Қарбыз бүгін дәмді емес...
Иранның Бендер-Аббас қаласында тұратын құрбым жазады: «...жеміс-жидек сататын дүкенге барсақ, қарбыз бүгін дәмді емес, ертең алыңдар дейді. Екі-үш жерге бардық, сөйтіп шығарып салды. Нанды наубайханада сатады. Екі адам нан пісіріп қоя береді. Мұнда ақшаны карточкамен төлейді. Арнайы құрылғыға адамдар карточкасын салып, кодын өздері теріп, ақшасын қалдырып кете береді нанды алып. ...балаларды бассейнге апардық. Кіре берісте дүкен тұр. Сатушы жоқ. Құрылғы ғана тұр ақша төлейтін. ...Арақ ішсең – жаза. Екі ескерту – өлім жазасы. Адам өлтірсе – өлім жазасы. Дарға асады ел алдында. Бұл жақта адамдар заңнан қорқады. Сол әбден халық санасына сіңіп қалған».
Біздің елімізбен салыстырғанда сан мың әңгіме айтуға болады. Ең бірінші, тұтынушы құқығын басты орынға қойған қарбызға қатысты оқиға еріксіз тәнті етеді. Ал, енді бізде дүкенде сатушы болмаса ше... арғы жағы түсінікті. Екі күннің бірінде аузы құрғамайтын адамдар, жаңалықтардағы күнде адам өлімін көрсетіп жатқан неше түрлі қылмыс хроникасы... айта берсе сөз көп. Рас, заңы қатал қоғамның адамдары заңнан бұрын өлімнен қатты қорықса керек. Өлімнен қорқу тәртіппен өмір сүрудің алғышартындай сезіледі. Адам құқығын қатал заңмен емес, гуманды көзқараспен қорғаған біздің Конституция жақсылығын кейде осы қоғам теріс түсініп жүргендей әсер қалдырады. Әйтпесе...
Алматыға алғаш барғанда тәтем айтып еді: «...жолдан абайлап өт. Мұндағы машиналар қуып жүріп басады» деп. Құдай аузына салғандай болды. Бағдаршаммен реттелмеген көшелердің бірінде жаяу жүргінші жолынан жайбарақат өтіп бара жатқан адамды анадайдан екпіндеткен бір көліктің жүрісін баяулатпақ түгіл қаға-маға өте шыққанын көрдім. Содан бері жүргізуші көлігін тежемейінше (ақ сызықпен қайта-қайта боялса да), жаяу жүргінші жолынан өтпейтін болдым.
Кішкентайы аурушаң бір отбасылық досымыз бар. Анасы мен баласының ауруханаға кезекті емделуінің бірінде екеуі келіспей қалды. Анасы «дәрігерді риза қылайық, маусым сайын емделіп жүрміз ғой» дейді. Әкесі сыбайластыққа қарсы заң бойынша алушы да, беруші де жауапқа тартылатынын айтып: «айдың күні аманында басым бәлеге қалатын жағдай жоқ» деп шыр-пыры шықты. Қайсысына болысарымызды білмей екі ортада біздің басымыз қатты.
Бір қарағанда айдың арғы беті мен бергі беті сияқты өмір мысалдары ұсақ-түйектей көрінеді. Бірақ тіршіліктің мың бір майда-шүйдесі біздің миллиардтаған жүйке талшықтарымызға қалай әсер ететінін ойлағанда, адамның ар-намысы сияқты қоғамдағы заң мен әділет салтанаты жолында ұсақ-түйек деген нәрсе болмайтынына еріксіз келісесіз. Заңмен өмір сүру әлдеқайда қауіпсіз.