САҚТЫҚ ШАРАЛАРЫНА МӘН БЕРЕЙІК
Баршамызды біраз әбігерге салған коронавирус індетімен күрес шаралары қарқынды түрде жүргізілді. Мерзімінде енгізілген карантин шараларының әсерінен індетті ауыздықтауға мүмкіндік туды.
Әлем мемлекеттерін дүр сілкіндірген бұл індет адамдар арасында тез таралуымен ерекшеленеді.
Індеттің негізгі қоздырғышы – коронавирустың жаңа түрі "2019-nCov2". Осы індеттің халық арасында таралуының алдын алу мақсатында еліміз бойынша төтенше жағдай жарияланды. Коронавирус індетінен сақтану шаралары бойынша халық арасында қаншама санитариялық-ағарту жұмыстары жүргізілгеніне қарамастан аталмыш дерт біздің Сыр өңірін де айналып өткен жоқ. Жаңақорған ауданында тіркелген жағдайларға байланысты денсаулық сақтау саласы қызметкерлері күшейтілген жұмыс режимінде жұмыс істеді және соңғы науқас сауығып шыққанға дейін көп іс атқарылды.
Менің айтпағым, тұрғындар тарапынан сақтық шараларына әлі де жете мән берілу керек, жұмыс істеуге рұқсат етілген барлық еңбек ұжымдарында санитариялық талаптар қатаң сақталуға тиіс. Сондықтан барша тұрғындарды сақтық шараларына үлкен жауапкершілікпен қарауға шақырамын.
Сондай-ақ жиын-тойларды барынша тоқтатып, коронавирус инфекциясынан сақтану шараларына баса мән берулеріңізді сұраймын. Адамдармен қарым-қатынаста, көшеде жүргенде үнемі бетперде киіп, қолды сәт сайын антисептикалық сұйықтықтармен жуып жүрейік.Асқан Отарбеков,
Жаңақорған аудандық ауруханасының жоғары санатты дәрігер-эпидемиологы