Саяси жаңғыру жағдайында өтеді
Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі және мәслихат депутаттары сайлауын тағайындау туралы үндеуін жариялады. Саяси науқан енді санаулы күннен кейін бастау алады. Дәлірек айтқанда, бұл шараның осыдан біршама уақыт бұрын басталғанын ескерсек, еліміздің саяси тұрғыда жаңа қадамдарға барып жатқанының куәсі болдық.
Үндеуде Президент бірқатар саяси мәселелердің алдын ала шешімін тапқанын атап көрсетті. Нақты айтқанда, жаңа сайлау науқанына дейін елімізде саяси жаңғыру, көпартиялықты дамыту және еліміздің қоғамдық саяси өміріне азаматтардың қатысу аясын кеңейту жөнінде шараларды қабылдаған болатын. Оның ең бастысы, халықтың көптен күткеніндей, Қазақстан Республикасы Парламентінің комитеттерімен комиссиялары туралы заңға түзетулер енгізіліп, парламенттік оппозиция институтын құруға қатысты өзгерістер мен толықтырулар жасалды. Сонымен бірге саяси партиялар фракцияларының жетекшілеріне пленарлық отырыстарда, тұрақты комитеттерде сөз сөйлеуге кепілдік берілді. Парламенттік тәжірибеде алғаш рет партиялық тізімге әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Осының барлығы алдағы Парламенттің қызмет аясын анағұрлым кеңейтуге мүмкіндік беріп, еліміздің демократиялық бағыттағы нақты қадамдар жасағанының негізі болып табылады.
Қазақстан дамудың жаңа жолын айқындады. Бұл, әсіресе, бүкіл әлемде дағдарыс сипаты шарпыған дәуірде аса маңызды болып табылады. Демократиялық ұстанымдар арқылы халықтың мүддесін көздейтін ең тиімді шешім қабылдау алдағы уақытта халық қалаулыларының қаншалықты білікті екеніне байланысты болады. Ал осыған лайықтыларды таңдау біздің өзімізге тікелей байланысты екенін атап өткім келеді.
Қорғанбек ҚАЙРУЛЛАЕВ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері