Әніммен қазақты әлемге танытамын
MOLDIR BULAQ
Олжас Жасұланұлы, 4 сынып оқушысы:
Әніммен қазақты әлемге танытамын
Ол – «Меломен» тобымен бірге сахнада көрермен ықыласына бөленген әнші. «Жұлдыздар мен ұл-қыздар» байқауында шашасына шаң жұқпаған талантты оқушы. «Мен қазақпын» деп ән шырқап, өнеріне ел намысын арқау еткен жас өрен. Олжас Жасұланұлы бізге өнер әлеміне қалай келгені жайлы әңгімелеп берді.
Тілші:Олжас, қай кезден бері əн айтасың?
Олжас: Мен қазір «Мұрагер» мектебінің 4 сыныбында оқимын. Əнді үш жасымнан бастап балабақшада айтып жүрдім. Ал, бес жасымда мерекелік іс-шараларға қатыса бастадым.
Тілші:Əн айтуға кім себепкер болды? Отбасыңда өнерге жақын адам бар ма?
Олжас: Ата-əжем өнерден алыс емес. Ал өнерге алғаш баулыған апайым Ғайния Дауылбаева. Әуенді тыңдарманға дұрыс жеткізе білуді, сахна мәдениетін осы кісіден үйрендім.
Тілші:Əнді өз нақышында орындау үшін ұстаздан сабақ алып тұрасың ба? Əн таңдауға кім көмектеседі?
Олжас: Иә, қазір Қайрат Нұртастың өнер мектебінен сабақ аламын. Ұстазым Раушан Бауыржанқызы талабымды ұштап, әрдайым жігерлендіреді. Әсіресе, республикалық байқауда бақ сынауыма себепші болып, қолдау көрсетіп отырады. Әнді ұстазымның және әкемнің көмегімен таңдауды дұрыс көремін.
Тілші:Олжас, өнерде қай әншіге қарап бағыт түзейсің?
Олжас: Әншілерден Қайрат Нұртасты үлгі етемін. Сол кісі тәрізді халық ықыласына бөленгім келеді.
Тілші:Бос уақытыңда қандай пайдалы дүниелерге көңіл бөлесің?
Олжас: Кітап оқығанды жақсы көремін. Рухани азық болатындықтан, қолым бос кезде кітаппен дос болуға тырысамын.
Тілші:Біздің оқырмандарға жетістігің жайлы айтып берсең...
Олжас: Осы кезге дейін «Бал-бала» байқауында, Шымкент қаласында өткен «Қысқы әуен» конкурсында жеңімпаз атандым. Мектептегі шаралардың барлығына дерлік қатысып, ұстаздарымның үмітін ақтап жүрмін. Сондай-ақ, Алматыда өткен республикалық «Жұлдыздар мен ұл-қыздар» байқауында Меломен тобымен бірге ән шырқап, жеңіс тұғырынан көріндім.
Тілші:Ал, ең үлкен арманың қандай?
Олжас: Халқымның көңілінен шығатын, ұлтқа адал қызмет ететін əнші болу. Әніммен қазақты әлемге танытқым келеді.
Тілші:Әңгімеңізге рахмет! Арманың орындалсын, жас талант!
Әңгімелескен: Гүлдана ЖҰМАДИНОВА