Оқушылардың үй тапсырмасы аязаяды
Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова оқушыларға берілетін жүктемені азайту үшін жүйелі әрі мақсатты бағдарланған жұмыстар жүргізіп жатқанын айтты. 2017 жылдың сәуір айында «Үй тапсырмасын реттеу туралы» бұйрық қабылданған. «Осы бұйрыққа сәйкес оқушылардың үй тапсырмасы 150 минуттан аспайтын болады. Оған қоса, демалыс және мереке күндері көркем мәтіндер мен ғылыми жобаларды орындаудан өзге үй тапсырмасы берілмейді» деді департамент басшысы.
Президент «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында Қазақстандағы оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және ЭЫДҰ елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін атап өтті. Мемлекет басшысы оны төмендетуді тапсырған.
Нәтижесінде, оқушыларға жүктемені азайту жұмыстары жалғасып, бүгінде балаларға арналған үй тапсырмасының үштен бір бөлігі қысқартылды. «Бұл мәселені педагогикалық қоғамдастық та кеңінен талқылауда. Санитарлық талаптарға бес жұмыс күніне сай келетін нормалар енгізіледі. Қазір министрлікте оқушының апталық жүктемесін азайту бойынша жұмыс тобы қызмет көрсетеді. Жұмыс нәтижелері өңірлерге жеткізіледі және тиісті нормативтік құжаттар қабылданады, - деді Шолпан Каринова.