Аналар жүр далада, кім қарайды балаға?
«Анамды сағындым. Әкемізбен енді тұрғымыз келмейді. Бізді ертерек алып кетсе екен» дейді облыстық білім басқармасының кәмілет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығындағы Ақбота есімді бүлдіршін... Орталықтың ішінде алдымыздан шыққан балалардың бірі ақ көйлегін киіп, жағасын дұрыстап, енді бірі тәрбиешіден аяғына жаңа аяқ киім алып киюде. Қыздар жағы құлпырып кетіпті. Шаштарын бұйралап, ұлттық киімдерін киген. Орталықта алғыс айту күніне орай мәдени шара өткелі жатыр екен. Балалар өнерлерін ортаға салып, өздеріне ерекше көңіл бөлінетінін байқатты. Мұнда тәрбиешілер әр баламен жеке жұмыс істеп «тентек бала», «қаңғыбас бала» деп ешкімді шеттетпей, бәрін қоғамға бейімдеуге тырысатынын байқадық.
Орталықта бүгінде 23 бала бейімделуде. Әр баланың тағдыры әртүрлі. Әке арақтың арбауынан шыға алмаса, ана баспанасы жоқ, балалардың бабын жасай алмай үш бірдей баласын аталмыш орталыққа әкелген. Ақбота екі бауырымен осында тәрбиеленуде. Бала ғой, биге қатысып мәз болып жүр. Ал кішкентай Димаш есімді бала ән айтып концертке дайындалып жүр. Ол ағасымен бірге осында тәрбие алуда. Апайлары «Біздің әнші Димашымыз» деп бауырларына жақын тартыпты. Әйтсе де көзінде мұң бар, «бесінші күні мамам келеді. Бұл жерден кеткім келеді» деп жылағысы келді Димаштың бізбен әңгімесінде. Анасын сағынады ғой. Ал Милена мен Галя бойжетіп қалыпты. Бірі 15-те, енді бірі 16 жаста. Олар бос уақыттарында апайларымен бірге қолөнер бұйымдарын жасайды. Сенбі, жексенбіні екеуі асыға күтіп жүр. Себебі тәрбиешілер қалаға алып шығып, мұз айдынына, мұражайға т.б қоғамдық орындарға алып барады.
Индира Мырзабекқызы, облыстық білім басқармасының кәмелет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығының директоры:
− Ата-ананың ажырасуы бала психологиясына үлкен соққы. Мінездері де өзгереді. Олар отбасында ата-ана мейірімі мен тәрбиенің жоқтығынан бала тентектікке барады. Оның үстіне өмірлері қиын жағдайда болған соң, қорқып та қалған. Таза төсек, жайлы керуетке жата алмай, астына тығылатын балалар да кездеседі. Тәрбиеге көнбейтін бала болмайды. Мектеп мұғалімдерінің баламен жеке көңіл бөліп жұмыс істеуге қазіргі білім бағдарламаларымен мүлде уақыты жоқ. Сосын «қиын бала» деп бізге жібереді. Мұнда олар сабақтан соң бос уақыттарында түрлі үйірмелерге қатысады. Қарапайым ғана жеке бас тазалығын сақтау, әдептілікті сақтау дегенді үйретеміз. Себебі отбасында жағдайлары болмаған.
Қала әкімдігінің кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссия қарауына түскен оқиғалар сан түрлі. Өз баласын анасына қалдырып, басқа отбасыны таңдаған әйелдің баласы нағашыларына сыйламай жатыр. Ал бесінші сыныпта оқитын қыз бала анасы қайтыс болған, әкесі ішімдік ішіп келіп басынан таяқпен ұрып қалыпты. Қашып көршісіне барған. Көршісі ұстазына хабарласқан. Ұстазы қызды нағашы атасына қалдырған. Мұғалім хабарласып, бала сабаққа барды ма десе, атасы әкесіне беріп жібергенін айтады. Қайтыс болған қызының баласына қарай алмайды, бірақ қоғамда белсенді қызмет етіп жүрген адамдар да бар. «Бұл жағдайдың бәрі отбасылық дәстүр, құндылық құрып бара жатқан соң көбейіп отыр» дейді комиссия мүшесі Анар Ізден.
Отбасының құндылығы құрып барады
Орталықтан шыққан соң «Умай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған бейімдеу үйіне атбасын бұрдық. Бұл үйде 41 бүлдіршін бейімделуде. Олардың 40-ы қазақ балалары.
Анар ІЗДЕН, «Умай» мектеп жасына дейінгі балаларға арналған үйінің» құрылтайшысы, қала әкімдігінің кәмілет жасқа толмағандар ісі жөніндегі комиссия мүшесі:
− Соңғы жылдары қоғамда отбасылардың тұрмыстық жағдайы өзгерді. Жанұя жағдайы бола тұра балаларды арнайы бейімдеу орталығына бергісі келетін отбасылар да бар екен. «Балалар шуласа басым ауырады» деп, өздері дәмді тамақ жеп, екі баласына қамқорлық танытқысы келмейтін де ата-аналарды көрдік. Анасы жақсы киініп, кірпік жалғап, қымбат телефон ұстап жүреді. Бірақ баланың арнайы жатын орны, ойыншықтары, сабақ оқитын орны, жейтін артық тамағы болмайды. Мұның бәрі ата-ананың балаға көңіл бөлмейтінін білдіреді. Балаларда аурушаңдық басым. Емханаға барған бала шын мәнінде неден жарақат алды. Мүмкін отбасылық жағдай себеп шығар? Өкінішке орай, зерттеп жатқан ешкім жоқ. Бұрын мен ата-ана мен баланы ажыратпау керек дейтінмін. Қазір жауапсыз ата-анаға баланы сеніп тапсырмауды айтамын. Қоғамдағы бұл қиын жағдайдың барлығы жұбайлардың отбасылық өмірге дайын болмай келуінен туындап отыр. Оның үстіне тойға жұмсалатын қаржыда есеп жоқ. Той шығынын қысқартуды біздің елге де енгізу керек. Жас жұбайлардың өмірі несиемен басталады. Үйленген соң балалы болады. Бірақ не несиесін төлей алмай, не балаға қарай алмай ажырасып жүреді. Баласының мәселесін мемлекет шешіп беруі керек. Бұл ата-анада әлеуметтік жауапкершіліктің жоқтығы.
Түңгі мезгілде заңды өкілінсіз жүрген кәмелет жасқа толмаған балалар «қаңғыбас бала» атанады. Ойын-сауық орындарында, вокзалда жалғыз жүргенін көрсе полиция қызметкерлері олар жазатайым шалыс баспасын деп балалардың ата-анасына хабарласады. Мүлдем баласының қайда жүргенінен бей хабар ата-аналармен кейде байланысуда мүмкін болмайтын көрінеді. Ондай жағдайда баланы кәмілет жасқа толмағандарды бейімдеу орталығына апарады. Тәртіп сақшылары үлкендердің қарауынсыз қалған балалар қылмысқа бармауы үшінтүрлі шаралар ұйымдастыруда. Әйткенмен жылы 4 295жасөспірім құқықбұзушылық жасағаны үшін ұсталған. Жергілікті полиция қызметі бала тәрбиесімен айналыспай, ата-аналық міндеттерін дәлелсіз себептермен орындамаған 15 ата-ананы сот құзырымен ата-аналық құқығынан айырса, 5-еуі ата-аналық құқығынан шектетілген. Жауапсыз ата-аналарға осындай шара көрілуде.
Ғалымжан НАҒЫМЕТОВ, облыстық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы ювиналды полиция тобының ерекше тапсырма жөніндегі аға инспекторы:
−2019 жылдың 12 айында ішкі істер органдарына әр түрлі құқық бұзушылық жасағандары үшін 4295 жасөспірім жеткізілген. сонымен қатар 263 кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына жатқызылса, 94 жасөспірім қылмыс жасады деген күдікпен ұсталды. Сондай-ақ түнгі уақытта заңды өкілісіз тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 3252 кәмелетке толмағандардыңзаңды өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ұлы ақын Абай Құнанбаев «Ата-анаға көз қуаныш» атты өлеңінде «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол. Сүйкімі жоқ құр масыл би, Сүйретіліп өтер сол. Табылмас қайла, Ойбайла, Не пайда?» деп жан айқайын жеткізген екен. Балаларын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» жеткізу үшін күндіз-түні еңбек етіп жүрген ата-аналар да бар. Дүниеге сәби әкелген соң оған жағдай жасап, білім беріп, саналы тәрбиелеп өсіру әрбір ата-ананың міндеті. Жұмыс істеп ақша табуға әке асықпайды. «Көп балалы анамын» деп құзырлы органдардың есігін тоздырып аналар жүр далада, кім қарайды балаға? Мемлекет әлеуметтік жәрдемақы беруде, «шу» шығарып келгендер тыныш болсын деп демеушілер де қарайласуда. Бірақ бала үшін «баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма кірсін» дейтін ананың мейіріміне не жетеді? «Құлыным» деп маңдайдан сыйпайтын әкенің орнын кім толтырады? Бала қанып өсуі тиіс отбасылық құндылықты қайдан іздейді?
Гүлбану МАҚАЖАН
Суретті түсірген: Нұрболат Нұржаубай