Мұғалімдердің айлығын көтеруге ақша жоқ — Бақытжан Сағынтаев
Жыл басынан бастап жалақысы көтеріледі дегенді естіп алған ұстаздар қауымы әлі күнге қолымызға артық көк тиын тиген жоқ деп шулап, осының мән-жайын сұрап, біздің редакцияға хат жолдады.
Айта кетелік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы өз халқына Жолдауында мұғалім мәртебесін арттыру мақсатымен білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысын 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 процентке көбейтуді тапсырған болатын.
Сондай-ақ Елбасы өз Жолдауында мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 проценттен 50 процентке дейін өсетінін айтқан. Бұл жақсылық енді мамыр айында нышан береді деп те айтылды.
Мәжілісте өткен үкімет сағатында депутат Шавхат Өтемісов министрден мұғалімдердің жалақысы қалай және қашан өсетінін сұраған еді.
Ал бұған қатысты министр жауабы бас десе құлақ дейді дегенге сай болды.
«Біз жаңа оқу жылынан бастап мұғалімдерді бірыңғай тестілеуден өткізуді жоспарлап отырмыз. Тек қана бірыңғай тестілеу жүйесін енгіземіз, ал бұрынғы жүйе сол күйінде қалады. Бірыңғай тестілеу неге керек? Қазір бәрімізге керегі – мұғалім өзінің сабағын біле ме, білмей ме? Соны білу үшін, мұғалімдер дайындалу үшін бірыңғай тестілеу режимін енгізіп отырмыз.
Емтиханда мұғалімдер 100 сұраққа жауап береді, оның 70 сұрағы пән бойынша болады.
Ал 30 сұрақ білім беру әдістемелері және заңдар сияқты сұрақтарға арналған. Қазіргі уақытта сұрақтар дайын, бірнеше қабылдайтын құжаттар бар. Оның бәрін екі-үш айдың ішінде дайындасақ, жаңа оқу жылынан мұғалімдерді тестілеуден өткізіп, әрі қарай деңгейін көтеруге механизм енгіземіз. Бұл көп мемлекетте бар жүйе «, — деді министр.
«Мұғалімдердің бәрі тестілеуден өтуі керек пе?», — деп сұрады мәжіліс төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева.
«Бірыңғай тестілеуден біліктілік деңгейін көтеруге мүдделі мұғалімдердің бәрі өтуі қажет. Бірақ, мысалы, мұғалімдер екі-үш жыл бұрын біліктілік деңгейін көтерсе, әрі қарай жұмыс істеуге болады. Келесі кезеңде ғана тестілеуден өтетін болады», — деп жауап берді министр.
Одан кейін вице-спикер жалақысын көбейту үшін мұғалімдердің 100 сұрақтың нешеуіне жауап беруі керек екенін сұрады.
«Бәрі деңгейге бөлінген. Ең жоғары деңгейіне сұрақтың тоқсан пайызына, педагог-зерттеуші сексен пайызына, педагог-сарапшы жетпіс пайызына, педагог-модератор алпыс пайызына жауап беруі керек», — деді Сағадиев.
«Сонда сіздердің ойыңызша, мұғалімнің бар кәсіби деңгейін осы 100 сұрақ анықтап береді деп отырсыздар ғой…», — деді депутат.
«Жоқ, олай емес. Екі кезең болады. Бірінші, ұлттық бірыңғай тестілеуден өтеді. Екінші, комиссия шешетін болады. Яғни, қазіргі жүйе қалады. Біз тек қана бірыңғай тестілеу нәтижесін комиссияға беріп отырамыз. Жұмыс тобына бірнеше депутат қатысқан болатын. Біз бірнеше ай мұғалімдермен де, мектеп директорларымен де талқыладық. Қазіргі уақытта мұғалімдер оны түсініп, дайындалып отыр», — деп түйді сөзін министр.
Министрдің сөзінен аңғарғанымыз, ұстаздардың деңгейін анықтап алып, жалақысын бір-ақ белгілейін деп жатқан секілді. Бұл тек біздің пайым! Солай-ақ болсын делік. Бірақ, Елбасы тапсырғандай кері есеппен ақпаннан бастап есептесе жақсы болар еді өзі…
https://kaz.365info.kz/