Күйеуіңіз жұмыссыз қалса...

Күйеуіңізге жұмыс іздеп, таныстардан бос жұмыс орнын сұрап, оған үнемі мотивациялық мақалалардың сілтемесін жіберіп, құрбыларыңыздың күйеуі туралы айта беруді тоқтатыңыз. Ол өзін бақылау астында жүргендей сезінуімен қатар, «Мен болмасам қолыңнан түк келмейді» деп жатқандай қабылдайды. Бұл оның намысын аяққа таптаумен тең. Елестетіп көріңізші, жарыңыз үнемі сізге арықтау туралы марафонның сілтемесін жіберіп, көршінің әйелдері қандай сымбатты екенін айтып, достарынан әйеліме жақсы пластикалық ота жасайтын таныстарың бар ма деп сұрап жүрсе... Сіз қалай қабылдар едіңіз? Намысыңызға тимей ме? Ал намысы тапталған адам қалай алға қарай қадам басады? Не істеу керек? Өз ісіңізбен айналысыңыз. Тек жұмысыңыз, сыртқы келбетіңіз емес, барлық жағынан дамуға кірісіңіз. Интеллектіңізді, жан дүниеңізді, мансабыңызды, бетіңізді, теріңізді – түгелдей жандандырыңыз. Оның емес, өзіңіздің! Қаһарманыңызға сенім білдіріңіз. Шынайы түрде. «Ол ақылды, оны жұмысқа аласыз ба?» деп емес, егер шынымен ақылды екеніне сенім білдірсеңіз, жұмыссыз қалды деп несіне уайымдайсыз, ол онсызда өзі тауып алады. Оның орнына жаны қалайтын нәрселерін жасап, тәтті тамағын пісіріп, киімін тазалап, мейірімге бөлеп, ашуланған сәтте сабырға шақырыңыз. Сонда ол өз мәселесін өзі шешуге қолайлы жағдай туады. Оған сенім білдіріп қана қоймай, аяққа тұрып кететініне өзіңіз де іштей нық сенімді болсаңыз, міне, осыдан асқан көмек жоқ.