ШЫҒЫНЫ АЗ КӘСІП
Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде сабын өнеркәсібі қарқынмен дамып келеді. Басқа жууға және тазартуға арналған тауарларға қарағанда кір сабын өндірісінің даму көрсеткіші жоғары. Ел арасында гигиенаға арналған тауарларды тек зауыт шығарады деген түсінік қалыптасқан. Негізінде сабынды үй жағдайында дайындап, кәсіп етуге болады. Мәселен, қала тұрғыны Ербол Темірбекұлы кір сабын шығаруды өндірістік деңгейде жолға қойды. Істі қолға алғанына көп болмаса да, тірлігі ақырындап алға жылжуда. Ерболдың шағын цехы бір күнде орта есеппен 1 тонна, яғни 5 000 дана сабын шығаруға қауқарлы. Күнделікті қолданыстағы кір сабынды жасау әдісінің қыр-сырымен танысу мақсатында жас кәсіпкерді әңгімеге тарттық.
«СЫР САБЫНЫНА» СҰРАНЫС ЖОҒАРЫ
Кәсіп бастау оңай шаруа емес. Қомақты қаражатты бірнеше жыл жинақтап, бизнес жобаларды зерттедім. Өңірімізде саудамен айналысатындар көп. Осыдан-ақ өндіріске бет бұру керегін түсіндім. Содан бері тың жобаны қолға алу керек деген ой маза бермеді. Сан түрлі бизнесті интернет желісінен қарадым. Көңілімнен шықпады. Кейін халық күнделікті тұтынатын тауарлар қажет деген ойға келдім. Содан «неге сабын шығаруды қолға алмасқа?!» деген ой келді. Келіншегім екеуміз сабын жасау техникасын интернеттен қарап үйрене бастадық. Сабынға қажетті шикізат өзімізден табылды. Бір байқағанымыз, біздегі сатылымдағы Ресейдің кір сабындарының құрамында шошқа майы кездеседі екен. Сондықтан біз сабынның құрамын жан-жақты зерттеп, бұл олқылықты түзетуге бағыттадық. Өңірімізден шығатын кір сабынды «Халал» стандартына сай етіп жасадық. Бүгінде сұраныс жоғары. Тұрақты жұмыс күші жоқ. Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі дамытып, басқа да түрлерін ашу ойда бар. Осы сәтті пайдалана отырып, мен секілді отандық өнімнің өрлеуіне атсалысып жүрген кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қайтарымсыз несие берілсе, ісіміздің дамуына үлкен қолдау болар еді.
БОЛАШАҚҚА ЖОСПАР КӨПҚазір цехтағы жұмыс қызу жүргізілуде. Үлгермейтін кездер болып тұрады. Туыстарыма өтініш айтамын. Ал сабынның сапасына келер болсақ, 200, 250, 300 грамм. Қаттылығы жоғары, жақсы көпіреді. Қатты дейтініміз, сабын қаншалықты қатты болса, сапасының соншалықты жоғары екенін аңғаруға болады. Сабын бағасы грамына қарай арта береді. Сабын қайнату ісі – ежелден келе жатқан кәсіп болғандықтан жылдам бейімделіп кеттік. Дегенмен кәсібіміз бірден дамып кетпеді. Әрі кәсіптің танылуы үшін жарнаманың ауадай қажет екенін ұқтым. Қазір бизнесіміз еңбектеу сатысында. Болашақта «Сыр сабынын» көптеген қалаларға тасымалдап, отандық кәсіпкерлікті дамытқымыз келеді. Бүгінде бір күнде орта есеппен 1 тонна, яғни 5 мың дана сабын дайындай аламыз. Бұл мөлшерді 10 мың данаға дейін ұлғайтқымыз келеді. Қазір тек қана кір сабын шығарып жатқанымызбен, болашақта бұл кәсіпті кеңейткіміз келеді. Дәл осы кір сабынның ұнтақ түрін, бірнеше иіс сабын, түрлі сусабын шығару ойда бар. Тапқан табысымыз адал, балаларымыздың қажеттілігіне жетеді. Ендігі мақсат – қаламыздың атын шығарып, «Сыр сабыны» өніміне сұранысты арттыру.
Тұрмыстық химия саласындағы көптеген жаңалықтарға қарамастан, кір сабын сұранысқа ие, әрқашан тұтынушы табылады. Отандық өнімді балабақшалар, мектеп, медициналық мекемелер сатып алады. Сабынның бағасы қолжетімді, құны 100 теңгеден басталады. Цех алдағы уақытта өндіріс қуаттылығын кеңейтіп, иіс сабын мен сұйық сабынды шығаруды жолға қоймақ. Жас кәсіпкердің талпынысы көңіл қуантады. Алдағы уақытта Сыр елі сабынымен мақтанатын күні алыс емес сияқты.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА