Жаңылысуға жол жоқ
Адам өмірі мен бостандығына қауіп төнгенде, қоғамда түрлі толқулар мен бүлік орын алған кезде бірінші болып оқиға орнынан табылатын тәртіп сақшыларының орны ерек. Оның ішінде нәзік жанды аруларымыз да бар. Мәселен, облыстық ішкі істер департаментінде әйелге тән нәзіктік пен сүйкімділікті, жігерлік пен табандылықты жанына серік еткен қызметкерлер еңбек етеді. Сондай жанның бірі – Ақмаржан Ерсұлтанқызы. Ақмарал облыстық ішкі істер департаментінде Криминалдық полиция сапында қызмет етеді. Сондай-ақ, ер азаматтармен бірге иық тіресе жұмыс істеп, талай қылмыстың ашылуына, құқықбұзушылықтың алдын алуға үлес қосуда. Бала күнінен тәртіп сақшысы болуды армандаған Ақмаржан – М. Есболатов атындағы Алматы академиясын үздік дипломмен тәмамдап, лейтенант шенін иеленді. Бүгінде осы салада қажырлы еңбек етіп, қоғам тыныштығын қалтқысыз күзетуде
– Кәсіптің жақсысы, жаманы болмайды. Полиция қызметкерінің жұмысын оңай деп ойлайтындар қателеседі. Себебі, полиция қызметкерлері ар-ожданының алдында қиындықтар мен кедергілерге төтеп береді. Ал мұндай іс кез келгеннің жанның қолынан келе бермейді. Өйткені өмір – қателесу мен қателігіңді түзеуден тұрады. Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, қылмыстың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар ұшан-теңіз, алайда кемшін тұстарымыз да бар. Бүгінде мүліктік қылмыстар, мал ұрлығы сияқты қылмыс түрінің біршама өсуі түскені алаңдатады. Дегенмен қылмыспен күрес ешқашан тоқтамайды. Тіркелген қылмысты ашуда, қылмыскерді анықтауда жаңылысуға жол берілмейді, – дейді Ақмаржан Абдулхайырова.
Ақмаржанды көргендер оны полиция қызметкері деп ойламайды. Табиғатынан дарыған нәзіктігі, сыпайылығы оны қатаң тәртіппен байланысып тұратын полиция қызметіне қимайтындай. Оның жоғары кәсібилігі мен төзімділігін әріптестері ғана емес, басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлері де өте жақсы біледі және бағалайды. Нәтижесінде, қызметтік міндетін үлгілі орындап, жақсы көрсеткіштер көрсеткені үшін алғысқа бөленген.
Айгүл ӘЛІШЕРОВА