Елбасы «Рухани жаңғырудың» идеясын бұрмалаған өңірлерді сынады
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Рухани жаңғыру» бағдарламасының қалай орындалып жатқанын айтып, бірқатар өңірді сынады.
«Бірқатар өңір «Рухани жаңғырумен» жақсы айналысып жатыр. Кейбір әкімдік күнделікті өздерінің істеп жатқан жұмыстарының барлығын «Рухани жаңғырумен» істеп жатырмыз дейді. Мысалы, жыл сайынғы мерекелік жарыстарды, фестивальдерді, күрестерді - барлығын «Рухани жаңғыру» аясында жасалып жатқан жұмыс қатарына қосады. Бұл - бұрмалау. Бұлай жасауға бола ма?! Сонда «Рухани жаңғырудың» не екенін түсінбеген болып отыр ғой», - деді Елбасы бүгінгі Үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Нұрсұлтан Әбішұлы «Қасиетті Қазақстан» жобасындағы кемшіліктерді айтып, бірқатар облыстарды сынға алды.
«Түкке тұрмайтын нысандарды, баяғы құлап қалған қабірлерді, мазарларды алып келеді де «мынау сакральді орын» деп айтады. Теледидардан көрдім. Ол Оңтүстік Қазақстан облысында ғой деймін. Қаратаудың басында баяғыдан бері ағып жатқан сарқыраманы бірнеше адам барып келіп, түсіріп «Мынау Қазақстанның сакральді участогі» дейді. Біз оларға облыстан бірнәрсе тап деп отырған жоқпыз ғой. Жоқ болса жоқ, бар нәрсені айтып отырмыз. Сондықтан өз мүмкіндіктерін іске асырмай отырған облыстар бар. Мысалы, СҚО, Маңғыстау, Павлодар облыстары. Қоғамдық сананы жаңғырту деген бір жылмен ғана шектелмейтін мәселе. Көп жыл жұмыс істейді. Жаңа тәсілді талап ететін жұмыс. Бір жылда шешіп тастаймыз деп мақсат қойып отырған жоқпыз. Солай ғой?» - деді ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.