәте, а Тәте, әскерден келгесін Жайлаубек саған үйленеді ғой, ә?» дей-ді. Құрсын, бұған не дерсің. Сенімен талай кездесіп жүргенде ерітіп баратын едім, Мамамның көзін алдап. Содан тапқан пайдам ғой.
Сен суретке тымжақсы түседі екенсің. Әскери формаң да жараса қа-лыпты өзіңе. Сұлу суретіңнен ала-алмадым көзімді. Қайта-қайта қарай бергім келеді.
Жаным Жайлаубек, осы бірер күнде мені біреулер жаман қатты қор-қытты. Мұны саған айтпағанда, кімге айтамын. Мила, Иба, Гүлия төртеуміз киноға барғанбыз. Үнді филімі, кәдімгі махабат жыры. Кино аяқталып сырт-қа шыққанымызда, сенің достарың Беркін, Оқас, Кешубай, Мүрсәлім қыздар-ды үйлеріне шығарып салайық деп бізді күтіп тұр екен.
Үн-түнсіз келе жатырмыз. Әркім өз ойымен, қилы хикаяға толы кинодан алған әсермен ойға батып. Клубтан ұзап кеткенімізде артымыздан бір топ бі-реулер ентелеп қуып жетті. Төрт қыз төрт баланың қолынан ұстай алып зыта жөнелдік. Олар қуып келеді. Тоқтаңдар! – дейді. Тоқтау қайда. Өздері біраз-ау деймін, бізді құтқармады, төрт баланы бөліп әкетті. Ал төртеумізді төрт еркек тырп еткізбей ұстап қалды. Біз қорыққаннан қалтырап, дірілдеп бақы-рып жылап жібердік. Мені ұстап алған кісі шошып кетті-ау деймін, қолы бі-легімнен ажырап кетті. Бір қарасам, состиып тұр. Мен тұра қаштым. Бірақ ұзатпады. Ұстап алып: «Сен қыз бүгіннен бастап мендік боласың, менімен жүресің» дейді. Ал керек болса. Зәрем ұшты. Білегімнен қысып ұстап алған. Енді жіберсейші. Қанша бұлқынсам да босатар болмады. Жігіт басымен қа-лай ұялмайды, а?! Әлім келмегесін мен тағы бақырып жыладым. Өзі ішіп алған екен, арақтың иісі мүңкіп тұр. Жүрегім көтеріліп, лоқсыдым жеркеніп.
Білегінен қыршып тістеп алып, тәлкегіне беріспей тұрғанымда, қалай болғанын білмей де қалдым, әлгі мені қалпақша көтеріп алып тапырақтай жөнелді. Мен жібер, жібер деп бетіне сабалап келемін. Ол тұра қалып аузыма бірдеңені тыға салды. Үнім шықпай қалды. Абырой болғанда, бір жағынан Беркін жетіп келді, үш-төрт жолдасымен. Олар: «Жаныңның барында қызды босат!» деп алқымға алсын. Батырға да жан керек деген, әлгі мені келіге кел-сапты түйгендей жерге дік еткізіп қоя салды. Оңбаған, аузыма беторамалын тыққан екен. Онысы темекі сасиды. Жүрегім айнып тағы лоқсыдым. Әлгінің зорлығына ызадан жарылып кете жаздадым-ау деймін, бетіне қалай қол жұм-сағанымды білмей де қалдым. Сол сәтте біреу атылып кеп мені құшақтай ал-ды. Беркін екен. Ол мені жүр-жүр, кеттік деп қолымнан жетектеп дедектете жөнелді. Ышқынып жүгіріп келемін. Жүгіріп келе жатып жылап келемін.
Әлгілер сол жерде керілдесіп қалған. Артыма қайырылып қарауға да қорықтым. Беркін екеуміз үй-үйдің тасасымен дедектеп желіп отырып ұзап кеттік-ау әйтеуір. Біздің үйдің іргесіне келгенде екеуміз демалып екпінімізді басуға тізе бүктік. Бұлар кімдер болды екен деймін Беркінге. «Шамасы сонау темір жолдың арғы бетіндегі жұмысшы поселкесінің бұзық жындыбастары-ау деймін, ертең күн жарықта біле жатармыз» деді. Өз-өзімізге келгесін ол үйіне кетті. Мен үйге келгесін үнімді шығармастан жуынып-шайынып алып төсегіме жатып қалдым. Содан түнімен үзік-үзік қорқынышты түстер көріп, қайта-қайта шошып ояна бердім. Ертеңіне әрең тұрдым. Біреу сабап таста-ғандай тұла бойым қозғалтпай қалыпты. Енді ме енді, көшеге мезгілсіз шық-паспын-ау. Ендігәрі жазда болмаса, түнде аяқталатын киноға бармаспын. Әс-керден келгесін өзің алып барарсың. Әзір үйде телевизордан көрсем де бо-лады киноны.
Жаным, сен қобалжып қорықпа. Мен енді бұдан былай абайлап сақ жү-ретін боламын. Еркінсуге болмайды екен. Мамамның екі күннің бірінде абай бол, байқап жүр деп ескертіп, қайырмалап отыратыны бекер емес екен. Ал сен мені ойлап уайымдама. Беркін, Кешубай, Мүрсәлімдей достарың барда, менің жолымда жылан да жата алмайды екен. Олар және олардың достары бізді қорғап қалды. Осы менің жаңалықтарым.
Жайлаубек, сен темекі шекпейсің ғой, ә? Шекпе, шекпе, иісі жаман бола-ды екен. Мен десең арақтан да аулақ болғайсың. Көріскенше деп – Мен ғой.
                                          *    *    *
Сәлем, менің жауынгерім! Хатты көп күттірмей жазып тұратының қан-дай жақсы! Сенен хат-хабар келген сайын көңілім бір көтеріліп қалады...
Ел шетінде жүрген сенен хат алған күні мен өзімнен өзім ыңылдап ән салып, күй тартып жүргендей боламын. Сол күні менің арманшыл көңілім ән болып қалықтайды, көкірегімді кернеп күй әуені күмбірлейді. Қанатты қиялым кең дүниені шарлап кетеді, көкке шарықтап барып қайтады. Өзімді жер мен көктің кеңістігінде табаным жерге тимей ұшып жүргендей сезінемін. Оқуымды ойымдағыдай аяқтап, сүйгеніме қосылуды армандап аңсаймын. Көңілімдегі күй күмбірі, ән әуені осылай қанаттанып шалқиды. Сенен хат алған күні әдеттен тыс көңілді жүремін, жан дүнием сағыныш толқынына толып. Менікі бір сарқылмайтын сағыныш... 
...Мені осындай күйге бөлейтін – сенің хаттарың. Сірә, сен ақын шығар-сың. Сенің хаттарыңнан мен ақ өлең оқығандай боламын. Қиялымды қозғай-сың, ойымды қанаттандырасың. Ондайда мені не ойландырмайды дейсің. Кей-кейде қайдағы-жайдағыны ойлап кетемін. Қуанған күндерім де, көңілсіз сәттерім де қайтып оралғандай болады. Өткендегі оқиға да елес береді. Өңім-де емес, түсімде болғандай. Сондағы бұзақылардың кімдер екенін Беркіннен сұрасам, қайтесің деп айтпады. Ибаның маған жеткізуіне қарағанда біздің балдар аналармен жұдырықтасып қалыпты. Оқас амалын тауып зытып кетіп балдардың тағы бір тобын жинап жеткен. Содан шеке қызбай болған.
Өткенде Иба киноға барайық, кинодан кейін би болады екен деп тағы келген. Ол қыз маған келгіштеп тұрады. Киносына сылтау айтып бармай қалдым. Беркіндер егер киноға барғыларың келсе, бізбен хабарласыңдар деген. Жоқ, енді киносына да, басқасына да бармаймын.
Есіңе алшы, жазғы кинотеатрдың іргесіндегі бақтың ішінде серуендеп жүргенімізде, екеуміз: «мәңгі бірге боламыз» деп қол алысып уәделескені-міз. Кино көруге баруын барғанымызбен серуендегіміз келген. Іште кино лентасы зырылдап жатты. Біз бақта киноның сөзін де, музыкасын да есітіп отырдық. Сен: «Мына филім махабат туралы екен ғой, бекерге кірмеген екен-біз. Ертеңгі сеансына келейік», – дегенсің. Ертеңіне барып көрдік.
Сондай күндеріміз жиі оралады есіме. Сондай күндерге жетуге асыға-мын кейде. Сен ол жақта неғып жүр екенсің. Сол күндерді сен де есіңе алып жүретін шығарсың. Мен дәл осы мезетте күнделік дәптерімді парақтап өткен күндерімізді еске алып отырмын. Ал сен осы сәтте қайда екенсің. Суретімді салып жіберемін. Бұл суретімді де сақтарсың.  Я деші. Бүгінгі заман фотоғы-лымының жемісі ғой. Менің бір жаңалығым: екеуміз көрген сол махаббат туралы киноны кеше түнде телевизордан көріп, өткен шаққа қайта оралған-дай қиялымды шарықтатып алдым. Тағы бір жаңалығым: Саттар Ерубаевтың «Менің құрдастарым» романы бойынша жоғары класс оқушыларымен оқыр-мандар конференциясын өткізу дайындығына кірісіп кеттім. Баяндаманы өзім жасаймын. Бастап жазып жатырмын. Бұл роман жастардың сүйіп оқи-тын романтикаға толы шығармасы ғой, қайран қыршынның. Бұл романды сен оқып па едің? Оқыған шығарсың. Оқымасаң, ауылға келгесін оқырсың.
Жайлаубек, мен – Лиза, сен –  Рахмет! Қалай, дұрыс па?
Хатыңды күтемін. Амандығыңды тілеймін. Сәлеммен, Рахметін күтіп жүрген Лиза деп білерсің.
*  *  *
Уай, айтарыңыз не ағайын, қыз жиырмаға толған еді...
Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ.
Қызылорда қаласы.
17 қаңтар 2020 ж. 856 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930