7 – 20 – 25

Сараптама

    Егеменді еліміз еңсе тіктеп, ел экономикасын әртараптандырып, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында түрлі бағдарламаларды жүзеге асыруда. Мәселен, «Нұрлы жер», «Нұрлы жол» бағдарламалары халықты жайлы баспанамен қамтамасыз етіп келеді. Бірақ бағдарлама шартына сәйкес, баспаналы болу үшіг үйдің бастапқы 50 немесе 30 пайыз жарнасы болу шарт. Оны көпшіліктің әсіресе жас отбасылардың қалтасы көтере бермейді. Осыны ескерген Елбасы өзінің 5 әлеуметтік бастамасы атты Үндеуінде «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бірінші бастамасын ұсынды.


 Президент не деді?

  – Жұмыс істейтін әрбір қазақстандық төмендегідей шарт бойынша тең­гемен несие алу мүмкіндігіне ие. Несие өсімінің мөлшерлемесі қа­зіргідей 14-16 емес, жылына 7 пайыздан аспайтын болады. Қазір банктер бастапқы жарнаға баспана құнының 30 пайызына дейін, кейде тіпті 50 пайызын алуды талап етсе, бұл бағдарлама бойынша ол 20 пайыздан аспауға тиіс. Несие алушының ай сайын­ғы төлемін азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін бо­лады. Ол үшін Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүм­кіндіктерін іске қосу керек, – деді Президент Үндеуінде.

Бұл бастама халық арасында қызу талқылануда. Нәтижесінде қоғамда екі жақты пікір қалыптасқан. Бірі, тұрақты жұмысы бар, бірақ баспанасы жоқ адамдар үшін бұл бағдарлама тиімді деседі. Өйткені ірі қалаларда мыңдаған отбасы айына орташа есеппен 100-150 мың теңгеге пәтер жалдайды. Оған коммуналдық төлемдер мен өзгеде шығындарды қосқанда, жас отбасының баспаналы болуы екіталай. Екінші жақ 7 пайызға несие алған тиімді болғанмен, оның жылын ұзартқанда үйдің бағасы шарықтап, бастапқы он жылда айына төленетін төлем көп болады дейді. Әр нәрсенің екі ұшы болатыны заңдылық. Осы тұста халықтың ұсыныс-пікірі ескерілсе игі.

Бір оқпен екі қоянды алуға бола ма?

   Бағдарлама халыққа жарияланған күні тележурналист Болат Мүрсәлім былайша есептеп көріпті. Мысалы, құны шамамен 15 миллиондық пәтерді ипотекаға алсаңыз былай болады:
Пәтердің құны 15 000 000 теңге
Ставкасы: жылына 7 %
Алғашқы жарна: 3 000 000 теңге (20%)
Ипотека сомасы: 12 000 000 теңге
Қайтару мерзімі: 25 жыл (300 ай)
Ай сайынғы төлем: 84 814 теңге
Бүкіл шығыны: 28 444 051 теңге
Артық төлем: 13 444 051 теңге (90%)
2018 жылдың наурызында төлей бастайсыз. Ыңыршағыңыз шығып кетпесе, 2043 жылдың ақпанында аяқтайсыз, – дейді. Осы жазба әлеуметтік желіде жылдам тарап, пікір жазғандар қатары қарша борады. Пікір білдірушілердің көпшілігі «Өз баспананда тұрды деген аты ғана болмаса, екі есе үйдің бағасын төлейміз» дегендер басым болды. Бір байқағанымыз, пікір иелері тиімді, тиімсіз деумен шектелген. Нақты ұсыныс айтып, тың бастама көтергендер мүлде жоқ. Осыған қарап, бізге ойды ашық жеткізу, дәлдік жетіңкіремейтінін аңғардық. Дегенмен   белгілі журналист Нұртөре Жүсіп есепке сәл өзгеріс енгізу қажетін айтқан.
– Елбасының бастамасы дұрыс. Енді осы есепке сәл-пәл түзету жасалса: айталық, 1 бала туғанда 10 пайыз, 2 бала туғанда 20 пайыз, 3 бала туғанда 30 пайыз, 4 бала туғанда 40 пайыз, 5 бала туғанда 50 пайыз, 6-7 бала туғандарға тегін беретін болса. Сонда баспанамен қатар демографиялық мәселе де шешілер еді, – дейді Нұртөре Жүсіп фейсбуктегі парақшасында.
Рас, айтса айтқандай, «бір оқ пен екі қоянды атуға» саяды. Бала санына қарай, халықты баспанамен қамтуда жеңілдіктер қарастыру қажет.



Екінші деңгейлі банктер ипотека бере ме?

  Елімізде екінші деңгейлі банктер арқылы 15-20 пайыз ипотека беріледі. Өйткені біздегі банктердің басым көпшілігі шетелдіктердің қаржыландыруына тәуелді. Халықаралық қаржы институттары мен ұйымдары біздің банктерге 7 пайыз көлемінде несие береді. Оған операциялық шығын мен инфляция деңгейін қоссаңыз, несиелендірудің өзіндік құны 15 пайызды құрайды. Осылайша, экономикалық шарттарды ескерсек, 7 пайыздық ипотеканы екінші деңгейлі банктер бере алмайтынына көз жетеді. Тығырықтан шығар жол әдеттегідей банк секторына үкіметтің субсидиясын бөлу. Егер банктер жаппай субсидияға сүйенетін болса, ипотека алушылар да көбейеді. Осы тұста бағдаламаны жүзеге асыру үшін мемлекетке екінші деңгейлі банктер арқылы халыққа 7 пайызбен ипотека беру тиімсіз. Сондықтан арзан несие ешбір делдалсыз тікелей халыққа таратылады. Ұлттық банктің жанынан арнайы қаржы институты құрылуы мүмкін. Экономист
Бауыржан Ысқақовтың сөзіне қарағанда, халық тарапынан жаңа бағдарлама аясында салынатын баспанаға сұраныс жоғары. Ендігі мәселе, осы санаттағы тұрғын үйлердің сапасын қатаң бақылауда ұстау қажет.
Аталмыш бағдарлама жарияланған күннен бастап, экономистер есептеп, ұсыныстарын білдіруде. Саралап көрсек.
– «7-20-25» бағдарламасы аясында ай сайынғы төлем екі есеге төмен болады. Өзім есептеп көрдім. Мәселен, 15 миллион теңгенің ипотекасы болса, ай сайын бар болғаны 55-65 мың теңгені ғана төлейсің. Енді, 7 пайызбен төлегенде алғашқы онжылдықта несиенің өзі өтелсе, кейінгі онжылдықта ол екі еселенеді. Бірақ ипотеканың мерзімі 25 жыл болғаннан кейін онша білінбейді. Сосын алдын ала төлеу де болатын шығар, – деді экономист Сапарбай Жұбаев.
Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің айтуынша, жаңа бағдарламаға ай сайын алатын ресми табысы бар кез келген қазақстандық қатыса алады.
– Бағдарламаның қаржылық жағына келсек, болашақ қарыз алушылардың төлем
жасау қабілеттілігін талап етеді. Бағдарламаға ресми кірісі бар Қазақстан азаматы қатыса алады. Қазіргі кезде банктермен өлшем шарттар пысықталуда. Мысалы, тұрғын үйдің құны 7 миллион теңге болса, ай сайынғы төлем 50 мың теңгеден аспайды, бұл жалпы алғанда, жұмыс істейтін қазақстандықтардың көпшілігі үшін қолайлы. Тұрғын үй құны әртүрлі болғандықтан, ірі қалалар мен өңірлер бойынша
баспана құнын саралау жоққа шығарылмайды, – деді банк төрағасы.



Ең арзан пайыз қайда бар?

   Біздегі ипотека мөлшері 9 пайыздан басталады. Дамыған мемлекеттерде әлемдегі ең арзан ипотека Жапония елінде беріледі. Яғни жылына 1,21 пайызбен несие халыққа үлестіріледі. Бұл елде ақшаның құнсыздану қаупі төмен, ал жылжымайтын мүлік тым қымбат. Сондықтан халықтың басым көпшілігі тұрғын үйді несиеге рәсімдейді. Екінші орында – Швейцария. Өзге елден қымбат жылжымайтын мүлкімен ерекшеленгенімен, халыққа қолжетімді 1,4 пайызбен несие береді. Бұдан бөлек, дамыған мемлекеттерде 50-100 жылға дейін берілетін ұзақ мерзімді ипотека түрі де бар. Мысалы, Финляндияда шағын үй табу қиын. Сол себепті бұл елде де жылжымайтын мүліктің бағасы қымбат әрі тұрғын үй тапшылығы сезіледі. Тағы айта кетерлік ерекшелік, дамыған мемлекеттерде капиталды сақтаудың түрлі жолдары бар. Ал бізде негізгі капитал – ақшаны көбейтудің бірден-бір жолы – жылжымалы мүлік. Коммерциялық ғимараттар мен элиталық баспанадан бөлек, жеке тұрғын үйлер нағыз табыс көзіне айналған. Өйткені бізде тұрғын үйдің бағасы тұрақты, әрі баспанаға мұқтаждар саны басым болғандықтан, жылжымайтын мүлік алып жалға беріп күнелтуге, табыс табуға болады. Мұны пайдаланған қалталы азаматтар қос-қостап пәтер алған. Тек қарапайым халық бар жиған-тергенін пәтерақыға беріп, баспаналы болу бақытынан алыстап жүр.
– Елімізде халықты баспанамен қамтуда «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкі» жас отбасыларға айрықша көңіл бөледі. Мұнда «Жас отбасыларға арналған баспана» және «Барша тұрғындарға арналған баспана» атты екі бағытта үй беріледі. Баспанаға мұқтаж азаматтар банктен кемінде үш жыл есепшотта қаражат жинап, төмен пайызбен пәтерді жалға ала алады. Мемлекет басшысының «Бес әлеуметтік бастамасы»  әлеуметтік жаңғыру жолында жаңа, ауқымды қадам жасауға дайын екендігімізді дәлелдей түсті. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру бойынша әлі күнге дейін баспанасыз жүрген отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету шарасы жоспарланған. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі – мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының негізгі операторы. Өңірімізде бой көтерген тұрғын үйлер мен қолданысқа берілген жаңа мөлтек аудандар атқарылған жұмыстардың нәтижесі. Сол себептен, қолданысқа енгізілген жаңа бағдарлама қазақстандықтардың баспаналы болу мүмкіндігін кеңейте түсетініне сенім мол, – дейді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ филиалының директоры Рахымжан Сәулебаев.
 
Ипотека бала санын шектей ме?
   Елімізде пәтерден-пәтер жағалап, көшіп жүрген отбасылар жетерлік. Олардың жағдайына қарасақ, бағдарламаның тиімді тұсы көп. Айталық, 50-60 мыңға пәтер жалдағаннан жоғарыда экономистер есептегендей, 55-65 мың ипотекаға төлесе, түбі пәтер өзіне тиесілі болады.
– Сыр өңірінде құрылыс қарқынды. Оның ішінде тұрғын үй салудан аймағымыз үздік үштікті еншілейді. Бұл – қуантарлық жағдай. Дегенмен баспананың басым көпшілігін жас отбасыларға бағыттау қажет. Арнайы жастар ауданын ашсақ та артық етпейді. Өйткені отбасы құрған жастар баспана жоқтығының әсерінен ажырасып жатады. Ал ипотекаға үй алған отбасылар бала санын шектеп отыр. Осы тұста Елбасы бастамасы  баспана берумен қатар демографиялық ахуалды реттейтіндей тиімді болуы шарт. Ал төлем қаражатына келер болсақ, мемлекеттік бағдарлама болғандықтан орта есептік жалақы ескеріледі деп ойлаймын, – дейді экономист-ғалым, профессор Қазыбай Құдайбергенов.
Белгілі журналист Қали Сәрсенбаев төрт баласымен Алматыда 10 жылдай пәтер жалдаған. Тәуелсіздік алған жылдан кейін «Егемен Қазақстан» газетінен пәтер алып, қуанышымен бөліседі. «Ақсайда орналасқан төрт бөлмелі үйге кіріп, мәре-сәре болып балаларымды ұмытып кетіппін. Әрі-бері іздеп, атын атап шақырсам да балаларым келмеді. Содан қарасам, төрт балам үйдің түпкі бөлмесіне кіріп, бір бұрышта отыр екен. Олардың жанына жақындап: «Неге үнсіз отырсыңдар?» деп сұрадым. Сөйтсем, үлкен қызым Мөлдір: «Қожайын ұрысады ғой» деп жауап берді. Ойын баласының қожайыннан сескеніп, ойындағысын еркін жеткізе алмауы ұлт үшін өкініш. Сондықтан бүлдіршіндер үй иесінің қас-қабағына қарап өмір сүргенше, мемлекет ұсынған мүмкіндікті тиімді пайдаланып, пәтер иесі атанып, Жиренше шешен айтпақшы, «өз үйің, өлең төсегің» болғанға не жетсін!
Айгүл ӘЛІШЕРОВА
29 наурыз 2018 ж. 1 346 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031