Күніне қанша шылым шегесіз?
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебіне жүгінсек, темекі он жылда жарты миллиард адамның өмірін қияды. Мәселен әлемде жыл сайын орта есеппен темекінің уынан пайда болатын түрлі аурудан 5 миллион адам көз жұмады. Өкініштісі оның 600 мыңы балалар мен жасөспірімдер.
Соңғы он жылда темекі тұтынушылар қатары қыз-келіншектермен толығуда. Тіпті жас аналардың арасында бұл өнімді тұтынушылар қарасы қалың. Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі темекінің бағасын 9,8 пайызға өсірді. Мамандардың айтуынша, шылым бағасы мұнымен тұрақтамайды. Келер жылдың қаңтар айында әр қорапқа 20 теңгеден қосылады.ҚР Үкіметінің №587 қаулысына сәйкес, фильтрлі, фильтрсіз сигарет пен папиросқа шекті бағаны орнатып қана қоймай, оны біртіндеп көтеру жоспарланған. Аталған құжат бойынша 2018 жылы 1 шілдеден бастап 31 желтоқсанға дейін бір қорап темекінің ең төменгі бағасы – 360 теңге. Алдағы уақытта темекі акцизінің құнын көрші Ресейдің деңгейіне дейін көтеру жоспарланған. Ресейде темекінің орташа бағасы әр қорабына 93 рубль болса, бұл бағаны жыл соңына дейін 100 рубльге жеткізу межеленген. Демек темекі бағасы жыл сайын қымбаттай береді. Бұл өз кезегінде темекіге деген қолжетімділікті азайтады. Осылайша темекінің бағасын шарықтатып, соңында сатылуға шектеу қойылады дейді мамандар. Алайда, темекінің бағасы қаншалықты жоғары болғанмен, сұраныс та соншалықты артуда. Қымбат деп бас тартып жатқандар жоқ. Оның ішінде жасөспірімдердің үлесі жоғары. Жастар қатарынан қалмау үшін өзін ересек сезіну үшін шылымға әуес. Күніне бір қорап шылым шегетін жан орта есеппен айына 10 800 теңге, жылына 129 600 теңге жұмсайды. Сіз қанша уақыттан бері шылым шегесіз, енді қанша уақыт шегу ойыңызда бар, өзіңіз бағамдап көріңіз. Осы қаражатқа қанша ауру балаға, қартқа жәрдемдесуге болатынын ой елегінен өткізіңіз.
А.ҚАРЖАУБАЙҚЫЗЫ
Егер адам 15 жасынан бастап темекі тартса, оның өмір сүру жасы 8 жылға қысқарады, олардың көбі өкпе қатерлі ісігінен қайтыс болған.