Саяси партияларды тіркеу жеңілдеді: Қазақстанда жаңа заң қабылданды

Енді Қазақстан парламентінде әйелдер мен жастар қатары артады.
"Сайлау туралы" конституциялық заңда саяси партиялар тіркеуге ұсынған партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін кемінде 30% квота енгізілді.
Бұл жастар мен әйелдердің парламентке және жергілікті өкілетті органдарға келуіне ықпал етеді деп күтілуде.
Ал "Саяси партиялар" туралы заңда саяси партияларды тіркеу жеңілдетілді.
Енді саяси партияны тіркеу үшін оның құрамында 40 мың емес, 20 мың мүшесі болса жеткілікті.
Жаңа нормалар әйелдер мен жастарды қоғамның саяси өміріне белсене қатысуға, сондай-ақ көппартиялық жүйені одан әрі қалыптастыруға оң ықпал тигізбек.
Қос заң да президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысында берген тапсырмаларын іске асыру мақсатында әзірленген болатын.