Қыз абыройы аукционға түссе...
Жігіттерден «неге үйленбей жүрсің» деп сұрасаң, «қыз жоқ» деп жауап қайтарады. Телефон арқылы таныс жігітпен сөйлескенмін. «Жасым 30-да, әлі күнге пәк қыз кездестірмедім. Егер пәктігі болса, ойланбастан үйленер едім» дейді. Жағамды ұстадым. Генекологияда кезекте тұрған қыз көп. Не үшін деп ойлайсыз? Түсік тастату үшін. Оған мәжбүрлейтін жігіттер. Осыдан кейін пәктікті талап етеді. Амал жоқ, тұрмысқа шығу үшін пәктігін «қалпына келтіретін» қыздар бар. Ол – гименопластика деп аталады.
Қарапайым ғана операция, анығында «пәктікті» қалпына келтіреді. Отаны қыз өзі қаласа ғана жасайды. Оның екі түрі бар: қысқамерзімді және ұзақ мерзімді. Ұзақ дегені – қыздық пердені толықтай қалпына келтіру. Бұл жағдайда алғашқы жыныстық қатынасқа дейін қыз болып қала бересіз. Бірақ операциядан кейінгі 2-4 апта жыныстық қатынасқа баруға болмайды. Дәрігердің айтуынша, мұндай әдіске көбіне зорлық құрбандары жүгінеді. Оларға мұндай операция қажет екенін психологтар да бірауыздан растайды. Гименопластиканы кез-келген дәрігер жасайды екен. Тіпті Астана, Алматы қалаларындағы аялдамада, көшеде «Біз сіздің пәктігіңізді қалпына келтіріп береміз» деген жарнама толып тұр. Ал ғаламторда пәктік сататын жарнама қызу талқыда. Аукционға айналды десе де болады.
Иә,Бразилияда өз пәктігін 780 000 долларға бағалаған қыздың ғаламтордағы жарнамасына жапа-тармағай хат жазған ер адамдарда есеп болмады. Барлығы да батыстағы «сирек кездесетін тауарға» барын беретіндіктерін жазыпты. Ақыры 20 жастағы Катарина Мильоринидің ар-ұяты түскен аукцион «лотын» жапондық жеңіп алыпты деседі. Қыз мұндай қадамға Санта штатындағы көмекке мұқтаж кісілерге қаржылай көмектесу үшін барғанын айтады.19 жастағы жаңазеландиялық тағы бір бойжеткен оқуға ақша жинау үшін интернет-аукцион арқылы 31 мың долларға алғашқы түнін құрбан еткен.18-ін әрең болдырған британдық Рози Рейд пәктігін 13 000 долларға, италиялық модель Рафаэль Фико 1,8 миллион долларға бағалаған. Оқуға ақша керек болған румыниялық 18 жастағы Алина Перча 45 жастағы біреуге «тазалығын» 8 мың 782 фунт стерлингке қолма-қол сатып жіберсе, іргеміздегі Ресейдің 18 жастағы қызы ұятын интернет-аукционға салып, 10 мың доллар сұраған. Ғаламторға бас сұқсаңыз, мұндай жарнаманың түр-түрін оқисыз.
Иә, айта берсе, сөз көп. Қалыңдықтың қыз күйінде, таза, абыройлы келуіне үлкен мән берген, алғашқы неке түні «неке жаулық» аталатын жайма төсек төсеп, таңертең қыздық белгіні көрген жеңгелері шешесінен сүйінші сұрап, бүкіл ауылға қуанышпен таратқан, ал егер қыз ұятты болып шықса, оны масқаралап, бетіне күйе жағып, өгізге теріс отырғызып, тесік қазан мен шүмегі сынған шәугім ұстатып, еліне шығарып салып, қалыңмалын қайтарып алған. Ол үрдіс қайтара келсе, қыздың абыройы аяқасты болмас еді...
Аслан ЖАРҚЫНБЕК