Ақберген
Күн сайын жаңарып, жаңалықтармен толығып, түрленіп жатқан әлемде спорттың да жаңа атаулары, жаңа түрлері шығуы таңсық болмай қалды. Ақпараттың жедел алмасуы арқасында жер шарын шарлап кеткен осындай қарапайым әрі жасқа қарамайтын, бала-шаға да, қарттар мен жастар да айналысатын спорт-воркаут (WORKOUT) аталады.
Бұл – ең қолжетімді, көп қаржыны қажет етпейтін, ауладағы қарапайым спорт құралдарының кө¬мегімен негізінен өз дене салмағын дұрыс қалыпқа келтіремін деген адамдар айналысатын спорттың түрі. Бір сөзбен айтқанда, көше гимнастикасы. Алғашында, 2000 жылдардың басында интернет желісінде спортшы емес, қарапайым жастардың қолжетімді спорт құралдарымен түрлі қиын жаттығулар жасаған бейнетаспаларын желіге салуы көрген адамдарды қызықтырып, воркауттың өрістеуіне жол ашыпты. 2009 жылға дейін воркаут спорты туралы Қазақстанда ақпарат болмады. Бүгінгі таңда онымен шұғылданатындардың саны 75 мыңнан асса, Қазақстаннан тыс жерлерде стрит воркаут спортымен 2 000 000 адам айналысады екен.
Ақберген Қуандықов – Арал қаласындағы воркаутшы. Оның бұл спорт түрімен айналысып жүргеніне жақында 2 жыл толады. Саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты насихаттайды. Воркауттың да негізгі мақсаты – қолжетімді спорт түрлерімен айналысуға шақыру, есірткіге, шылым шегуге, ішімдік пен интернетке тәуелділікке қарсы күрес жүргізу.
– Жаттығу барысында талай рет құладым. Бірақ айтарлықтай зақым келген жоқ. Нәтижесінде, өзім жаңа жаттығу түрін ойлап таптым. Енді бұл машықты жақсылап үйреніп, үлкен жарыстарда көрсетемін. Ал қаладағы жастардың қызығушылығы өте жақсы,– дейді спортшы.
– Воркауттың тез таралуы жалпыға қолжетімді болуында. Сондықтан Арал қаласында алаңдарды салу керек, – дейді «аула атлеті». Елбасы Ә.Назарбаев «Әрбір Қазақстандық үшін басты құндылық – өзінің денсаулығы» деген болатын. Осыған орай, елімізде воркаут секілді бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлініп, халық денсаулығы да жақсарып келеді. Ол үшін сізге залға барудың, көп шығындалудың да қажеті жоқ. Тек, жиі жүгіріп, велосипед теуіп немесе жай ғана жаяу жүрсеңіз жеткілікті.
Ерхан АҚЫН