» » Көрші, сыйластыққа көңіл бөлші...

Көрші, сыйластыққа көңіл бөлші...

Адам түгіл шыбын кіре алмас темір есікті даңғырлата қағып тұрмын. Күн жұма еді. Қолымда тәтем пісірген жеті шелпек. Ар жақтан адам даусы естілсе де, көршім есігін ашпады. Жеті күлшенің үшеуін этаж аралап зорға таратып, қалғанын көшедегі кішкентай балаларға үлестірдім. «Қабыл болсын, аға» дейді ересектеуі. Ішім жылып сала берді. Ай, ата-әженің алдын көрген баласың ау деп өзімше топшыладым...
Көп қабатты үйде тұратын біздің көршілердің екі-үшеуі ғана «орекеңдер» де, қалғаны тұтастай қазақ. Қасиетті күні пісірген жеті нанды ауылдағыдай көршілерді асықпай аралап, батасын алып жүрмейсің мұнда. Есіктен басын қылтита, «іннен шыққан суырдай» қараған көршіңе бір шелпекті ұстатарсың, ол болса сәл ойланып өзіңе, содан соң қолыңдағыға қарайды. Қарағанда да бір тосын көзқарас. «Мен сізден нан сұрағаным жоқ немесе мынауыңа өзге бірдеңе қосылмаған ба» дегендей. «Қабыл болсынды» айтса айтты, айтпаса түк ренжімейсің, «әуминді» іштей өзің қайталап, келесі көршіңе кете бересің.
Ауылда Үмігүлсім есімді анамыз бізбен көрші. Шалы ертерек қайтқан анамыздың үбірлі-шүбірлі балаларымен қатар ойнап өстім. Бір ғажабы, сол үйде асыр сап ойнап, асын ішіп жүргенде маған өз баласынан бетер қарайтын асыл адам еді. «Адал көршісі бар алаңсыз ұйықтайды» демекші, үйдегі үлкендер сырт жаққа қонаққа кеткенде мені сол кісіге тастап кететін. Сондағы анамыздың әрекеті – еш қомсынбайтын, шаршамайтын, бар тәттісін бөліп беріп, көп баласынан бөлек, мені бұрын тамақтандыратын. Аманат деп қарайтын. Аяқ-табағына дейін араласып кеткен бұл шаңырақтың қуаныш-қайғысында біздің үй де әрдайым табылушы еді. Әлі күнге «менікі, сенікі» дейтінді білмейтін мұндай көршілер қазір тым аз.
Арғы дүниеде де «көршіңмен дестің бе, ыстық нан жестің бе?» деп сұрайды екен. Шариғатта да көрші туралы, оның қақысы жайлы да мол айтылған. «Жақсы көрші тапқаның – мол олжаға батқаның» дейтін дана қазақ қазір неге бірінің үйіне бірі бас сұқпайды? Әсіресе, қалалық жерлердегі көршілердің қылығы тым бөлек. Ағайын – атадан, көрші – Құдайдан екенін ескерсек, құдай нәсіп еткен көршіңіздің қиындығында жанынан табылып, қуанышын бірге тойлау шынымен азайып бара ма? Көшеде кездесе қалған жағдайда бас изеуден арыға аспайтын міз бақпас  мейірімсіздік пен «сен тимесең мен тиме, бадырақ көз» көршінің көңілге қонбайтын осы әрекетіне қандай тәрбие жетіспей жүр?
Сонымен, көршіңіз қандай адамдар?Қазақтың Қадыры айтпақшы, «көршің бай болмаса болмасын, тек көңілі лай болмаса» болғаны.
Ержан СОЙЫРҚАС
19 шілде 2018 ж. 938 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031