Полимер Продукт
Қаламыздағы қалдықсыз өнім өндіретін «Полимер Продукт» ЖШС күніне 35-40 мың дана қап тоқиды. Отандық өнімнің сапасымен қатар санын арттырғысы келетін кәсіпорын сырттан келетін тауарларды ығыстырып, өнімнің қолданыс аясын кеңейтуді көздейді. 2016 жылы іске қосылған зауытта тоқылған полипропиленнен әзірленген қаптарға халық тарапынан сұраныс жоғары.
«Қазіргі таңда еліміздің нарығында полипропиленнен жасалған қапқа сұраныс бір айға 80 млн.дананы құрайды. Осы сұраныстың 40 пайызын еліміздегі зауыттар қамтып отыр, қалған 60 пайызы шекаралас елдерден алынуда. Алғаш ашылғанда бірінші қабатта ғана жұмыс жасайтынбыз, қазір ғимараттың екінші қабатын да іске қосып жатырмыз», − дейді зауыттың өндірістік директоры Жалғас Тұяқбайұлы бір сұхбатында.
Жалпы полимер шикізатынан жасалатын полипропилендік қапты даярлау 5 сатыдан тұрады. Алдымен полимер шикізатынан жіп иіріліп, қап оқылады. Одан әрі қапты өлшеміне қарай кесу, тігу, тапсырыс берушінің логотипімен басып шығару жұмыстары жүргізіледі. Барлық жұмыс тапсырыс берушінің қалауы бойынша жасалады. Зауытта түрлі-түсті логотипті басып-шығару цехы да іске қосылған. Одан бөлек бұл жерде қаптың ішіне целлофан қосып тігетін цех жұмыс жасайды. Күніне 35-40 мың дана қап әзірлейтін зауыт бірнеше ірі компаниялармен келісімшарт жасасқан. Қап тігетін зауыт тәулігіне 2 ауысымда тоқтаусыз жұмыс жасайды. Қазір кәсіпорын 70-ке жуық адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Жылына 9 жарым миллион дана полипропилен қапшық тігетін өндіріс ошағы қазіргі кезде отандық 30 кәсіпорыннан тапсырыс қабылдап отыр. Еуразиялық экономикалық одақ аясында декларациялық сертификатқа қол жеткізген кәсіпкерлік нысан енді өнімдерін көрші мемлекеттерге экспортқа шығарады