» » ДАРХАННЫҢ ДАРА ІСІ

ДАРХАННЫҢ ДАРА ІСІ

Студент кезде әдеби шараларға көп атсалыстық. Шығармашылыққа жақын болған соң ба, әйтеуір ұйымдастырған шарадан құр қалмайтынбыз. Өздеріңіз білесіздер, қай шара болмасын әнсіз басталмайды не болмаса аяқталмайды. Бірде тіл апталығы өтіп, сонда бір жас жігіт жанды дауыста ән шырқады. Айтқан әні шаң шығарып билейтіндей емес, жай ғана өзінің жеке шығармашылығынан орындалған. У-шу орта лезде қоңыр дауысқа елігіп, жым-жырт болды. 3-4 минут ішінде әлгі әуен аяқталысымен, үлкендер тарабы "тағы да шырқамаймысың" деп қолқа салды. Үлкенді құрметтегіні болу керек, тағы бір ән шырқап, сахнаны босатты. Жүзі жылы жігіттің есімі – Дархан тегі Жамантаев екен. "Орыс тілі мұғалімі" мамандығының студенті. Кейіннен университеттің ұйымдастырған жиыны Дархансыз өтпейтін болған. Қай шараға қатыссаң да Дархан жүреді. Талантты жігіттің өнеріне көбі риза. Сахна маңайында жүргеннен кейін бе, оқып жүрген мамандығына махаббаты жоғалды. Сабақта да төбе көрсетуді қойды. Болашағын тек өнермен байланыстырғысы келді. Әупірімдеп жүріп, жоғары білімді меңгеріп шықты. Таңғалғанымыз, Дархан университетті бітірісімен "Қазанғап" атындағы музыкалық колледжге оқуға түсті. Аңсаған арманына қол жеткізгендей қуанды. Барлығымыз оқу бітірген соң жұмыстың қамымен жан-жаққа тарадық. Ара-қатынасымыз бұрынғыдай емес, өнерлі азаматпен байланыс үзілді. Жақында сөз еткен Дарханды көшеден кезіктіріп қалдым. 4 жыл ішінде көп өзгерген. Әңгімесі де бөлек. Шәкірт тәрбиелеуге шыңдалыпты. Жүзеге асырғысы келетін жоспары да бар екен. "Zhasproject" жобасы арқылы музыкалық студия ашуды қолға алыпты. Студиясы біз тұрған маңайда болған соң, жолай соқтық. Даңғарадай үйді 6 айға жалдаған. Студиясы тәп-тәуір. Бөлмедегі музыкалық апараттар анау-мынауды шаң қаптырады. Мұндай жабдықтарды қаладан табу қиын. Қайдан және қалай алғанын сұрадық.
– Елдің берері көп. Ойламаған  жерден "Zhasproject" жобасына тап болдық. Достарымнан жоба жайлы естіп, ережесіне сәйкес 4 адам топтастық. Жобамыздың атауын "Жол сілтеуші даму және демеу" деп қойдық. Негізгі мақсатымыз – өнерге қызығатын бүлдіршіндер мен жастарды қолдап, аспаптар арқылы ақысыз үйрету. Заманауи аспаптар қалада болғанмен қалтаға қонымсыз. Алғашқы транш түскен бойы керек жабдықтың барлығын Қытайдың  Гуанджоу қаласына тапсырыс бердік. Мысалы, электронды пианиноны 90000 теңгеге сатып алдық. Мұнда ол 200000 теңгеден асып жығылады. Сондай-ақ, камера, аранжировка жасайтын компьютерді де сол жақтан тапсырыспен алдық. Жаңа технологияның көмегімен жұмысымызды жүзеге асырып отырмыз. Екінші транш аударылғаннан кейін студия толық жабдықталатын болады.
Сөз арасында  дәріске қатысушыларды қалай іріктеп жатқанын да сұрап қалдық.
– Байқағаным, өңірде өнерлі жастар өте көп. Біздің топ шаһардағы барлық оқу орындарын аралап, іріктеу жүргізеді. Мысалы, "Өркениет" медициналық колледжі мен Қазақ гуманитарлық заң колледжіне іріктеу жүргізгенімізде өнерлі жастарды кезіктірдік. Дегенмен көп таланттар сахнаға шығуға жүрексінеді екен. Біз сол қорқынышты жеңуге атсалысамыз.  Үйді таңдауымның өзіндік себебі бар. Дәрістер түстен кейін өтетіндіктен студенттер шаршап шалдығып, қарыны ашып келеді. Қарны аш адаммен жұмыс істеу қиын. Сондықтан біздің дәрісханада тынығуға, ас ішуге барлық жағдай жасалған.
Осылайша тәуекелдің қайығына мініп, үлкен істі қолға алған өнерлі жігіт болашақта өнер орталығын ашуды жоспарлап отырған көрінеді. Дарханның дара ісіне қуанып, алдағы жұмысына сәттілік тілеп, тарқастық. Еңбегің жансын, замандас!
Ерасыл ШӘРІБЕК
26 қазан 2018 ж. 672 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031