Бүгін – Тен, ертең – сен, бірсігүні – мен
Мәнерлеп сұрғанаудың хас шебері дүниеден озды. Бұл қаза ата-анасының ғана емес, барша қазақстандықтың жүрегін сыздатты. Көзімізге жас алдырды. Денис Тен ҚазАқпарат тілшісіне берген сұқбатында "мен қазір 24 жастамын. 20 жылдан бері спорттамын. Мансапты аяқтар күнім де алыс емес. Спорттан қашан кететінімді білмеймін», – депті. Өмірінің аяқталар сәтін сезді ме екен, кім білсін?!
«Тағдырыңды таңып берген пышаққа, сенің жұртың шынымен де ұсақ па?». Расымен түкке тұрғысыз айна үшін адам өмірін өлімге қиятындай айуанбыз ба? Жүрегіміз тасқа айналған ба? Біз өзі кімбіз? Ең өкініштісі, күдікті азаматтың бірі Қызылорда облысының тұрғыны. Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салдық. Оған гүл шоқтарын қойдық. Десе де, өліміне өзіміз кінәлі болдық. Тапа-тал түсте осындай жағдай орын алса, болашағымыз қалай болмақ? Бірін-бірі өлтіріп, зорлап жатса бұл не өмір?
«Менен үнемі қазақ не кәріс екенімді сұрайды. Қазақстан – менің өмірімнің негізгі бөлшегі. Менің санам – қазақы. Менің мінезім қазақ менталитетіне сай. Мен – қазақстандықпын және осылай болып қаламын». Денис Тен журналистерге берген сұқбатында осылай деген екен. Сен мәңгі қазақстандық болып қаласың!
Дәл сол күні Жаңақорған ауданы, Шалқия мекенінде жан түршігерлік оқиға орын алды. Небәрі 13 жасар бүлдіршінді ойнап жүрген жерінен ұстап алып, қаңырап бос қалған бес қабатты үйге апарып зорлаған. Одан қоймай, басынан ауыр шлокоблокпен ұрып өлтірген. Күдікті ұсталды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізіуде. Әзірге ешқандай ақпарат берілмеді. Бірақ жігіттің нашақор екені белгілі болды. Қыздың ата-анасы ажырасқан. Бұл оқиға анасы жұмыста болған кезде орын алған деседі. Көргендердің айтуынша, бүлдіршінді барынша азаптаған. Басын езгілеген. Бар-жоғы 13 жасар баланы азаптауға не себеп? Педофилдерге қатаң жаза қашан тағайындалады? Қазір ата-ана жанын шүберекке түйіп отыр. Қызын қорғайтын, қорғаштайтын қауқары жоқ. Педофилдің қай күні қай жерден келері белгісіз оларға. Ұрлау, зорлау, қастандық, өлім. Бұл сөздер бізге үйреншікті нәрсе секілді. Себебі күнде бір оқиға орын алады. Құқық қорғау органдары қайда қарап отыр деп бар даусыңмен айқайлағын келеді кейде.
М.КЕНЖЕҒҰЛОВА