» » ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

ЖАЛҒАН АҚПАРАТ ЖАРҒА ЖЫҒАДЫ

Осыдан бірнеше күн бұрын ғана Facebook әлеуметтік желісінде бір видеоның әсерінен дүрбелең туды. Бейнежазбада  адам өлімінің орын алғаны көрініп тұр. Бірақ ақпаратты таратушы адам мұнда Қырғызстанда жұмыс істейтін қытайлықтар қырғыз адамдарын өлтіріп, етін жеген деген ақпарат таратқан. Осы арада халық пікірі екіге жарылды. Бірі «бұлар жауыздар, біздің елде де қаншама қытай жұмыс істейді. Қаншама қазақтың із-түссіз жоғалуының артында осылар тұруы мүмкін. Көздерін құрту керек» деді. Екіншісі «қырғыздар қытайларға жауап қайтаруы тиіс. Қарап қалмасын, қандастар» дегенге саятын пікір жазды. Осылай кете береді. Бірақ ең соңында мұның Қырғызстанның шахтасындағы апаттық жағдайдан болған адам өлімі екені анықталды.
Міне бүгінде осы сынды ел ішінде қандайда бір қайшылық тудыратын не соңы үлкен дүрбелеңге алып келетін рас-өтірігі айқындалмаған ақпарат көп. Бұл ‒ жалпыға ортақ мәселе. Сондықтан бүгінде халық арасындағы негізсіз ақпараттың тарауынан туындауы мүмкін қателіктің алдын алу үшін «fact checking» қабілетін меңгеру қаншалықты маңызды екенін талқыладық.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ, «Egemen Qazaqstan» газетінің облыстағы меншікті тілшісі:
– Мен ең әуелі оның оқырманға әсерін, одан не алатынын ойлаймын. Ақпараттың ұлттың, мемлекеттің мүддесіне сәйкес келуіне баса назар аудару қажет. Кейбір әріптесіміз кейде байқамай, кейде әдейі өзге бір мемлекеттің саясатының сойылын соғып шыға келеді. Бұл әсіресе орыстілді басылымдарға тән көрініс. Кейде осындай ақпараттардың соңында кетіп қалатынымыз бар.  Осыдан сақ болғанымыз жөн.
Кезінде мынадай бір жайт болған. Бір кісі «Арал қоғамдық қорына» 100 мың рубль аударғанын айтып, дүниеге жар салған. Сол уақыттағы
басылымдар бұл әңгімені жарыса жазады. Мұны тек «Ленин жолы» газеті ғана баспады. Сол кездегі газет редакторы Нұрділдә Уәлиев анықталмаған ақпаратты жариялаудан бас тартып, зерттеп келгенде әлгі ақпарат жалған болып шыққан. Міне солай.
Жалпы жалған ақпаратқа тосқауыл қою үшін fact checking деген бар. Баспа өнімдері мен басылымдардағы мәліметтің анық-қанығын тексеретін бұл сала өкілдері қазір үлкен сұранысқа ие. Мысалы, Ресейде бұл сала жақсы дамыған. Сондағы беделді баспалар мен басылымдар мәтіндерін тексертіп алатын белгілі фактчекерлердің бірі Сырлыбай Айбосынов ‒ біздің жерлесіміз. Аралдың тумасы.
Фактчекинг соңғы жыдары Қазақстанға да жетті. Менің ойымша, бізге осы саланы дамыту керек. Әр саланың белді мамандарын осыған тартып, ақыл-кеңестеріне құлақ түргеніміз жөн.
Кейде рас-өтірігі айқындалмаған ақпаратқа бақылаудың әлсіздігін айтамыз.Бұл жерде көп мәселе әлеуметтік желілер мен сайттарға байланысты болып отыр. Жылт еткен дүниені жылдам жариялаймын деп жаныққандар ақпаратты тексерместен жұртқа ұсына қояды. Оны тағы бір сайт іліп алып кетеді. Осылайша жалған мәлімет жарты сағатта жер әлемді шарлап шығады. Қазіргі бас ауыртар мәселенің бірі осы болып отыр. Мұның алдын қалай аламыз дегенді ойлап отырғандар аз емес. Бірақ жалғандықтың жалауын көтергендер әлі де жеңілмей келе жатыр.
Абай ТАҒЫБЕРГЕН, "Naqty aqparat" порталының редакторы:
– Дәл қазіргі ақпараттық кеңістікте қарайтын болсақ, бізге фактчекинг керек. Себебі қолына смартфон ұстаған әрбір әлеуметтік желіні
қолданушының ақпаратты қолдан ұйымдастырып, қоғамдық пікір қалыптастыруға қауқары бар. Бірақ нақ ақпаратқа жетпей, жарты жолдан естіген «ақпараттар» өкінішке қарай оқырман үшін өтімді болып отыр. Себебі жеңіл әрі алып-қашпа мәтіндегі мессендждер тұтас аудиторияны жаулап алатынын практика дәлелдеп отыр. Дегенмен оның бәрі шыңдыққа негізделген деп айта алмаймыз. Ақпаратқа деген жауапкершіліктің жоқтығынан жалған ақпарат таратқан тұрғындар бізде де бар. Заң аясында жауапкершілікке тартылып та жатыр. Бұл өзгелердің аяғын тартып жүруіне жол салса дейсің.
Әрине, көрші Украина секілді «ақпараттық соғыстың» шырмауынан фактчекинг арқылы жол табу бізге әлі ерте. Себебі ақпараттың анық-қанығын, рас-өтірігін жіліктеп беретін фактчекинг бағыты Қазақстанда дамыған деп айта алмаймыз. Ал, аймақтарда фактчекинпен айналысатын орта жоқ. Сондықтан да бізде фактчекинг аса қажет деп бағанала бермейді. Бірақ түптің түбінде журналисті құтқаратын осы фактчекинг бағыты.
Тосқауылды қою ең әуелі заңмен реттеледі. Мұнан кейін әрбір оқырман, әрбір азамат медиа кеңістікте орны қалыптасқан БАҚ-тың мәліметіне, сарыжағал емес, дерекке негізделген ақпарат тарататын ресурсқа сенуі керек. Әрине, бұл тағы да оқырманның талғамына келіп тіреледі. Екінші тұсы – сауатты контентті қалыптастыруды күшейту керек. Қазіргі ең тиімді алгоритм осы.
Ерлан МҰСАЕВ, блогер, қоғам белсендісі:
– Өз басым қандай тақырыпта сөз қозғасам да әуелі ақпараттың шынайылығын жан-жақты тексеріп аламын. Бұл ‒ жазудағы ең маңызды деталь. Жалпы, журналистің, блогердің басты қаруы – кез келген ақпаратқа күмәнмен қарау. Барлығына бейтараптылық және нақтылық керек. Өзі осы қағидаларды ұстанған жағдайда ғана кез келген медиа ресурстың репутациясы және оның аудиториясының сенім
і қалыптасады. Қоғам да міне осы қағиданы ұстану қажет. Алайда бұл да уақыт талап етеді. Неге дейсіз бе? Қараңыз.
Біздің ел ақпараттық кезеңге енді ғана аяқ басты. Оң-солымызды әлі де дұрыс ажырата алмай жүрміз. Ал Еуропа, Америка елдері ақпараттың ақ-қарасын ажыратуда бізден көші ілгері. Олар қаншама зерттеу мен тәжірибе жасады. Ақыр соңында жалған ақпаратпен күресудің оңтайлы әдісін тапқан. Алайда ол бізге әлі толықтай ене қойған жоқ. Ақпарат саласында жүрген мамандар білгенімен халық бұл жайында бейхабар. Дұрыс-бұрысы нақтыланбаған ақпараттар күн санап көбеюінің де сыры осында. Халық көп шоғырланған Facebook желісіндегі кейбір жалған ақпарат құлағыңа түрпідей тиеді. Арасында пиар да жасап, қара бастың қамы үшін өтірік ақпарат тарататындар да көп. Оны тамырымен жұлып алып тастау тағы мүмкін емес.
Жалпы, қисынсыз ақпараттың әсерінен болатын түрлі фактілермен күресу үшін заңды алға тарту керек меніңше. Ол былай. Халыққа қатты есеп-қисаппен не ұзын фактімен сөйлеудің аса бір қажеті жоқ. Оны көпшілік түсінбейді де. Сондықтан қарапайым тілмен кімде-кім дәйексіз ақпарат таратса, оның елге зардабы және заң аясында қандай шара қолданатынын қысқаша жазып, әлеуметтік желілерге тарату керек. Жалған ақпараттың осылай ғана алдын алуға болады . Әрине біздің жағдайда.
Сөз соңы. Бүгінде қоғам күнде бір фейк жаңалықтың құрбаны болып жүргені рас. Ал медиа қызметкерлерінің бұл тараптан қателікке бой алдыруы тіпті сорақы деуге болады. Журналистің міндеті – шынайы ақпаратты жалған ақпараттан ажыратып, фактінің шынайылығын тексеріп, оны оқырмандарға не көрерменге еш бұрмалаусыз жеткізу ғой. Журналистер үшін ақпараттың түпкі көзін тауып және оның растығын білу үшін бірнеше дереккөзден іздеу өте маңызды дүние. Оның үстіне дәйексіз ақпаратқа сүйену кәсіби біліктіліктің төмендігін көрсетеді. Қандай жағдайда болмасын ресми ақпарат көздерінен ақпарат алу, оны салыстыру, саралау, зерттеу бәрі-бәрі мақала жазуда алғышарт екені даусыз. Сондықтан әрбір мақаланы не текстті жазуда әріптестерімізге сыни ойлау мен үлкен қырағылық керек-ақ. Бұдан бөлек халық та естігенін дүниесінің дұрыстығына көз жеткізбей жатып, шешім шығармауы керек деп ойлаймыз. Жоғарыдағы пікірлерден түйгеніміз осы.
Ақтілек БІТІМБАЙ
17 қаңтар 2020 ж. 990 0

PDF нұсқалар мұрағаты

46-375

19 қараша 2020 ж.

45-374

12 қараша 2020 ж.

44-373

05 қараша 2020 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031