Қоғамдық көлік жыры
Қоғамдық көлік мəселесі қай кезде де қала тұрғындары үшін өзектілігін жойған емес. Қоғамдық көлікте мəселе туындататын мыналар: ең бірінші көлік тазалығы, екіншіден, жүру бағыты бойынша интервалдың сақталуы, үшіншіден, билет бағасы мен жолаушылар үшін жайлылығы (қыста жылы пеш, жазда салқындатқыш қосылса дейміз ғой), төртіншіден, аялдамалардың тəртіпке сай орналастырылуы, бесіншіден, жүргізуші мен кондуктордың халықпен қатынасы. Бұлардың барлығы Қызылордада өте жақсы деуге келе ме? Сараптап көрейік.
Қызылорда қаласының коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің берген мәліметі бойынша 2013 жылдың желтоқсан айынан бастап, қалалық жолаушылар мен багажды тасымалдау бойынша жарияланған арнайы конкурстың жеңімпазы ретінде қалаішілік және қала маңындағы жолаушылар тасымалымен «Қызылорда автобус паркі» ЖШС айналысады. Бүгінгі таңда қалаішілік 25 бағытта және қала маңына қатынайтын 6 бағытта, барлығы 712 автокөлік екі ауысыммен қызмет көрсетуде, оның ішінде үлкен сыйымдылықта 112, орта сыйымдылықта 258 және кіші сыйымдылықта 342 қоғамдық көлік бар. Естеріңізде болса, 2013 жылы Қызылорда қаласындағы қалаішілік қоғамдық көлік тасымалын жоғары деңгейдегі сапалы қызметпен қамтамасыз ету жобасына сәйкес, «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы арқылы «Astana San Bao» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісім-шарт жасалып, «Қызылорда автобус паркі» теңгеріміне 20 үлкен сыйымдылықтағы жаңа автобус (бағасы 330 416 000 теңгеге; 1 автобус – 16 520 800 теңге) сатып алынған. Осы мақсаттағы жұмыстарды жандандыру және қала көлеміндегі кіші сыйымдылықтағы қоғамдық көліктердің орнына орта және жоғары сыйымдылықтағы автобустармен ауыстыру бағытында 2016 жылы Қызылорда облыс әкімдігі мен «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы және «Еуропалық қайта құру және даму банкі» арасында үш жақты меморандум жасалды. Осы келісім негізінде қалаға қосымша сол жылы тағы да 92 дана үлкен сыйымдылықтағы заманауи автобустар (бағасы 17 947 516 долларға, 1 автобус бағасы 195 081 доллар) келіп пайдалануға берілді. Қала тұрғындарына тиімді болу үшін қалаішілік бағыттарға бірнеше зерттеу жұмыстарын жүргізіп, зерттеулер негізінде қалаішілік 5 бағыт жол сызбасы таңдап алынған. Олар: Темір жол вокзалы, Әл Фараби мөлтек ауданы, Қызылжарма ауылдық округін және Тасбөгет кенті аралықтарын қамтиды.
Жөн-ақ. Сартылдаған цифрге қуану тым ерте сияқты. Үлкен сыйымдылықтағы барлық автобустардың жаңа екені көрініп тұр. Бірақ елдің бәрі осы қоғамдық көлікке міне бермейтінін ескерсек, орта немесе кіші сыйымдылықтағы маршруттардың халыққа тиімді жұмыс істеуі қалай болып тұр? 712 көліктің 112-сі жаңа үлгідегі үлкен сиымдылықтағы автобустар екенін жоғарыда айттық. Қалған түрлі бағытта 600 көліктің бір-жары ғана «жаңалау» деп өз-өзімізді сендіргеннің өзінде, біздегі қоғамдық көліктің 70 пайыздан астамы ескі. Қыста іші даламен тең азынап тұрса, жаз болса өн бойындағы шұрқ тесіктен сырттағы шаңды толтырып, салқындатқыш дегеннен мүлде ада маршруттар біздің қалада өріп жүр.
Қызылордаға келіңіз, көлік жарысын көріңіз...
Таң азанмен маршрутқа міне қалсаңыз, желмен жарысқан автобустар мен газелдерді көресіз. Құдды бір, көлік жарысына тап болғандайсыз. Түс ауа қоғамдық көліктер қозғалысы бəсеңдейді. Бұл кезде олар базар маңы мен адамдар көп шоғырланатын жерлерді торуылдап, көп кідіреді. "Неге жүрмейсіздер?" – деп сұрасаңыз, "уақыт интерваліне байланысты" деген жауап естисіз. Сонда таңертеңгі қозғалыста уақыт интервалі жоқ па? Адамдарды ала қойдай тиеп алып, жоғары жылдамдықпен жүрген кезде иманыңызды үйіре беріңіз. Сонда бұл қоғамдық көлік жүргізушілеріне "əй" дейтін әкімдіктен біреу болмағаны ма? «Тәйт» деп тізгіндеп отыратын тәртіп сақшысы – жол полициясы қайда?
– Әлқиссаны әдемі сөзбен әрлемей, бірден мәселеге көшейін. Осыдан біршама уақыт бұрын қаладағы Желтоқсан мен Әйтеке би көшелерінің қиылысында қоғамдық көліктің өте жылдам «жүрісінің» салдарынан адам жазым бола жаздады. Бұл туралы сол күні-ақ фейсбук әлеуметтік желісінде «Open Қызылорда»-ны белгілеп, сол қоғамдық көлік туралы ақпаратпен пост жазылған болатын. «Open Қызылорда» да, «Қызылорда Абтобус Паркінің» парақшасы да жауап қайтарды, Алайда ол жай ғана «шығарып салма» жауап па деген ойға қалдық. Себебі, жолаушылардың өміріне салғырт қарап, жүйткіген қоғамдық көлік те, оны тізгіндеген азамат та күні бүгінгі дейін анықталмады. Бұны адам өміріне деген жауапкершіліктің деңгейі осы екен ғой деп түйдік. Ал былайғы уақытта қоғамдық көліктерге міне қалсақ, тегін ойын аттракционына отырғандай әсер аламыз. Себебі, жын қуғандай жүйткігенде иманыңды үйіріп, өткен өмірің көз алдыңнан сырғи өткенін тамашалап отырасың. Мұндайда көліктің ішінде жасы үлкен адамдар болса қуана бер. Олардың жүргізушіге деген ренішінен соң бір уақ орташа жүріспен діттеген мекен-жайға аман-есен жетіп аласың. Ал солай тез келе жатқан көлік кенет тоқтап қалса, небір трюктардың куәсі боламыз. Себебі көліктің темірінен ұстап тұрғандар жерге жалп етіп, ұшып түсуі де ғажап емес.
Айтпақшы, жүргізушілерде де саясат бар. Олар құлаққап арқылы телефонмен сөйлесіп бір-біріне өзімен бағыты бір көліктердің қай маңда жүргенін хабарлап отырады, немесе бұл жұмысты қасындағы кондуктор атқарады. «Пәленінші нөмірлі келе жатыр» немесе «түгенінші нөмерлі осы жаңа өтіп кетті» деген сарындағы ақпараттар өзара жүргізушілер арасында қарша борайды. Кейбір көліктерде мұндай олқылық байқалмайды. Әдемі ән тыңдап, байыппен барар жерге жетесің. Бірақ олар аз. Әкімдік тарапынан қоғамдық көлік мәселесін шешу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып-ақ жатыр. Десек те, кейбір жүргізушілердің олқылығынан адам өміріне қауіп төнуде. Қоғамдық көлік иелері қаражаттан бұрын қара халықтың амандығы қажет екенін ұмытып кетпесе игі...
Иә, әріптесім айтқан ащы шындықтан асырып не айтамыз? Сәл сыни пікірге бола, «ұнамаса таксиге мініңіз» дейтін дөрекі кассир мен өзін «Форсаж» фильмінің басты кейіпкеріндей сезінетін елірме жүргізушілер әлі де болса бар. Халық қаражаты тасып бара жатса, жанын шүберекке түйіп, мазасы қашқан маршруттарға мініп несі бар?
Көрінбейтін аялдамалар неге көп?
Тасадан қол көтеріп, қоғамдық көлік тоқтататындар тек біздің Қызылордада ма? Жақында сырт қаладан танысым келген. Жол жиегінде қол көтеріп, қоғамдық көліктерді тоқтатқандарды көріп жағасын ұстағаны. «Бұларға штраф қайда» дейді ғой баяғы. Біздегі көзге ұрар кемшілік осы. Тұрғындар кез келген жерді аялдамаға айналдырып алған. Қол көтер де, қалаған маршрутыңа отыра бер. Оған қоғамдық көліктер қуанбаса, ешқандай реніш айта қоймайды саған.
– Қазіргі күні қаланың шет жағына қарай қатынайтын қоғамдық көліктер үшін шөп те, бұтаның түбі де, тастың қасы да аялдамаға айналған. Олай дейтініміз, жолыңыз түсіп, қаланың шетіне қарай шыға қалсаңыз, естір құлаққа түрпідей тиетін аялдама атауларына тап боласыз. Бір қызығы, сол атауларды жергілікті тұрғындар өздеріне ыңғайлы жерге қойып алған. Кейде қоғамдық көліктердің жол ережесін бұзып, көшенің қақ ортасына тоқтап жататынына куəгер болып жатамыз. Сонда жол көлік полициясы қой бағып отыр ма? Иə, мойындау керек, Қырымбек Елеуұлы облыс басшысы болып келгелі «Жамал апамды қартайтқан» қоғамдық көлік мəселесі шешіле бастады. Үлкен сыйымдылықтағы автобустар əкелінді, автобус паркі құрылды. Мəселе жолға қойылды. Дегенмен, жоғарыдағы мəселелер бойынша атқарылар шаруа шаш етектен. Əлі де болса қалыпқа түсе алмай келеміз. Осы ретте, мына мəселелер бойынша тиісті органға автобус жүргізушілерін бақылау, уақыт интервалін қадағалау, аялдамаларды тəртібіне қарай орнатуды жəне атауды ұсынамын. Аялдамалар қала халқы мəдениетінің көрсеткіші екенін ұмытпау керек.
Бір ғана мысал, қаладағы «Запад» мөлтек ауданы екіге – Ақмешіт және Мерей болып бөлінетіні белгілі. Сондағы Ақмешіт ауданы орналасқан аумақта бір ғана аялдама бар. Жергілікті тұрғындар оны «аптека» деп атап кеткен. Енді сол ауданға қарама-қарсы Мерей деп аталатын аумақта бірде-бір аялдама көрмейсіз. Мерейден мінетін тұрғындар әр жерде, арасы 50-100 метрден тұрып қол көтереді. Сол ауданнан бастап И.Журьба көшесін бойлай шығам дегенше сіз мінген қоғамдық көлік жергілікті жұртқа кемі он рет тоқтайды. Жүйкеге тиер жалғыз мысал бұл емес, басқа шет аймақтарда да көрінбейтін аялдамалар өте көп.
Демалыс күні олар демала ма?
Дәл солай. Жеке адамдарға тиесілі барлық қоғамдық көліктерді демалыс күні таба алмайсыз. Жолаушы тасымалдайтын жеке кәсіпкерлер қоғамға қызмет етіп жатқанын жексенбі күні неге ұмытады? Сол күні тұрғындар базарға не жақынына қонаққа баратын болар. Айналып кеп сол баяғы бес бағыттағы жаңа автобустарды ғана көреміз. Кәсіпкер халыққа сапалы қызмет етуді ұмытпаса керек-ті. Фейсбук әлеуметтік желісінде де кешкі 20.00-ден кейін автобус жүрмей қалды, кондукторлар тым дөрекі, жүргізуші ұялы телефонмен сөйлесіп отырады деген жағымсыз пікірлер желдей еседі. Арасына сағаттап уақыт салып келетін бұл маршруттар тек адам қозғалысына, жұмыс күндеріне сай қызмет ете ме деген ойға қалдық. Сонымен қатар, жақын ауылдарға қатынайтын автобустар да мәселе жеткілікті.
Бота МАЛДЫБАЕВА, ауыл тұрғыны:
– Қалаға қарасты Қосшыңырау ауылдық округінің автобусына адам сыйып болмайды. Қай уақытта мінсеңіз де бос орын жоқ. Отырып бару мүмкін емес. Таңғы сағат 7 мен 9, кешкі 6 мен 8-дің арасында автобусқа міну мұң. Себебі студенттер мен жұмыс істейтін тұрғындар қатынайтын уақыт. Оған Досан ауылын қосыңыз. Қалаға жетемін дегенше, «әрі тұр, бері тұрмен» келеміз. Күрделі мәселеге көңіл бөлер басшылар қайда? Ауыл тұрғындары үлкен сыйымдылықта қоғамдық көлік берілгенін қалайды. Сондай-ақ біз тұратын ауыл қалаға тікелей қарасты. Қоғамдық көлік құны 100 теңге. 70 жастан асқан кісі жарты ақшасын яки 50 теңге берсе, кассир жұлып жеуге дайын. Айтары мынау: «Ауыл қалаға қарамайды, заң тек қала ішілік автобустарға арналған». Сөйтіп толық ақша төлемесіне қоймайды. Ауылда 70-тен асқан кісі саусақпен санарлық. Оларға құрмет көрсетіп, мәдениеттілік сақтап, қол үшін созу – әрбір азаматтың міндеті. Дөрекілік танытып, айтқанына құлақ аспай, сөз салғыласу қисынға келмейді.Ауыл қалаға қарайды екен, арнайы заң қабылдап, 50 теңге етіп бекіту қажет. Кассирлер де мәдениеттілікті үйренсін!
Жасырып, жауырды жаба тоқығанмен корініп тұрған кей олқылықтың орны қашан толары белгісіз. Қоғамдық көлік мәселесі шешімін табар емес. Осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында қалалық әкімшілік БАҚ өкілдерімен бірге кешкі сағат 7 мен 9 аралығында тексеру шараларын жүргізсе деген ұсыныс бар. Нәтижесінде бірқатар мөлтекаудан тұрғындарын сағаттап күттіруге мәжбүрлейтін кейбір қоғамдық көліктер белгілі болар еді.
Түйін: Қызылорда қаласының коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің жетекші маманы Мейірхан Бақытжанұлымен тілдескенімізде, жақында облыстық бюджеттен 10 автобусқа (1 автобус – 10 млн.теңге) 100 млн. теңге қаржы бөлініп, сатып алу конкурсы арқылы қаламызға жеткізілген. Осыған орай, келген автобустар №2 бағыттағы қалаішілік қоғамдық көліктер қатарына қосылып, тұрақты қатынауда, ал осы бағыттан босаған автобустар №20 бағыттағы кіші сыйымдылықты автобустардың орнына орта сыйымдылықты қоғамдық көліктерге ауыстырылған.
– Биылғы қоғамдық көлік сапасын одан әрі арттыру мақсатында облыс әкімінің қолдауымен қаламызға жаңадан орта сыйымдылықты 150 автобус әкелу жоспарланған. Осы автобустар келген жағдайда қала көлеміндегі кіші сыйымдылықта жүрген қоғамдық көліктердің орнын ауыстыратын болады, – деді бөлім маманы.
Сүйіншілейтін жаңалық. Тек қағазда айтылған «саннан» гөрі, қызмет сапасының маңызды екенін ұмытпасақ болды.
Ержан ҚОЖАС