Иттердің әңгімесі
– Шүкір, ит жылы деген жақсы болды ғой. Өмірі үйі түгілі, қарғыдан босатып көрмеген ием жаңа жылдың түнгі он екісінде үйінің төріне шығарып, тілек айтып, маңдайымнан сүйді. «Ит – жеті қазынаның бірі» деп мақалдатты. «Ит жылы құт жылы болсын» деп лепірді. Сөйте келе бір стакан шампанды аузыма құйды, бір стаканын төбеме құйды. Түнімен маған тілек айтты. Таңертең есімді жисам, жылы сарайда жатырмын. Төрт қабырғасын биіктетіп өріп, күрке жасап, ішіне киізден төсеніш төсеп, су жаңа ыдыстың біріне көсек етті сүйегімен, біріне майлы сорпа құйып, кәделеп қойыпты. Таң атпай, сорпамен бас жазып алып, далаға шықсам, үйдің жүгірмектері үлкенінен көргенін істеп, мені алма-кезек сүйіп, төрт аяғымды жерге тигізбей, төбеге көтерді.
– Пәлі, достым. Бар жақсылықты саған жасапты ғой иелерің. Енді жыл бойы не ішем, не кием демей, құтырамын десейші.
– Әрине! Қазекем «Жеті қазынаның бірі» деп не үшін атаған? Ал өзіңнің жай-күйің қалай? Көңіл-күйің онша емес сияқты ғой.
– Біздікі баяғы күйкі тірлік. Түнімен үйде у-шу болды. Сүйкімсіз күлкі, жағымсыз сөз, қисалаңдаған бейнелер тыныш жатқызбады. Келесі күні түстен кейін ғана есік ашылды. Бұралаңдап мен жаттым. Ит жылы келмек түгілі, адам жылы болса да, өздеріне қарап жатқан адамды көрмедім. Құсығына тайып жығылып таң ата бір топ еркегі, қатыны аралас кетті. Таңғы асым, солардың құсығын жалап, оразамды аштым.
– Тіфәй! Түрің құрысын!
– Достым, теріс қарама. «Күлме досқа, келер басқа» деген. Дәуренің осылай тұра берер деймісің. Биыл ит жылы болса, келер жылы – доңыз. Сенің сүрер дәуренің – бір-ақ жыл. Келесі жылы әлгі дүбәрә иелерің құйрығыңнан бір теуіп, төрге шошқаны шығармас деймісің. Содан кейінгі сенің орның баяғыша қораның қуыс-қолтығы. Ішкенің төгілген жұғынды болады. Ал, шошқа төрде сайран салады. Сонда көрермін теріс қарағаныңды.
Қоңды ит досының сөзін тыңдағысы келмей, теріс бұрылды. Балпаң-балпаң басып, өзін шақырған балаларға қарай аяңдады. Балалар жерден тік көтеріп алғанда, досының үйді айнала қораның қуысына кіріп бара жатқан құйрығын көзі шалып, тұмсығын көкке көтерді.