ТЕЛЕФОН БОЛЫП КЕТСЕМ ҒОЙ...
Qogam

Бұл видео маған қатты ұнады. Өйткені өмірді шынайы бейнелеген. Кез келген отбасында орын алатын жайды көрсеткен. Несін жасырамыз, ұялы телефон сізде де, бізде де бар. Оның ішіне үңілгеніміз сонша, бәрін ұмытамыз. Экранына жиі-жиі қорғайтын шыны жапсырамыз. Сыртына қаптама аламыз. Сосын "сынып қалмасын, құлап қалмасын" деп жанымыз шығады.
Жақында аялдамада тұрғанмын. Қасымдағы ана мен баланы көзім шалды. Ана қолында телефон, бала өзі ойнап жүр. Бірде құлап қалды, оны анасы тұрғызып алып жұдырықтады. Құламай ойнауға болмай ма? – дейді. "Телефонды тастап, балаға қараса болмас па?" деген ой келді.
Біз бәріміз жұмысбастымыз. Отағасы мен қосылып отанасы да қызмет етеді. Ал баланы балабақшаға береді. Одан қалды үйде құлыптап кетеді. Кешке "жұмыстан шаршап келдім, мазамды алмашы" дейді. Біз болашағымыз үшін тыраштанамыз. Бірақ бір нәрсені ұмытпайық, біз бала болашағы үшін өмір сүрудеміз. Сол үшін осы бастан баланы жақсы оқуға, ата-ананы құрметтеуге үйретіп, бойына адамгершілік қасиетті сіңіруге жұмыс істеуіміз керек. Ал бұлардың барлығына сіздің жұмысыныз да, телефоныныз да көмектеспейді. Бәлкім, менің пікіріме келіспессіз, бірақ әркімнің өзіндік пікірі бар екенін ескерген жөн.
Күніне телефонның экранын 100 рет сипайсыз, ол анық. Ал балаңыздың маңдайын қанша рет сипадыңыз? Бала ана махаббатына, әке мейіріміне зәру. Оны мөлдіреген көзінен аңғарасыз. Сіз де балаңыздың арманын сұрап көріңіз. Оның да "телефон болып кетсем ғой" деп армандауы ғажап емес...
Мөлдір САБЫРЖАН