Аштық пен тоқтық арасы
«Аштан өлген адамның моласы жоқ». Осы сөздің мағынасын беріге дейін моласы жоқ болса, демек адам аштықтан өлмейді екен деп ойлаппын. Тарихтың зобалаң беттерінде 1932 жылдары аштықтан қынадай қырылған халықты арулап көмген кім бар, серейіп-серейіп қалған оларды бірінің үстіне бірін тақтай қып жинап, ел сыртына төге салған екен ғой. Аштан өлген адамның моласы жоқ дегенде осыны меңзесе керек. Сөз мәнісін білмеген соң, бәлкім нан тепкі қоғамның мастығымен аузы бар адам қалай аштан өледі деп ойлау да оңай.
Карантин жарияланған уақыттан бес күн өтер-өтпес әкімдік алдында «біз ашпыз» деп елді дүрліктірген әйелдердің айқайынан соң біз шынымен ашпыз ба деген сұрақ кәдімгідей ойландырады. Кешегі қарын тойдыратын қанағатты мансұқ етіп, кедей бай болсам, бай құдай болсам дейтін, алақан жаюды ар көрмейтін, жер тепкілеп тамақ талап ететін бүгінгідей жан жүдеулігімізді зұлмат қырғынды суреттеген жазбамен толықтырып көрсек:
«...Аштықтан әлсіреп тұра алмаған шал-кемпір, жас балалар отырған орындарында өлді. Жан ұшырып жүріп кеткендер жолда қырылды. Қара жолдың үсті сұлап жатқан киімшең өлікке толып кетті, бір-бірінің бетін топырақпен жабуға шамалары келген жоқ. «Аштан өлген адамның моласы жоқ», бірінің үстінен бірі аттап өтіп жатты. Қазақстанға Орталықтан Голощекин деген бір сұм келіп еді, жай жатқан елді жайратып, астан-кестен етіп шұбыртып жіберді. Ана салық, мына салық, өзара салықпен мал таусылды. Егін салмаған жұртта астық бола ма?! Белсенділер ертең келіп айдап кетеді деп, әркім жалғыз сиырын сойып тастауды шығарды. Жалшы кедейлер де жалғыз сиырын қасаптап тастайтын болды. Өйткені белсенділер енді жалшыларға ауыз салған болатын. Аштықтың қармағына ертерек ілінгендер түтін шыққан үйді аңдитын болды. Есік ашпағандардың есігін бұзып, терезесін қиратып кіріп, талап жеп кетушілер көбейді.
Қарға, сауысқан, торғайға шейін ештеңе қалған жоқ. Садақпен атып, тұзақпен ұстап, бәрін де құртып жіберді. Қылқұйрық тышқанды да ініне су құйып, ұстап жеп тауысты. Қорадағы ит те бір түнде жоқ боп кететін болды, бірінің итін бірі сойып жеп, көргеніміз жоқ, білгеніміз жоқ деп отыратынды шығарды. Аштық адамгершілікті де тонай бастады.
Еті тірі еркек баласы бар үйлер таудан сым тұзақпен қоян аулап, жуа теріп жеп, аштықты мойындай қоймады. Бірақ бір кеселі түнде бірінің тұзағына бірі түсіп жатқан қоянын бірі ұрлап, арты қырғын төбелеске шауып, ақыры кісі өліміне шейін барды.
Қақпан мен суыр жоқ, оның өсіп-өнген жері ит арқасы қиянда. Оған барып, қақпан құрып қайту жаяу жүрген аш-арықтың қолынан келе бермейді. Суырдың мекеніне бір жетіп алған аш-арықтар көпке дейін қайтпайды, сол жерде жапан түзде жатып аулайды.
Аштық не істетпейді, осы күні кісі баласы түгіл өз баласын жегендер де бар. Ежелден еңбек сүймейтін, аттан түспейтін ұры-қарылар болушы еді ғой, солар кейінгі кезде белсенді болып, өз еліне қасқырдай шауып, жаудай тиіп жүретінді шығарды ғой. Енді бұрынғыдай қазан-қазан асылып жатқан ет жоқ, шара-шара құйылып жатқан сары қымыз да жоқ. Өзі ашқарақ адам аштыққа шыдай ма, бұрынғы тоқты-торымның орнына бала ұрлап, соларды тауға апарып асып жейтін көрінеді.
...бұл алқапта бұрынғыдай ауданнан, облыстан ағылып келіп жатқан өкілдер тыйылды. Толып жатқан көп салықтың атын айтып ала жөнелетін мал да, мүлік те жоқ, ыңырсып жатқан аштардан не аламыз деп келсін. Әлде қорқып келмей ме, әйтеуір осында бір сыр бар. Елдің халін біліңдер, барыңдар дейтін бастық жоқ, несіне келе берсін, оның үстіне қауіпсіз де емес. ...ауыл-ауылды аралап жүрген екі өкілдің екеуі де жоқ болып кетіпті...».
«Шұбырынды қанды босқын» деген тақырыппен жарияланған Халық Сейіткемеловтің жан түршігерлік бұл жазбасы («Әлімсақ», №5(14), 2010) нан қиқымы құбырмен ағып жатқан біздің қоғамға (содан кейін тапқан-таянғанымызда неге береке болмайды деп ренжиміз ғой) тарихтың ащы сабағындай әсер қалдырады.
Аштық жаман, аштықтан қорқу одан да жаман. Азық-түліксіз қалатындай қорқыныш та адамшылыққа көлеңкесін түсірмей қоймайды. Карантинде онлайн оқыдық қой, сонда кей ата-ана телефонмен оқуға мәжбүр болған баласына бірлік салып беруді де ауырсынды. Жай күні өзі үшін салатын 2000 теңгені «мұғалім өзі салсын да, баланы оқыта берсін» дегенге жеткізді. Уатсап арқылы тараған «мен де колбаса жегім келеді, мен де нанға сары май жағып жегім келеді...» деп уәж айтқан шешенің аудиожазбасы кешегі қара нан мен қара су ішіп отырсам да балам оқысын дейтін аналық тілектің адыра қалғанын аңдатқандай. Аштықтан да жаманы осы. Баланың ертеңіне бас ауыртпастан беймәлім шыңыруға итере салу – бәлкім баланы тірілей жеген біздің рухани аштығымыздың шегі шығар. Тиынның сылдыры қаттырақ естілетін қоғамнан бұдан басқа не күтуге болады?!
P.S. «...Жол үсті босып шұбырып бара жатқан аш-арық. Кейбіреулері жүріп келе жатқан бетінде құлап, үйелеп қалған малдай тұра алмай жатыр. Кейбіреудері шамасы келгенше айқайлап, тастап кетіп бара жатқандарды шақырады. Бірақ оған ешкім қайырылмайды...».
Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ