Әкімшілік іс медиация тәртібімен аяқталды
Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында азамат Ж.-ға қатысты Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық туралы Кодексінің 73-1-бабының 1-1-бөлігімен әкімшілік іс қаралды.
Азамат Ж. 18 тамыз 2020 жылы Қызылорда қаласы, Тасбөгет кентінде орналасқан ұйде өзінің әйелі И.-ға былапыт сөйлеп, қорлап тиісіп, отбасы-тұрмыстық қарым-қатынастағы адамға сыйламаушылық білдіретін әрекеттер жасаған үшін, Қызылорда қаласының полиция басқармасымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа негізінен қарау үшін жолданған.
Істі қарау барысында, жәбірленуші күйеуімен татуласып, бітімгершілікке келіп, істі тоқтатуды сұрады.
Сот қаулысымен өзіне қатысты әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс бойынша iс жүргiзiлiп жатқан тұлға Ж.-қа қатысты Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73-1 бабының 1-1 бөлігімен қозғалған әкімшілік іс, Кодекстің 64-бабына сәйкес жәбірленушімен бітімгершілікке келуіне байланысты өндірістен тоқтатылып, құқық бұзушы әкімшілік жауаптылықтан босатылды.
Медиация сот процесінің тараптарына ымыралы баламаға қол жеткізуге, екі жаққа да тиімді келісімге келуге, дауды бейбіт жолмен реттеуге мүмкіншілік береді.