Арықтаудың жолдары немесе байқаудан бас жүлде алу тәсілі

Қыз сыны, Қазақстан аруы, Көктем ару... Мектептен бастау алып, университетте жалғасатын байқаулардың түрі көп. Қыздардың оған қызығушылығы да жоғары. Қатысқысы келеді, бағын сынайды. Құп делік, десе де киім киісін көрсеңіз, амалсыздан екі бетіңізді басасыз. Өкінішке қарай, қазіргі конкурстар төстің, бөксенің, балтырдың бәсекесіне айналып кеткендей.
Қазіргі қазақ қоғамындағы аузы дуалы азаматтардың бірі марқұм Ақселеу Сейдімбек сексенінші жылдардың соңында алғаш өткен «Қыз сыны» байқауында қазылар алқасында мүшелік еткен және байқау барысында тән сұлулығынан гөрі, жан сұлулығына көбірек мән берген. «Әйелдің дене бітімі жас мөлшерімен сәйкестеніп тұруы тиіс деген пікірде. «Керек десеңіз қазақтар әйелдерді белінен төмен мүлде суреттемейді. Мұнда ұлтымыздың моральдық-этикалық нормасы жатыр», – дейді Ақселеу Сейдімбек.
Сөзінің жаны бар. Белден төмен суреттемеген. Қазақ қызы ұзын киіп, орамал таққан. Шашын тек жарына ғана көрсеткен еді. Бүгінде купальникпен түскен суретін, әлеуметтік желіге жүктеп, тәнін көпшілік алдына көрсететін қыздар көбейді. Жұлдыздар кез келген затыңызды жарнамалап береді. Фотокөрмеге түсіп, миллион тіркелушісі бар инстаграмға жүктейді. Сіз келіскен ақшаңызды берсеңіз болғаны.
Ғаламторда Аружан есімді бойжеткен арықтауына көмектесуді сұрапты. Неге десеңіз, «Қыз сыны» байқауына қатысуға үміткер екен. Көйлегі сыймай қалатын көрінеді және әдемі көрінудің бір түрі. «Маған тез арада арықтаудың тәсілі керек. Жақында үлкен байқауда бақ сынамақпын. Түр-түсім келіскен, әдемімін. Десе де толық қыздар ешкімге ұнамайды. Қазылар алқасының көңілінен шығып, жоғары балл алуым керек», – деп жазба қалдырыпты. Ал Айсәуле есімді бикеш арықтауға көмектесетін компаниясында шөптен жасалған дәрі барын жазыпты. «Сізге шөптен жасалған шайды алуға кеңес беремін. Күнделікті үш мезгіл қайнатып ішесіз. Екі күнде әсер етеді. Сөз жоқ, байқауда басты орын аласыз», – депті. Күлейін бе, жылайын ба? Бір шөп дәрі екі күнде қалай көмектеспек...
Қыпша бел, аршын төс, алма мойын, оймақ ауыз, күлім көз. Көрдіңіз бе, қазақта әйел идеалының көріністері белден жоғары басталған. Ал орыстар болса, қыздың аяғын қайыңға теңеуден бастайтыны белгілі. Біз де бір күні қайыңға теңеп жүрмейікші...
Асланбек ЖАРҚЫНБЕК