Он айда 10 адам өрт құрбаны болды
Қызылорда облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде Қызылорда облысының төтенше жағдайлар департаментінің Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Р.Қайрақбаевтың, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғ.Жаңабаевтың қатысуымен «Қысқы кезеңдегі өрттің алдын алу» тақырыбында баспасөз-мәслихаты өткізілді.
Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы азаматтық қорғау полковнигі Р.Қайрақбаев:
- 2018 жылдың 10 айында облыс көлемінде 407 өрт оқиғасы орын алып, 10 адам қаза болды, 8 адам жарақат алды. Жыл басынан бері 4 көмір-қышқыл газына улану жағдайы және 2 табиғи газға улану жағдайы орын алған. Осы жағдайлар салдарынан 12 адамға медициналық көмек көрсетілген. Оның 7-еуі - бала. Барлық жоғарыда көрсетілген жағдайлар азаматтардың тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережесі талаптарын сақтамағандығынан орын алған, - деді.
Сонымен бірге журналистердің Шиелі ауданында салынып жатқан "Чайна Триумф" ЖШС цемент зауытындағы өрт жөніндегі сауалына жауап берілді. Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы Руслан Қайрақбаевтың айтуынша, өрт туралы хабарлама 20 қараша күні сағат 12:13-те келіп түсті. Сэндвич-панельдерден тұратын уақытша құрылыс өртенді. Өрт сағат 12: 50-де ауыздықталып, сағат 13:00-де сөндірілді. Өрт орнында 1976 жылы туылған Қытай азаматының мәйіті табылды. Өрттің шығу себептері анықталуда. Баспасөз мәслихаты барысында өрттің алдын алу үшін облыстың барша тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережесін қатаң сақтауы қажеттігі, әсіресе балаларды қараусыз қалдырмау жөнінде атап өтілді.